Маңызды

Мақтаарал ауданы Жаңажол ауылдық округіне қарасты А.Фердауси атындағы жалпы орта мектепте «Спорт бізді біріктіреді!» атты кіші футболдан достық турнирі өтті. Барлығы 6 команда бақ сынасқан жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Құрметті Фердауси ауылының тұрғындары! Міне, жаңа оқу жылында мемлекет Сіздерге 600 орындық су жаңа мектепті тарту етті. Ішіне кірсеңіздер, барлық жағдайы жасалған. Балаларыңыздың мұнда білім алып, ғылыммен айналысуына толық мүмкіндіктері бар. Алайда, мектеп мемлекеттік мекеме болғандықтан, бұл жердің өз тәртібі болады. Барлық қазақстандық оқушылар сияқты фердаусилық оқушылар да тәртіпке бағынып, мемлекет заңын сыйлай білуі тиіс. Мектеп формасынан туындаған дау осымен бітті деп ойлаймын. Заң орындалмаған жерде даму болмайтынын ескерте отырып, алдағы уақытта осы білім ұясынан мыңдаған білімді, өнерлі жастар, мықты спортшылар шығатынына мен сенемін!» — деді Б.Асанов.

Мақтаарал ауданының 90 жылдығына орай өткен спорттық іс-шараға С.Датұлы, Жаңажол, Нұрлыжол, А.Фердауси, Қ.Аманжолов, Қ.Мүсірепов жалпы орта мектептерінен келген командалар қатысты. Тартысты ойынның нәтижесінде жергілікті А.Фердауси мектебінің командасы бас жүлдені жеңіп алды. Сондай-ақ, Қ.Мүсірепов мектебінің командасы 2-орын, Қ.Аманжолов мектебінің командасы 3-орынды иеленді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда А.Фердауси мектебіндегі жағдай тұрақталған. Мектеп оқушыларының барлығы дерлік біріңғай мектеп формасына көшіп, сабаққа қатысуда.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 

 

 

Мақтаарал ауданында «Денсаулық сандарына жет» ұранымен кең ауқымды «Денсаулық фестивалі – 2018» акциясы өтті. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова қатысып, өңір басшысы Б.Асановтың құттықтау лебізін жеткізді.

«Бүгін ауданымыздың барлық колледждерінде, мектептерінде спорттық іс-шаралар, акциялар өтуде. Еліміздің ұзақ мерзімді «Қазақстан-2050» даму стратегиясының ең маңызды басымдықтарының бірі денсаулық, білім алу мен Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын арттырып, салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Осы орайда бүгінгі фестивальдің берері мол. Акцияның мақсаты — жұртшылықты салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, қоғамның, бұқара халықтың назарын аудару болып табылады. Сондықтан, әрбіріңізге мықты денсаулық тілеймін» — деді А.Ешанқұлова.

Денсаулық фестиваліне мемлекеттік қызметкерлер, жоғары және орта оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары, ұстаздар және аудан тұрғындары қатысты. Барлығы 3500-ден аса адам алдымен бой сергітер жаттығу жасап, кейін жастар арасында флешмоб және түрлі спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Аталмыш шара аясында аудан тұрғындары медицина қызметкерлерінен тегін кеңестер алып, денсаулықтарын тексертті.

Айта кетейік, биылғы фестиваль бір мезгілде Мақтаарал ауданының барлық кент, ауылдық округтерінде ұйымдастырылды. Белсенділік танытып, спорттық жарыстардан орын алған тұрғындар аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 

Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов елді мекендердегі өзекті мәселелермен танысу үшін Достық және А.Қалыбеков ауылдық округтерінде болды. Ең алдымен өңір басшысы Достық ауылдық округіне қарасты 6 елді мекенді және ондағы мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлік нысандарды аралап көріп, тұрғындар тарапынан айтылған өзекті мәселелерді тыңдады.

Достық – Мақтаарал ауданындағы халқы ең көп және ең көп ұлтты ауылдық округ саналады. 11283 гектар жерде 16 мыңнан аса тұрғын тату-тәтті ғұмыр кешуде. Негізінен егіншілікпен айналысатын өңірде 9665 гектар суармалы егістік жер бар. Сондай-ақ, мұнда мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Атап айтқанда, 5236 ірі қара, 12834 уақ мал, 394 жылқы, 4900 құс тіркеуде тұр. 4 шаруа жанұялық сүт фермасымен және 10 шаруа мал бордақылаумен айналысады.

Округте барлығы 5 мектеп, 8 балабақша, 5 денсаулық сақтау мекемесі, 3 почта қызметі, 1 мәдениет үйі, 2 кітапхана, 11 сауда нүктелері халыққа қызмет көрсетуде.

Достық тұрғындары тарапынан негізінен елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету және ішкі көшелерге асфальт төсеу мәселесі көтерілді. Сондай-ақ, бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан К-19 каналының басына су сорғыш орнатып беруді еңбекші диқандар өтінді.

Мұнан соң аудан басшысы 7 елді мекені бар А.Қалыбеков ауылдық округіне барды. Округтің жалпы көлемі 4564 гектар жерінде 8631 адам тұрады. Мұндағы тұрғындар да негізінен егін шаруашылығымен айналысады. Барлығы 535 шаруа қожалық округтің экономикасын көтеріп отыр. Округте ішкі жолдардың жағдайы жақсы, басым бөлігі асфальт төселген. Сондай-ақ, мұнда облыстық трасса жаңадан салынуда.

А.Қалыбеков округінде барлығы 4 мектеп, 6 балабақша, 11 сауда нүктелері, 2 мақта түту цехы, 1 СВА, 4 ФАП, 1 клуб, 1 кітапхана, 1 почта бөлімшесі тұрғындарға қызмет етуде.

Округке газ жолдары тартылып келгенімен тұрғындар көгілдір отынның рахатын көре алмай отыр. Бұл мәселемен жақсы таныс екенін және оны шешу үшін мәселемен тұрақты айналысып келе жатқанын айтқан аудан әкімі Б.Асанов алдағы қараша айына дейін газдың берілетінін атап өтті. Сондай-ақ, кейбір елді мекендердегі электр бағаналарын, трансформаторларды жаңарту мәселесін де ауыл тұрғындары көтерді.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 

Кентау қаласы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен, Кентау гуманитарлық техникалық колледж студенттері арасында Кентау қаласы әкімі аппаратының басшысы Дауылбаев Сәбит Арапұлы,Кентау қаласы әкімі аппаратының заң және құқық қорғау органдармен жұмыс жүргізу бөлімінің бас инспекторы Әжіғабілов Самат Әбілханұлы және Кентау гуманитарлық техникалық колледжінің директоры Айтуреев Серік Әбілқасымұлының қатысуымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс — қимыл агенттігінің «Адал жол» жобасы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафоны өз жалғасын тапты. Ондағы басты мақсат  мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, оған қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту және парақорлық деңгейін төмендету болып табылады.Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі осы жастар арасында өткізіліп отырған «Адал жол» акциясы. Сонымен қатар, колледж студенттеріне сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша сауалнама жүргізіліп, жемқорлыққа қарсы үнпарақтары мен брошюралар таратылды.

Бүгін мәдениет сарайында Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Үздік оқырман отбасы» байқауы болып өтті. Байқаудың мақсаты – кітапхана мен кітаптың мәртебесін көтеру, ауданымыздың үздік оқырман отбасын анықтау болды. Байқауды Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Е. Үмбет ашып: « Бұл шара баршаға үлкен үлгі-өнеге болып, отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді сақтауға, құрметтеуге тәрбиелейді. Сондықтан да сайыстың барлық қатысушыларға берері мол деп есептеймін. Өнегелі шаңырақтан әрқашан да өзгелер де үлгі алады» — деп қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бес отбасының білім мен өнерін сарапқа салған байқауға Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының әдіскерлері Жанар Аманжолова, Асия Сәбденқұлова, Гүлзира Тұрғынбаевалар қазылық жасап, әділ бағасын берді.
Рухани құндылыққа бай сайысқа үздік деп танылған Әбусейітовтер (Талапты ауылдық кітапханасы), Наурыз( Қоғам ауылдық кітапханасы), Айтбаевтар (Маяқұм ауылдық кітапханасы), Алдияровтар (Отырар аудандық балалар кітапханасы), Қаныбековтер (Қостерек ауылдық кітапханасы) қатысып, байқаудың 4 айналымынан сүрінбей өтті. Білім де, ақылдың нұр сәулесі де кітаптан тарайтындығын ата-анамен бірігіп бала жүрегіне жеткізе білген отбасылар қандай шығармашыл ортаның адамдары екендіктерін, болашақта бұдан да биік белес пен шыңдарды бағындыратындарын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Байқаудың қорытындысы бойынша Отырар аудандық балалар кітапханасының оқырман отбасы Алдияровтар «үздік оқырман отбасы» деп танылды. Басқа қатысушы отбасылар «Кітапқұмар оқырман отбасы» Әбусейітовтер отбасы (Талапты ауылы), «Өнерлі оқырман отбасы» Наурыз отбасы (Қоғам ауылы), «Шығармашыл оқырман отбасы» Айтбаевтар отбасы (Маяқұм ауылы), «Белсенді оқырман отбасы» Қаныбековтер отбасы (Қостерек ауылы) аталымдарына ие болып дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың мәжіліс залында Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсен бауырымыздың бастамасы бойынша зиялы қауым өкілдері, өлкетанушылар, басқарма басшылары, қоғам белсенділері және журналистердің қатысуымен «Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру» тақырыбында қоғамдық тыңдау өтті.
Жиын өте ашық жағдайда өтті. Өткен жылы атқарылған жұмыстар, жіберілген кемшіліктермен қатар, тың ұсыныс-пікірлер айтылды..
Алдағы жылы орындалуы тиіс мәселелер нақтыланды.
Оның бәрін БАҚ арқылы біле жатарсыздар..
Мұғалім ретінде, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында дайындалған «Өлкетану» оқулығын 5-7 сыныптарда аптасына кемі 1 сағат өтілуіне қол жеткізу қажеттілігі мен бағдарламада көрсетілгендей облысымыздағы тарихи орындарда сабақ өту үшін қала мектептерінің оқушыларын тасымалдауға көлік бөлуін сұрадым. Ұсынысым қолдау тапқан секілді.
Сондай-ақ, жыл соңына дейін өңірімізде «Өлкетану» сайты ашылып қалатын шығар деген үміт пайда болды..
Сонымен қатар облыстық «Южный Казахстан» газеті бас редакторының орынбасары, белгілі өлкетанушы Кеңесбай Исмаилов пен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан, жавзушы Момбек Әбдәкімұлы жасаған ұсыныстар жиналғандардың көңілдерінен шықты..
Керек жиын дер кезінде болды..

2012 жылы Шаян ауданының тұрғыны Құрысай деген мекеннен табылған ақша көмбесін «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің қорына өткізген болатын. Көмбе 450 дана тиындардан тұрады. Тиындарды тексеру барысында оларды жасырарда құмыра ішіне май жағып салғандығы анықталды. Осыған байланысты тиындар жақсы сақталған. Көмбеге тазарту жұмыстарын жүргізгеннен соң тиындардың жартысына жуығының беттерінде күміс қабаттарының қалдықтары бар екендігі белгілі болды. Көмбе құрамы біртекті, көлемі 39-43 мм. салмақтары 5,3-11 г. аралығындағы дирхемдерден тұрады. Көмбенің құрамы ХІІІ ғасырдың екінші және үшінші ширектерінде (1248-1265 жж. аралығы) тек бір типте және бір құндылықта соғылып отырған Отырардың күмістелген дирхемдерінен тұрады.
Сақталу жағдайлары орташа. Беттеріндегі жазбалар куфи үлгісінде түсірілген. Барлық дирхем беттеріндегі негізгі алаңдағы жазбалар үлгісі бірдей. Дирхемдердің көпшілігінде бетіне соғылған жылдық жазбалардың тек бір бөлігі немесе үзінділері ғана сақталған.
Дирхемдер бір типті болғанымен олар өз ішінде өзара элементтік айырмашылықтар арқылы ерекшеленеді. Ең алғашқы айырмашылық ол- خانى (хани) немесе منكو خانى (Менгу хани) түріндегі дирхем эпитеттерінің жазбалары. Олардан бөлек, элементтік әшекейлер айырмашылықтары дирхем беттеріндегі негізгі жазбалардың оң немесе сол тараптарына түсіріліп отырған элементтік әшекейлерден көрініс тапқан.
Отырар ақша сарайында күмістелген мыс дирхемдерді хижраның 646-шы жылынан 663 х.ж. дейін (1248-1265 жж.) 17 жыл көлемінде соғылып отырған.
Отырар дирхемдері беттерінде бұл элементтік әшекейлерге негізделген айырмашылықтар мынадай үлгілерде кездеседі)

Жуырда ғана ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Райымқұлова Ақтоты Рахметоллақызы, сатирик ақын Көпен Әмірбек, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы
салтанатты түрде ашқан «Түркістан жауһарлары» көрмесі.
Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласының 20 жылдығына орай «Заманауи әлемдегі оқу мәдениеті» тақырыбындағы ІІІ Халықаралық Оқу Конгресіне қатысушы 50 елдің делегаттары Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі экспонаттарын және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің көрмесін тамашалады.
Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығы және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің 40 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде ұйымдастырылған қорық-музейдің көшпелі көрмесі 3 бөлімінен топтастырылған.
Көрменің бірінші бөлімі Түркістан өңірінде орналасқан тарихи қалалар жайында. Қазақстанның ортағасырлық тарихында, оның ішінде Қазақ хандығының мемлекеті болып қалыптасуы және дамуы барысында ерекше орын алатын тарихи-географиялық аймақтар бар. Сол аймақтың біріне — Сырдың орта ағысы бойында орналасқан және ХІІІ-ХVІ ғасырлардағы шығыс жазба деректерінің мәліметтері бойынша белгілі болған Түркістан өңірі жатады. Түркістан — түркі дүниесінің ежелден келе жатқан рухани, мәдени орталығы. Аталмыш бөлімде Шауғар-Шөйтөбе, Қаратөбе-Сауран, Ясы-Күлтөбе, Ескі Түркістан және Хан ордасына жүргізілген археологиялық қазбадан табылған қола дәуір ескерткіштері, ортағасырда кең етек жайған керамикадан құйылған құман-құмыра, ыдыстар, нумизматикалық материалдар қамтылады.
Көрменің екінші бөлімі әулиелердің Сұлтаны атанған Қожа Ахмет Ясауи мұрасына арналды. Түркі халықтарының құрметпен тағзым етер алтын бесігі, қасиет пен кие дарыған мекені. Орта Азияға алғаш ислам дінін аша келген Ысқақ бап, Әбдіжәлил бап, Әбдірейім баптардың Түркістан төңірегінде тоғысқаны да тегін болмаса керек. Мұның барлығы Маулана Сафи ад-дин Орын Қойлақының «Насаб-нама» қолжазбасында егжей-тегжейлі баяндалған. Аталған бөлімде Қожа Ахмет Ясауидің артында қалған баға жетпес мұралары «Диуани хикмет», «Рисоллә дәр адаби тариқат», «Бустан ул-михиббин», «Насабнама» шежіресі, Әмір Темірдің пәрменімен салынып, басынан талай сын сағаттарды өткерген, күмбезі көкпен таласқан, исі түркі жұртының бойтұмарына айналған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, ондағы ХІV ғасырдан жеткен түпнұсқа кірпіштері, аспалы, айдаһар басты шырағдандары, Тайқазан, Лауһа, Қақпа есігінің көшірмелері экспозициядан орын алған.
Көрменің үшінші бөлімі Түркістанда жерленген тарихи тұлғалар жайында сыр шертеді. Түркістан қаласы ХVІ ғасырдан бастап Есім ханның тұсында Қазақ хандығының астанасы болып жарияланды. Онда қазақтың Жәңгір, Тәуке, Болат, Әбілмәмбет, Абылай секілді атақты хандары билік құрды. Киелі шаһарда Қазақтың атақты Жәңгір, Тәуке, Болат, Тұрсын, Сәмеке, Қайып, Сейіт, Сығай, Барақ, Әбілмәмбет, Абылай, Әбілфейіз, Тоғай, Бөкей, Әликен сынды хандары билік құрды. Осы кезеңде алаштың игі жақсылары ұрпақтарына Түркістанға өздерін жерлеуді аманат етті. Сол кезеңнен бастап Түркістан исі қазақтың ұлттық пантеонына айналды. Аталмыш бөлімде Түркістанда жерленген Есім, Тәуке, Әбілмәмбет, Абылай, Әбілфейіз, Барақ, Бөкей хандардың күміс жүзік бетіне түскен мөрлері, хандарға қатысты Ресей, Қытай мұрағаттарынан табылған құжаттар мен хаттардың көшірмелері (муляждары), сондай-ақ, Хан Ордасынан археологиялық қазба кезінде табылған қыш табақтар, құмыралар, қылыш, қанжар жәдігерлері экспозицияда көрініс тапқан.
Тарихи көрмені Астанада ұйымдастырудағы мақсат — Түркістанның тарихи орнын, оның мәдени-рухани келбетін ашып көрсету, тарихи жәдігерлерді насихаттау, мәдени байланысты кеңейту, музейлер арасындағы ынтымақтастықты нығайту және туризм саласын дамыту болып табылады.
Көрме үстіміздегі жылдың 1 қазанына дейін Астана қаласы тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылады.

МАДИНА САБЫР

Отырар ауданында «Денсаулық сандарына жет» ұранымен «Денсаулық-2018» фестивалі өтті.
Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан шараға 500–ге жуық қатысушылар салт атпен, жаяу және велосипедшілер қатысып, Жібек жолы даңғылы бойымен орталық алаңға келді.
Орталық алаңда еліміздің әнұраны орындалып, аудан әкімі Ерлан Айтаханов құттықтау сөз сөйледі.
«Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясының ең маңызды басымдылықтарының бірі –денсаулық, ел халқының көпшілігінде салауатты өмір салты –ұлт денсаулығының кілтіне балаған болатын. Қазақстан әлемде өмір сүруге қауіпсіз және тұруға жайлы елдің біріне айналуға тиіс. Біздің болашақ «Мәңгілік Елге» барар нұрлы жолымызда қазақстандықтардың әлеуетін көтеретін жаңа мүмкіндіктер жасауда» деп, аудан басшысы Е.Айтаханов шараның маңыздылығына тоқталды.
Айтулы жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосып жүрген «Заречное» мекемесі №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне автобус тарту етті. Автокөліктің кілтін аудан басшысы Ерлан Қуанышұлы мен «Заречное» АҚ бірлескен кәсіпорын басқарма басшысы Омар Нұрәлиевтер спорт мектебінің директоры Мейрамбек Қашқыновқа табыстады.
Фестиваль барысында орталық аурухана қызметкерлері, аудандық жасөспірімдер орталығының өнерпаздары және балабақша бүлдіршіндері арнайы ұйымдастырған түрлі форматтағы флешмобтар ұйымдастырды. Сондай-ақ, мектеп оқушылары мен колледж студенттері спорттың бірнеше түрінен өнер көрсетіп, мекеме қызметкерлері арасында арқан тарту бәсекесі өтті.
Сондай-ақ, халық денсаулығын нығайтуды мақсат тұтқан шара аясында «Денсаулық қалашығынан» білікті дәрігерлердің кеңесіне жүгініп, арнайы концерттік бағдарламаға ұласты.

 

 

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 1 наурыздағы №3827 Жарлығымен белгіленген «Отбасы күніне» орай өткен іс-шараның мақсаты неке мен отбасы институтын, сонымен қатар қоғамда имандылықты және руханилықты нығайту, қазіргі таңда демографиялық саясаттың әуелгі факторы ретінде отбасылық құндылықтарды халық санасына сіңіру. Бірінші кезекте, Отбасы күнін Қазақстанда мерекелеу неке мен отбасы институтын, сонымен қатар қоғамда имандылықты және руханилықты нығайтуға  негізделген. Қаладағы үлгілі жас отбасылармен кездесуге әр салада еңбек етіп жүрген өнегелі Орынбасаровтар, Рысбаевтар, Калменовтер, Әбдрахмановтар, Тұрсынбековтер, Рафиковтер жанұясы қатысты. Кездесу кеште АХАЖ бөлімінің Ұ.Набиева жас отбасы Б. Исах пен А.Лахаймен неке туралы куәлікті салтанатты жиында құттықтап тапсырды. Сонымен қатар мәдениет үйінің ұйымдастыруымен жас отбасылар алғыс хатпен сыйлықтармен марапатталып, мәдениет үйі әншілерінің концерттік бағдарламасы көрсетілді.