Маңызды

Кешегі аптаның қасиетті жұмасы Қордайда қайырымды өтпеді. Қордай ауданының Масаншы ауылында қазақтар мен дүнгендер арасында жанжал орын алды. Тұрмыстық кикілжің деп сипатталған бұл оқиғада адам шығыны орын алған. Соңғы мәлімет көздеріне сүйенсек, барлығы 10 адам қаза тауып, тағы 178 адам зардап шеккен. Дәрігерлік көмекке 141 адам жүгінген. Олардың 19-ы полиция қызметкері. Бұдан бөлек, 36 үй, 11 коммерциялық нысанның сау-тамтығы қалмай бұзылған.

Сондай-ақ, 44 көлік өртеніп, айдауға жарамсыз күйге түскен. Жанжал орын алғаннан бастап, оқиғаны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл түрде өз бақылауына алған. Соған сәйкес, Үкімет комиссиясы құрылды. Сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Үкімет комиссияның төрағасы болады. Бірер күннен соң ол Жамбыл облысы әкімі болып тағайындалады. Сейсенбіде Премьер-Министр Асқар Мамин Бердібек Мәшбекұлының Қордайдағы жанжал бойынша құрылған комиссия төрағасы болып қала беретінін нақтылады.
Комиссия құрамына бірқатар министрлік пен Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті сынды өзге де жауапты мекеме өкілдері де енген. Қазіргі таңда олар кикілжің болған Қордайдағы бес ауылда, атап айтқанда Масаншы, Қаракемер, Ауқатты, Сортөбе, Қарасуда бітімгерлік жағдайды қамтамасыз ету шараларына қатысумен қатар, жанжалдан қаза болғандардың шаңырағына барып, отбасына көңіл айтқанын да айта кетейік.
Аптаның алғашқы күні вице-министр-Қаржы министрі Әлихан Смайылов қақтығыстан зардап шеккендерге залал орнын толтыру үшін Үкімет резерві және жергілікті бюджеттен қаржы қаралатынын мәлімдеді. Сонымен қатар ол, жалпы шығын көлемін оқиға орнына барған Үкімет комиссиясы есептеп жатқанын, оның көлемі әлі нақтыланбағанын айтты.

Оқиға қалай және неден болған?

Қордайдағы қақтығыстың себебі нақты неден болғаны туралы ресми мәлімет жоқ. Отандық БАҚ пен әлеуметтік желі бұл оқиғаның себебін 80-жастағы әкесін ауруханаға апара жатқан ағайынды екі азаматты жолда дүнген этносы өкілдерінің тоқтатып, оларды тепкінің астына алуымен басталғанымен байланыстырады. Бұған айғақ ретінде сол ақсақалдың ұлы Нұрлан Құдашбаевтың теледидарға берген мәлімдемесін көрсетеді. Онда Н. Құдашбаев «Жолда бізді тоқтатты. Содан соң қолымды көтеріп, «не болды?» деген ишара танытқаным сол еді, өзіме қарай жуан жұдырықтарын ала жүгірді. Әкемді теуіп, ағамның басын жарды»,- деген. Содан соң ол оқиға орнына бірнеше азаматтардың келіп, соңы төбелеске ұласып кеткенін айтады. Оқиға орнына полицейлер шақырылған. Бірақ дүнген этносының өкілдері құзырлы орган өкілдеріне де қарсылық көрсеткенін баяндайды.
Бұл жағдайды еліміздің Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиді «Тұрғындар жолды бөлісе алмаған. 3 адам бір көлікте кетіп бара жатқан. Тағы үш адам жүк көлігінде отырған. Кейіннен қос тарап жолды бөлісе алмаған. Кейіннен сөзге келіп, оқиға орнында бір біріне қол көтерген» деп келтіреді.
Құзырлы орган өкілі оқиғаның 5-ақпанда болғанын алға тартады.
Бірақ бес-алты адам арасындағы текетірес осымен түгесілмейді. Қордайдағы жағдай бойынша Үкімет жанынан құрылған комиссия құрамында Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл да бар. Ауғанстандағы ұрыс-қимылдарына қатысқан ардагер әрі депутат әкелерін ауруханаға апара жатқан екі ағайындыға араша түскен полицейлерге қарсылық жасап, жағдайды ушықтырып, төбелес шығаруға себепкер болған тентектің қолына кісен салынып, қамалғаннан кейін оқиғаның қалай шиеленісе түскені туралы «… Жолдағы бұл жанжалдан кейін тәртіп сақшылары сақтық шараларына кіріседі. Күдік тудырған көліктерді тоқтатып, жүргізушілер құжатын тексереді. Тоқтатылған автокөлік жүргізушісінің бірінің құжаттары жоқ болып шығады. Жүргізуші құжатының үйде қалғанын айтады. Содан соң полицей оған ізгілік танытып, үйіне бірге еріп баруды ұсынады. Бұған жүргізуші ашуланып, боқтап, көлігімен қаша жөнеледі. Полицейлер де оның соңынан қуып, дұнған ауылындағы аулаға дейін індетіп кіреді. Телефонмен ескертіп қойса керек, үйден қашқынның туыс-жолдастары қаптап шығып, полицейлерге жабылған. Және ұрып, тепкілеп жатқанын өздері видеоға түсіріп әлеуметтік желіге салады»,- деп бүкпесіз баяндайды. Желіге салынған видео талай жұртты ашуға булықтырып, олардың бас көтеруіне себеп болады.
Бірер күнде нақтырағы, 7-ақпанда Қордайда қазақтар мен дүнгендер арасында жанжал күшейіп, жағдай күрделене түскен.
Кешке басталған бұл жанжалдан Масаншы ауылында түні бойы тыныш орнамаған. Таң ала кеуімде ғана тәртіпсіздік тиылғандай болғанмен, зәре құты қашқан дүнген этносы Қырғызстаннан пана іздеуге бет алған. Көрші елдегі жақын-жуығының үйін жағалауға бел буғандардың басым көпшілігі әйелдер мен балалар болған. Бірер күнде кеден бекетінен мыңдаған адам өткен. Сейсенбідегі Үкімет отырысында өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлы Қордайға Қырғызстанға өтіп кеткен 8 мыңға жуық азаматтың қайтарылғанын хабарлады.
Осы оқиға орын алған алғашқы күні құзырлы орган 47 адамның ұсталғаны туралы ақпарат таратты. Кейіннен олардың барлығы босатылғаны жазылды. Сондай-ақ, ресми мәлімдемеде осы оқиғаға байланысты 25-тен аса қылмыстық іс қозғалғаны туралы да айтылуда. Бірақ қазір нақты қанша адамның қамауда отырғаны туралы дерек айтылып жатқан жоқ. Тиісті орган тергеу мүддесі үшін әзірге ақпараттар жарияланбайтынын алға тартады.
Бірақ кеше ҚР Бас прокуратурасы Қордайдағы қақтығыс туралы әлеуметтік желі арқылы арандатуға жол беретін жарияланымдармен бөлісіп, зорлық-зомбылық жасауға шақырған үш азаматтардың жеке бастарын анықтап, оларды тергеп, тексеріп жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар, Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев азаматтарға шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпау және арандатушылыққа берілмеу туралы үндеу жасады.
Қазақтар мен дүнгендердің арасындағы жанжалға байланысты осы аптаның басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес бірқатар лауазымды басшылар орнынан алынды. Олар Жамбыл облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары, Қордай ауданының әкімі, Жамбыл облысы ІІД-нің бастығы мен Қордай ауданы полиция бөлімінің бастығы.

Сол күні Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов өз өтінішімен қызметінен кетті. Ашық ақпарат көздерінде ол қызметтен кетуін «Өкінішке орай, Қордай ауданында ауыр қайғылы жағдай орын алып, бірнеше азамат қаза болып, 170-тен астам адам жарақаттанды. Бұл тек жамбылдықтар үшін ғана емес, барша еліміз үшін оңай тимеді. Осы тұрғыда мен облыс әкімі ретінде жұмысты жалғастыруым моральдік тұрғыда ауыр деп есептедім. Сондықтан да Президентке өз еркіммен отставкаға кету туралы өтініш жаздым. Шешімімді қабылдаған мемлекет басшысына рақмет»,- деп түсіндірген.
Ақпарат көздерінде Қордай ауданындағы жағдайдың тұрақталып, бейбіт орнауына бағытталған шараларға ауылдық ардагерлер кеңесі мен дүнген этносы өкілдерінің ақсақалдары жұмылғаны айтылуда.
Қордайдағы оқиға бойынша желіде ауыл тұрғындарымен кездесіп жатқан комиссия мүшелеріне «Осыдан бірнеше жыл бұрын дүнгендіктер мектеп қабырғасын енді бітіріп жатқан қазақ қызын зорлады. Содан соң оны өлтіріп, денесін өртеді. Жазықтылар жазаланбады. Қайғыдан қан жұтқан әкесінің жүрегі тоқтап, қайтыс болды. Бұл қазақ ұлтына жасалған мазақ. Жергілікті жұрт кезекті рет ұйымдастырылған көкпар ойыны кезінде дүнген азаматы 70 жасқа келген қазақты арматурамен басынан ұрған. Салдарынан ол есінен айрылды. Сол кезде де дүнгенге айып тағылмады. Мұндай мысалдар жетерлік. Бірақ дүнгендіктер жазаланбаған»,- деп ашынған ақсақалдың жанайқайы таралды.
Осыдан Қордайдағы жанжалға бір-екі күнде болған жағдай себеп емес екені айқын аңғарылады. Жандалдың түпкі себебі жергілікті билік пен құзырлы орган өкілдерінің ел тыныштығын күзеп, тәртіпсіздерді түзеу жолындағы жұмыстарында шикіліктің болуынан екенін болжау қиын емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиісті органға салаға жауапты басшыларды орнынан алуы соған анық көз жеткізгендігінің дәлелі болса керек.
Осы оқиғаға байланысты көптеген сарапшы пікірлері мен саясаттанушылардың болжамының астарынан дүнген мен қазақ арасындағы жанжалдың салдары құзырлы орган өкілдерінің бүтін халықтың емес, белгілі бір топтың мүддесі үшін еңбек етіп келгендігінен деген шындық сайрап жатыр. Мәселен, саясаттанушы Ерлан Сайыров осы оқиғаның себебін «Бұл шекаралы аумақта 10-15 жылдан бері орын алып келе жатқан заңсыздықтарды алдын алмағандықтың салдары. Қайғылы жағдайдың басты себебі Қазақстан заңдарының нормаға сай орындалмауынан болып отыр. Заң тәртібінің жалпыға бірдей ортақ болмауы көптің ашу-ызасын тудырды» деп түсіндіреді.
Ал Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан болса, «Қордайдағы ардагерлердің қоғамда түсіндіру жұмыстарын өз деңгейінде жүргізбеуінен болып отырған жағдай бұл. Сол жердегі ел ағалары «шаңыраққа қара» дегенді агрессиясыз насихаттап, әдемі жеткізу қажет еді» деп топшылайды.
Ал депутат Геннадий Шиповских Қордайда төтенше жағдай режиміне апарған бұл жанжал теріс ниетті күштердің жақсылап жұмыс істеуінің «жемісі» деп болжайды. Сондықтан да ол радикалды ұйымдарды жоюға байланысты жұмысқа мән беру керек екенін алға тартады.
Бұл пікірлер Қордайдағы жанжалдың себебін ғана емес, оның салдарымен қалай күресу қажеттігі жөнінде бағыт беріп тұр емес пе?
Қазіргі таңда Қордайдағы жағдай тұрақты. Мектептер жұмысын жалғастырып, балалар дәріске баруда. Сонымен қатар зардап шеккендерге әлеуметтік-гуманитарлық көмек беру, тұрғындармен кездесу, түсіндіру шаралары жүргізілуде.
Қордайдағы қақтығыс бойынша 9-ақпанда төтенше жағдай режимі жарияланған болатын. Бірер күн бұрын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аудандағы жағдайды тұрақты деп атады. Бірақ аумақта төтенше жағдай режимі алынған жоқ.
Қордайда ахуал тұрақтанғанмен, ондағы ахуалдың күрделі екенін көп адам сезіп, біліп отыр. Билік өкілдері оқиға қатысты ащы шындықтарды барынша бүкпелеп отырғаны да белгілі. Бірақ «ауруын жасырғанның өлетінін» жақсы білетін депутат Бақытбек Смағұл Қордайдағы жанжалға себепкер болған біраз жайттың бетін ашып көрсеткен жазба жариялады. Назарларыңызға сол жазбаның ықшамдалған нұсқасын ұсынуды жөн санадық.
«Қордайда жолдардың сапасы сын көтермейді. Басты жол Масаншы ауылының орталық көшесі арқылы өтеді. Көшенің екі жағына үйлер жақын орналасқан. Адамдар әр үйдің алдына көліктерін қояды. Жолда кесе-көлденең қойылған сол көліктер жол қозғалысы кезінде үлкен ыңғайсыздық тудырады. Кикілжіңнің тууының бір себебі де жолға қатысты қақтығыстар.
Дұңғандар көлігімен келе жатса, қазақтың көлігіне жол беруін талап ететін көрінеді. Яғни күре жолды дұңғандықтар өз меншігіндей көретін ерсі пиғыл қалыптасқан.
Ал қара жол баршаның ортақ игілігіне айналуға тиіс.
Дұңған этносының бірде бірі әскерге бармайды. Елге қорған болмай, қорлаушы болса, торда отырсын.
Дұңғандарда тәрбиенің басым бөлігі мешітте беріледі. Ал оның басты уағызшысын Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы сайламайды.
Дұңған тілінде уағыз айтылып жатады. Ол не айтып жатыр? Бәлкім, бізге қарсы үгіт жүргізіп жатқан болар?!
Дұңғандар тек Құранды ғана емес, қоғамды сыйлай білуі шарт.
Дұңғандар жинақы әрі жеке тұрады, араларына өзге этностарды көп жібере қоймайды. Бірақ біз қазақ елінде біреудің отау ішінен отау тігуіне жол бере алмаймыз.
Олар мемлекеттік тілді білуі, салтын сыйлауы шарт. Салтымызды сыйламаса, халқымызды балағаттаса, қартымызды тепкілеп жатса, оған қалай бей-жай қарап отырамыз? Осыған байланысты қойылуға және орындалуға тиісті талаптардың барлығын айттық. Бұл бағытта да үлкен жұмыс істелуі қажет.
Дұңғандардың қазақ еліне үдере көшіп келгеніне бір жарым ғасырдай уақыт өтіпті. Алайда іргедегі қазақтармен аралас-құраластығы үзілген. Екі ортада көпір тұр. Пайдаланбайды. Бұл мәселелердің барлығы өткен ғасырдан бері қордаланған. Енді оны тәуелсіздік аясында толық шешу аса маңызды.
Дұңғандар әз-Наурыз секілді ұлттық мерекелерімізді тойламайды. Олар үшін бұл жат. Әкімдіктің ішкі саясат бөлімі «ұрпағы көз үйретсін» деп Ұлыстың ұлы күнін атап өтуді талап етеді. Бірақ бұлар ондай мерекеге шақырғанға келмейді. Тек Ораза мен Құрбан айтты ғана мейрам санайды.
«Ауқатты» ауылдық округінің білім ордасында 1,5 мың оқушы оқиды. Соның 1300-і – дұңған, ал 200-і – қазақ балалары. Мектеп директорымен сөйлескенімде көпшіліктің азшылыққа әлімжеттік жасайтынын, мұғалімнің тілін алмайтынын айтты.
Сортөбе ауылдық округіндегі 24 мың халықтың басым көпшілігі, яғни 23 мыңы – дұңған. Біразының үйінде қару-жарақ бар деген мәлімет айтылды. Неге қазақтардан тәркіленген қару олардан тәркіленбейді? Олар қаруды заңды алған ба, әлде заңсыз жолмен иеленген бе? Міне, осы салада да жұмыстар қолға алынуы керек».

С. ИБРАГИМОВА.

P.S.Үкімет жанынан құрылған комиссия мүшесі Бақытбек Смағұлдың бұл жазбасы арқылы Қордайда іріңді жарадай шегі жеткен мәселелердің көптігін көрсетіп тұр. Ең сорақысы дүнгендіктердің осылай «өре түрегелетін» әрекеттерге әбден еті үйренген халге тап болуына биліктің мүмкіндік беріп қойғаны болып тұр…

ҚР Премьер-Министрі, Асқар МАМИН:

Былтыр «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев қазақ руханиятының ошағы болып саналатын Семей қаласына республикалық деңгейдегі қала статусын беру туралы Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдаған болатын.

Өз кезегінде ол мұндай ұсынысты республикалық маңызы бар қалалар қатарына халқының саны 1 миллион адамнан асатын елді мекендер немесе ерекше мемлекеттік маңызы бар қалалар жататыны туралы ҚР Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы Заңының үшінші бабына сүйене отырып жеткізген.
Осы аптада Үкімет басшысы Асқар Мамин депутат сауалына жауап берді. Жауаптың қысқаша мазмұны төмендегідей.
Семей қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру елеулі бюджет шығындарын талап етеді. Себебі республикалық қала мәртебесін алған аймақта қала әкімінің, қалалық мәслихат аппараттарын, қала басқармаларын, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерін құру және ұстау, құрылатын мемлекеттік органдарды жабдықтау жұмыстары жүруі тиіс. Бұған қоса мемлекеттік ұйымдардың, мекемелердің және кәсіпорындардың филиалдарын құру қажет болады. Ал бұл көп қаржыны талап етеді. Ақшаны мұндай ұйымдастыру жұмыстарына жұмсағаннан гөрі қаланың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауға, елді мекендерді абаттандыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға жұмсау анағұрлым тиімді. Бұл қаланың дамуына серпін береді.
Осындай мазмұнмен өрілген жауап мәтінін Үкімет басшысы Асқар Мамин «Жоғарыда айтылғандардың негізінде бүгінгі күні Семей қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беруді мезгілсіз деп санаймыз» деп қорытады.

Ертең Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев былтыр атқарған жұмыстары бойынша халыққа есеп береді. Есеп жиынына шақталған уақыт өлшемінде тұрғындардың барлығы дерлік әкімге талап-тілектерін жеткізуге мүмкіндік алмайтыны белгілі. Соған орай өңірде әкімнің есеп алдындағы облыс тұрғындарын жеке қабылдауы шарасы өтуде.

Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің 12-ақпандағы таратқан дерегінде жеке қабылдауға аудан, қалалардан барлығы 100-ге жуық адам жиналғаны мәлімделген. Сонымен қатар тұрғындардың әкімге әлеуметтік, кәсіпкерлік, тұрғын үй мәселелері төңірегінде өтініш-тілектерін жеткізгенін жазған. Сондай-ақ, қабылдауға келгендердің арасында жеке басына қатысты мұң-мұқтажын айтқандар да, халыққа ортақ мәселені көлденең тартқандар да бар екені айтылған.
Мәселен, Сайрам ауданынан келген тұрғын Манкентте жастарды теріс жолға түсіретін ойын автоматтарының қаптағанына алаңдаушылық білдіріп, ол жерде спорт және өзге де орталықтарды ашуға көмек беруді өтінген. Ал Бәйдібек ауданынан келген бірнеше азамат жайылым жер мәселесін шешіп, ауданға күндізгі стационар салуды сұраған.
Есеп алды облыс трғындарын жеке қабылдау шарасын облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен қатар, оның орынбасарлары Сәкен Қалқаманов пен Ұлан Тәжібаевта жүргізген.
Әкімдіктің баспасөз қызметі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қабылдауға келген 100-ге жуық азаматтың өтініш-тілектерінің басым бөлігі сол мезетте-ақ шешімін тапқанын мәлімдейді. Бірақ оған «Облыс басшысы заң аясында жауап беріп, аудан, қала әкімдері мен тиісті басқарма басшыларына әлеуметтік мәселелердің түйінін шешуді тапсырды. Халық үні тыңдаусыз қалмады. Жүзге жуық азамат көкейінде жүрген өзекті мәселенің шешімін тапқаны үшін аймақ басшысына алғыстарын білдірді» деген сөзден бөлек, нақты мысалдар келтірмейді.

«Уақыт-ақпарат».

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының штаттық құрамы 2017 жылдан 2019 жылға дейінгі аралықта 25 пайызға немесе 567 адамға азайған. Ал былтыр қордағы қызметкерлер саны 1981 адамнан 1740 адамға немесе 12,2 пайызға дейін кеміген. Тиісінше еңбекақы төлеу шығындары 2016 жылмен салыстырғанда 13,2 пайызға төмендеген.
Бұл санайғақтарды қордың баспасөз қызметі таратты.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының штаттық құрамы мен еңбекақы төлеу қорын елеулі түрде қысқартуға бизнес-үдерістерді оңтайландыру, автоматтандыру және электрондық қызметтерге өту (қызметтердің 80 пайыздан астамы электрондық үлгіде көрсетіледі), операциялық бөлімшелерді қысқарту және қызметкерлердің тиімділігін арттыру арқасында қол жеткізді. Бұл үрдіс цифрлық қызметтердің одан әрі дамуын ескере отырып, әрі қарай жалғасатын болады.
А. САТЫБАЛДЫ.

Сарыағаш ауданындағы «Атамекен», «Қапланбек», «Қазығұрт» пен «Қонысбаев» кеден бекеттерінде заңсыз ақша айырбастау, ретсіз сауда, көші- қон бойынша көлеңкелі жәйттердің болуы мен ретсіз жолаушы тасымалы белең алып барады. Өкініштісі бұл мәселенің өзегін тарқату өткен жылы құзырлы органға тапсырылған болатын. Бірақ бұл тапсырмалар әлі күнге дейін орындалмаған.
Шекаралы аудандағы бұл шикілік туралы Түркістан облысының прокуратурасы жанындағы заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысында тарқатылып айтылды. Кеңес отырысы Сарыағаш ауданында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтың төрағалығымен өткізілді.
Онда облыс прокурорының орынбасары Артықбек Пашаев баяндама жасады. Оның сөзінше күнгейде алаяқтық, пәтер ұрлығы, тонау, қарақшылық пен есірткі затының заңсыз айналымына байланысты қылмыстар өскен. Прокурор бұл жөніндегі статистикалық мәліметтер құзырлы органдардың қылмыс пен құқық бұзушылықты алдын алу бойынша жүргізілген жұмыстарының тиімсіз болғандығын айқын аңғартатынын атап өтеді.
Сонымен қатар ол, кеден айналасында қандай заңсыз істердің тыйылмай жатқанын тілге тиек етеді. Былтыр кеден бекеттерінде көші-қон саласы бойынша адамдардың жалған карточкаларды пайдалану дерегі артқан. Шекара қызметі өткен жылы мұндай заңбұзушылықтың 249 фактісін тіркеген. Ал 2018 жылы бұл көрсеткіш 62-ні құраған. Бекеттерден өтіп жатқан жүк көліктерінің тексерілуі де талапқа сай жүргізілмейді. Салдарынан шекара сызығынан өткен жүк көліктері сыйымдылығы 1000-1500 литрды құрайтын қайта жабдықталған бактарына ел аумағынан жанар-жағармай толтырып кетеді. Бұл жүк көліктеріндегі бактардың зауытта шығарылған нұсқасындағы стандарт көлемінен бірнеше есеге көп. Өзбекстаннан келетін жүк көліктерінің мұндай қитұрқылыққа баруы, аталған елде жанар-жағармай бағасының Қазақстанмен салыстырғанда 50 теңгеге қымбатқа сатылуы себеп болып табылады. Нәтижесінде науқан кезінде шекаралы аудандағы бекеттерде жанар-жағармай тапшылығы сезіліп, ол даулы мәселеге айналуда.
Қадағалушы орган өкілдері кеден бекеттерінде валюта айырбастау пункттерінің жұмыс істеуі заң талаптарына сәйкес емес екенін мәлімдеді. Сондай-ақ олар, кеден бекеттері маңында орналасқан автотұрақтардың жағдайы да сын көтермейтінін сөз назарға алады. Жиында жолаушыларды күнделікті тасымалдайтын автобекеттердегі көліктердің техникалық талаптарды қадағаламайтыны да ортаға салынды.
P.S. Қадағалаушы орган таратқан деректерде осы жиын барысында құзырлы орган өкілдеріне қатаң нұсқаулар беріліп, заңсыздықтарды жою қадап айтылғаны мәлімделген. Прокуратура органы таратқан бұл деректерде кеден бекеті төңірегіндегі заңсыздықтарды жыл бойына батыл түрде жасап келгендерге жол бергендердің кім екенін бағамдау қиын емес. Және де құзырлы орган мен лауазымды тұлғалардың қоғамның емес, қарақан басының қамын күйттегендерге «жылымық» орнатуының астарында «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің аңқып тұрғаны анық сезіліп тұр. Ал онымен күрес жүргізуде ескерту айтып, нұсқаулар беру нәтижелі бола бермейтіні сөзсіз.

Еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2019 жылдың басынан бастап ұйымдастырылған «Жусан» операциясының төрт кезеңін қорытындылады.

Сириядан Қазақстан азаматтарын қайтаруды көздеген операцияның нәтижесінде 600-ге жуық ел тұрғындары Қазақстанға қайтарылған. Оның 400-ден астамы бала. Комитет буыны бекіп, бұғанасы қатаймай жатып, жолынан жаңылған ата-ананың қателігінен тағдыр тауқыметін тартқан сол балалардың 32-сі жетім екенін анықтаған.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Youtube парақшасында көрсетілген дерекке сәйкес, «Жусан» операциясының бірінші кезеңінде 47, екінші кезеңінде 231, үшінші кезеңінде 246, төртінші кезеңінде 71 адам елге жеткізілгені көрсетіледі. Осылайша, жалпы Сириядан қайтарылғандар саны – 595 азаматты құраған. Оның 33-і ер, 156-сы әйел, 406-сы бала болып табылады.
Комитет елге қайтарылғандар барлық әйел мен бала оңалту және бейімдеу курсынан өткенін мәлімдейді. Ал террористік ұйымдардың әрекетіне қатысқаны үшін 31 ер адам мен 12 әйел сотталған. Тағы 14 адам тергелу үстінде.

Қазіргі таңда елімізде ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдардың жабылғаны туралы дауылды ескертулердің дер кезінде хабарлануы дұрыс жолға қойылған. Бұл үшін тіпті арнайы қосымшалар да бар.

Бірақ көптеген жүргізушілер мамандардың айтқан ескертулеріне қарамастан, жолға шығудан тайсалмайды. Осындай олқылықтарды болдырмас үшін еліміздің ішкі істер министрлігі ауа райының қолайсыздығына байланысты трассаларда көлік қозғалысының тоқтатылғаны туралы ескертулерге қарамастан жолға шығатын жүргізушілерге айыппұл салу туралы шара көруді қарастыруда.
Бұл туралы мәліметті ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер айтты. Төрағаның сөзінше жолдардың жабылғанына қарамастан жолға шыққан жүргізушілерге айыппұл салу шарасын әкімшілік жауапкершілік кодексіне енгізу ұсынылып отырған көрінеді.
Еске сала кетсек, өткен айда елімізде бірқатар трассалар жабылғанына қарамастан, азаматтар сапарға шығып, қар құрсауында қалып қойған болатын. Олар құтқару қызметі бойынша жұмылдырылған мамандардың арқасында аман қалған.
Жалпы қалың қар мен тұманды ауа райына байланысты жолдардың жабылғаны туралы ескертулерге қарамастан сапарға шығатын азаматтарға айыппұл салу туралы осыдан біршама уақыт бұрын қазіргі Мәжілістің вице-спикері Владимир Божко еліміздің Төтенше жағдай министрі қызметін атқарып жүрген кезде көтерген болатын. Бірақ ол сол күйінде бастама күйінде қалған-тын.

Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққандардың саны жыл сайын көбейіп келеді. Былтыр елімізде 36 345 адам обыр дертіне шалдыққан. Олардың 27%-ы І-сатыдағы науқастар. Ал диспансерлік есепте тұрғандар саны 180 мыңға жуықтайды. Қатерлі ісік дертіне шалдыққан науқастар саны өзге өңірлермен салыстырғанда Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облыстары мен Алматы қаласында көп тіркеледі.

Алматы қаласында 4-ақпан Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күніне орай өткен конференция барысында Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің бас онкологы, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Диляра Қайдарова осындай мәлімет келтірді.
Оның айтуынша қазіргі таңда Қазақстанда онкологиялық аурулардың ерте анықтау диагностикасы дамыған. Сонымен қатар жыл сайын науқастардың саны арта тусумен қатар, тиісті ем-домның арқасында өмірлерін 5 жыл немесе одан да көп уақытқа ұзартып жатқандардың да қатары өскен.
Бас онколог «Қазір Қазақстанда онкологиялық скринингтің 3 түрінен тегін өтуге болады: 40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер сүт безі обырына, 50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер колоректалды обырға тексеріле алады. Сондай-ақ, 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдерге арналған жатыр мойны обырына скрининг жасалады. Аталған үш скрининг емханаларда тегін жүргізіледі», — деді.
Қазақстанда қатерлі ісіктің ең көп таралған түрі өкпе обыры болып тұр. Дәрігерлер өкпе обырының пайда болуына темекі мен экологиялық жағдай, дәлірегі көмір жағу арқылы шығатын түтіндер кері әсерін тигізетінін айтады. Қатерлі дертке шалдыққан қазақстандықтардың көпшілігі осы өкпе обырынан көз жұмады екен. Екінші орында асқазан, үшінші орында сүт безі қатерлі ісігі болып тұр.
Тек Қазақстанда емес, әлемде де қатерлі ісіктің ең көп таралған түрі – өкпе обыры. Осыған орай Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен жер жерлерде өкпе обырына скрининг жүргізіле бастады. Еліміздің бас онкологы Диляра Қайдарова Қазақстанда өкпе обырына скрининг жүргізу процесі қазіргі таңда Павлодар, Қостанай, Өскемен қалаларында өткізіліп жатқанын мәлімдеді. Ол бұл қалалардың таңдалынып алынуын сол қалаларда өкпе обыры көп таралғандығымен түсіндірді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мұғалім мен дәрігер қағазбастылықты қойсын. Мұғалім баланы оқытсын, дәрігер ауруды емдесін» деп баса айтқан болатын. Арада қанша жыл өтсе де, ол әлі күнге дейін өзектілігін жоймай келеді.

Жуырда ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2019 жылы атқарған жұмысы мен 2020 жылға белгіленген міндеттер туралы кеңейтілген отырысы өтті. Сол кезде сала министрі Асхат Аймағамбетов бұл мәселеге қашан нүкте қойылатынын айтып берді. Өз кезегінде ол арнайы бұйрық әзірленіп жатқанын, онда ұстаздар толтыруы тиіс құжаттардың нақты тізімі көрсетілгенін айта келе, «Тек тізімде көрсетілген құжаттар ғана толтырылуы тиіс. Қалғаны ұстаздардан талап етілмеуі керек. Осындай бұйрықтар мен заңнама дайын болғаннан кейін, заңда көрсетілген барлық талаптар жүзеге асатын болады. Бұл өте ауқымды жұмыс, дегенмен орындалады деп ойлаймын»,-деді Асхат Аймағамбетов.

Кешегі аптада ел алдына шығып, есіп берген басшылардың бірі Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев болды. Төлеген Телғараев әкімдік қызметін өз деңгейінде алып жүрген кадрлардың бірі. Ол бұл қызметке 2016 жылдың сәуір айында тағайындалған. Сол кезде аймақ басшысы тау баурайындағы Қазығұртпен қатар, Ордабасы ауданының да әкімін жаңартқан еді.
Дәл сол айда Ордабасы тұтқасы Алмасбек Мамытбековке сеніп тапсырылған-тын. Содан бергі төрт жыл ішінде Ордабасы ауданының әкімі төрт рет ауысты. Атап айтқанда, 2017 жылдың тамызында бұл қызметке Рашид Қайыпжанов келді. 2018 жылдың шілдесінде ол қызметінен алынды. Содан соң Ғалымжан Үсенбаев аудан әкімі міндетін уақытша атқарушы болып жүрді. 2019 жылдың басында аудан тізгіні Қайрат Жолдыбайға берілген. Көп ұзамай, дәлірегі, сол жылдың шілдесінде Әліпбек Өсербаев аудан әкімі болып тағайындалды. Бұл салыстырмалы көрсеткішті тілге тиек ету арқылы біз Төлеген Телғараевтың төрт жыл бойына тапжылмай отыруы аудан халқының сеніміне ие болғандығының нақты нышаны деп түсінгенімізді айта кеткенді жөн санап отырмыз.
Аудан әкімінің бір жылда атқарылған жұмысы қалай сараланды? Қандай мәселелер екшелді? Алда қандай бағыттарға басымдық беріліп отыр? Осы жөнінде аз-кем ақпар бере кетсек.
Былтыр ауданның әлеуметтік экономикалық көрсеткіші табысты болды. Ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 130 782,1 млн. теңгеге орындалған. Аумаққа тартылған инвестиция көлемі 19 851,1 млн. теңгені құраған. 2019 жылға аудан бюджетінің жалпы көлемі 22 709,1 млн. теңгеге бекітіліп, бюджетті нақтылау барысында 5 680,1 млн. теңгеге артып, жылдық жоспар 28 389,2 млн. теңге болған. Жергілікті түсім 1 746,7 млн. теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіштердің барлығы 2018 жылмен салыстырғанда бірнеше есеге көбейген.
Өнеркәсіп саласында да өсу бар. Ауданның индустриялық аймағында 5 жоба орналастырылған. Соның бірі «CG Foods Central Asia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Былтыр аталған серіктестіктің «Тез әзірленетін тағамдар» өндірісі қайта жаңғыртудан өткен. Нәтижесінде зауыт қарқыны артып қана қоймай, онда тез әзірленетін «Қазан» және «Wai-Wai» маркалы кеспе өнімінің 10 түрін шығару ісі жолға қойылған. Жалпы ауданда түтіні түзу шығып тұрған 19 кәсіпорын бар. Былтыр бұл өндіріс орындарында барлығы 7 840,3 млн. теңгенің өнімі өндірілген.
Аудан экономикасының басты тірегі ауылшаруашылық саласы. Былтыр Қазығұрттағы ауыл шаруашылық саласының жалпы өнім көлемі 38743,5 млн. теңгеге орындалған. 2018 жылы аудандағы егіс көлемі 83 983,1 гектарды құраған болса, 2019 жылы оның аумағы 84 526,8 гектарға дейін ұлғайған. Алқаптан түскен ризық көлемі де көңіл тоғайтарлық. Атап айтқанда, дәндік жүгеріден 2167,9 тонна, көкөністен 12 672,7 тонна, бақшадан 3619,6 тонна, ақтүйнектен 8070 тонна өнім жиналды. Ал масақты дақылдардан 105 510,4 тонна өнім алынған. Бидайдың орташа өнімділігі 24,5 центнерді құраған. Ауданнан экспортталған тауарлар көлемі де алдыңғы жылмен салыстырғанда 17,8 пайызға көбейген. Ауданда өндірілген көкөніс, бақша дақылдары еліміздің барлық облыстарына жөнелтіліп қана қоймай, көрші елдерге де саудаланған. Яғни, 2019 жылы Қазығұрт ауданынан Өзбекстан Республикасына 4080 тонна бидай, 805 тонна ет, Қытай Халық Республикасына 500 тонна өсімдік майы, Ресей мемлекетіне 25 тонна лимон, 22 тонна шұжық өнімдері экспортталған. Бұл көрсеткіштерді көбейту алға қойған негізгі міндеттердің бірі. Оған қол жеткізу жолында шешімін күтіп отырған мәселелер бар. Олар игерілмей жатқан жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару арқылы, егістік алқабын ұлғайту, тамшылатып суғару әдісін кеңінен қолдану, жылыжай, қарқынды бау аумағын көбейту мен мал басын асылдандыру болып табылады.
Коммуналдық сала бойынша да жоспарлы міндеттер жетерлік. Соның бірі ауыз су мәселесі. Қазіргі таңда ауданда 64 елді мекен бар болса, соның 48-не құбыр суы тартылған. 2021 жылға қарай аудан халқының 95,3 пайызын табиғи газбен қамту көзделіп отыр. Электр жүйелерін жаңарту бойынша атқарылған жұмыс ауқымы жетерлік. Былтыр аудан көлеміндегі елді мекендерде 45,57 шақырым ескі электр желісі жаңартылды. Барлығы 1067 дана электр бағаналары мен 12 дана трансформатор ауыстырылды. Мұндай жұмыстар осы жылы да жалғасын табатын болады.