АЙТҚАНЫ ІСКЕ АСА БЕРМЕЙДІ, ЖАУАБЫ БІТЕУ СӨЗБЕН ТҰЙЫҚТАЛАДЫ

Елдегі медицина саласының сиқы қандай?

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 100 мың адамға жуықтады. Оның ішінде 72523 адам емделіп шыққан. Өкінішке орай 1058 адам қайтыс болған. Елімізде КВИ жұқтырған науқастармен қатар, вирустық пневманиямен ауырып жатқан адамдардың да саны артқаны белгілі. Осы жылдың қаңтар айынан бастап 2-тамызға дейін 256 мың адам пневманиямен ауырған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,3 есе көп. Өкпесінің қабынуынан көз жұмғандар төрт мыңнан асқан.
Былтыр бұл көрсеткіш 2,3 мың болған. Ал 2-тамыздан бері қарай пневманиямен 13280 адам тіркеліп, 164 адам қайтыс болған. Еліміздің денсаулық сақтау министрлігі өкпесі қабынған науқастардың қаншасы ауру құрсауынан босап шыққанын ашық жарияламайды.
Жұқпалы дертті жұқтыру дерегінің күрт өсуі маусым мен шілде айының басында болғаны белгілі. Сол кездегі елдегі эпидахуал денсаулық сақтау министрлігінің сөзі мен айтқан ісінің мүлдем қабыспайтынын анық көрсетіп берді.
Сарапшылар мен қоғам белсенділері елдегі эпидахуалдың дәл осындай күйге түсуіне салада бірізділіктің болмауы әрі мәліметтерді бүкпелеу факторы себеп екенін ашық айтады. Оның соңы неге апаратыны әлі белгісіз. Бірақ медицина саласы бойынша биліктегілердің сөзі мен ісінің мүлдем қабыспауы тоқтайтын емес. Оған негіз болар мысалдар жетерлік.
Еліміздің денсаулық сақтау саласында дегбірді қашыратын жағдайлар көбейіп кетті. Қазақстанға коронавирус келгелі бері аталған саланың жұмысына қатысты жұрттың наразылығы күрт өсті. Соның бірі медициналық маска мәселесі.
Өткен жылдың желтоқсан айында көрші Қытай елінен тараған жұқпалы ауру екі жарым ай уақыттың ішінде Қазақстанға да келіп жеткені белгілі. Ауру келген бойда-ақ дәріханаларда 10-15 теңгеге сатылып келген медициналық бетперде бірден дефицит өнімге айналып шыға келді.

Біршама уақыттан соң оның құны бұрынғыдан бірнеше есеге көбейіп 150 теңгеден босатыла бастады. Содан соң халықтың басым көпшілігі 150 теңгелік бір реттік масканы емес, бағасы сомен пара-пар көп реттік қолданылатын мата маскаларды тағуға көшті. Сол аралықта құзырлы орган өкілдерінің елімізде миллиондаған маскаларды заңсыз айналымнан шығарғаны туралы ақпараттар үстін-үстін жарияланды. Кешегі аптада еліміздің Қаржы министрлігі жүргізілген тексерудің нәтижесінде бүгінге дейін 9,6 млн-нан астам маска заңсыз айналымнан алынғанын айтты.
Алайда заңсыздықтардың жолы кесілгенмен маскалардың құны бұрынғыдай бағаға түспеді. Наурыз айында күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің біріне айналған бұл жәйтке қатысты жағдайды кешегі аптада денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бұйрабекова араға төрт ай салып түсіндіріп берді.
Өз кезегінде ол ақпанда көптеген елдер медициналық қорғаныс құралдарын экспорттауды кілт тоқтатқанын, Қазақстан Қытайдан әкелінетін шикізатқа тәуелді болғандықтан сол кезде шикізат қолжетімсіз болғанын, бұл бетпердеге тапшылық жағдайын туғызғанын айтты. Сонымен қатар ол, мемлекет бетперде бағасын реттемейтінін, төтенше жағдай режимінде мемлекеттік комиссия нарықтағы бағаны тұрақтандыру үшін ғана өнімге шекті баға белгілегенін, соған сәйкес масканың бағасын 118 теңге ету шешімі қабылданғанын мәлімдеді. Қабылданған шараларға қарамастан алып-сатарлардың болғанын ведомства өкілі ашық мойындады. Сонымен қатар ол, қазіргі таңда министрліктің масканы өндірушілермен оның бағасын 60 теңгеге дейін төмендету туралы келіссөздер жүргізіліп жатқанын сүйіншілей жеткізді. Бұл нақты сөз немесе көпірме сөз екенін тап басып білетін күн де белгісіз. Себебі, ведомства келіссөздердің нәтижесіне халық нақты қай күні куә болатынын дөп басып, дәл айтқан жоқ. Алайда келіссөздер сәтті жүргізілгенмен, 60 теңгеге дейін арзандатылған маска дәріханаларда тағы да табылмай, делдалдардың «қара базарында» сатылмасына кім кепіл береді?
Масканы қойшы… Әйтеуір қалың ел бір реттік қолданылатын сол бетперделердің бағасы аспандап бара жатқанда көп рет қолданылатын мата маскаға көшіп, тығырықтан шығар жол тауып шықты. Сөйтіп елдің ашуын тудырған сол жағдай енді ұмытылып бара жатқанда дәрі тапшылығы дертті мәселеге айналып шыға келді. Алғашында билікте отырған ақ жағалылар дәрі қоры жеткілікті деп міз бақпады. Бірақ дәріханада жұрт іздеген препараттардың не үшін жоқ екенін түсіндіре алмады. Тек мемлекет басшысы бұл сорақылыққа қатысты нақты тапсырма берген соң ғана құзырлы органдағылар қорап-қорап дәрі, бума-бума қорғаныс құралдарының заңсыз саудаға шығып кеткенін анықтады. Жөпелдеме дәрілердің жоқ болып кету жұмбағының дәл бұлай ашылуының арғы жағында билік бишігін ұстағандардың да қатысы бар екені айдан анық.
Естеріңізде болса, 10-шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент елде дәрі тапшылығы мен ауруханалардағы төсек-орындардың жетімсіздігі, жәдел жәрдем қызметінің адамдарға жедел жетпеуі сынды көп проблемаға қатысты «туындаған қиындыққа кінәлілердің бәріне қатысты тергеу жүргізу керек. Жауапкершілікке тартқан дұрыс. МӘМС пен «СК Фармация» басшылары жұмыстан шығарылсын. Керек болса, тергеу жүргізген жөн», — деген. Биліктің барлық тармағында не болып жатқанынан жақсы хабардар Президенттің бұлай деуі тегін емес еді. Президент тапсырмасынан соң «СК-Фармация» компаниясының төрағасы Берік Шәріп пен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов қызметтерінен алынғанын айта кетейік.
Бірақ мемлекет басшысы айтқан тапсырмасының орындалу барысы туралы тарқатылған нақты мәлімет таратылмай отыр.
Мәлімет демекші өткен айдың 17-шілдесінде Үкімет көп ойланып, мың толғанып коронавирус пен пневмания статистикасы біріктіріліп берілетінін хабарлаған. Дәл сол күні көрші Қырғыз Республикасы ортақ есеп жүргізуді бастап кеткен еді. Олар вирустық пневмания мен КВИ-дің статистикасын біріктіру туралы шешімді бір күн алдын яғни, 16-шілде де шығарған. Ал Қазақстан мұндай едел-жедел әрекетке бармады. Оперативтілік таныту былай тұрсын министрлік айтқан уақытында яғни, дәл 1-тамызда біріктірілген статистиканы жарияламады. Тек келесі күні яғни, 2-тамызда жариялады. Ведомстваның екі апталық дайындық жұмыстарынан соң жарияланған статистикасы біраз адамның көңілінен шықпады. Өйткені 2-тамыздан бастап тиісті ведомстваның Coronavirus2020.kz сайтына шығарылатын негізгі статистикада пневманиямен қаңтар айынан бастап, 2-тамызға дейін сырқаттанған 256 мың адам енгізілмеді. Тек тамыз айынан бастап вирустық пневманияға шалдыққандардың статистикасын жариялады. Пневманиямен тіркелген және қайтыс болған науқастар саны коронавирус статистикасынан бөлек көрсетіліп, негізгі дерекке біріктірілмеді. Пневмания мен коронавирус дерегінің қатар жариялануы біріктірілген статистика болып табылмайтыны туралы сан пікірлерге денсаулық сақтау министрілігі мардымды мәлімет бермеді.
Мардымды деген сөзден тағы бір ой шығады. Шілдеде ауру жұқтыру көрсеткіші күрт өскен кезде ауруханада орынның жоқтығынан көп адамдар қарқынды емнен қағылғаны белгілі. Бұл оралымсыздықтың орнын толтыру үшін Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жаңадан тағайындалған төрағасы Болат Төкежанов оңалту шаралары өткізілетінін мәлімдеді. Оңалту шаралары кезінде адамның жалпы ахуалына емханадағы күндізгі стационарларда ем-дом көрсету қолға алынатынын, қажет болса курорттарға жолдама берілетінін жеткізді. Содан бері екі аптаға жуық уақыт өтті. Бірақ бірде бір адамның осындай жақсылықтың шарапатын көргені айтылмады.
Айқайлап айтқан көп сөзі іске аспайды, жауабы бітеу сөзбен тұйықталады. Қазір елдегі денсаулық сақтау саласының сиқы осындай.

А. САТЫБАЛДЫ.