ТҮРКІСТАНДА ТІРШІЛІК НӘРІНЕ ҚАТЫСТЫ ТҮЙІТКІЛ БОЛМАУЫ ТИІС
Бүгінде облыс орталығы Түркістан қаласында 172 мыңға жуық халық бар. Қаланы орталықтандырылған ауыз су жүйелерімен қамтамасыз ету жұмыстары 98,9 пайызға орындалған.
Тұрғындарға жететін тіршілік нәрі «Біресек-Хантағы» және «Мырғалымсай» су көздерінен магистралды су құбыры арқылы тасымалданады. Суаққының жалпы қуаттылығы тәулігіне 40 мың текше метрді құрайды. Ал ұзындығы 37,2 шақырым.
Қазіргі таңда қаланың іргесі кеңіп, жаңадан әкімшілік іскерлік пен рухани- мәдени орталықтар салынып жатқаны белгілі. Келешекте ондағы нысандарды үздіксіз сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін магистралды су құбыры тартылып, тиісті құрылыс жұмыстары жүруде. Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін Түркістан облысы әкімдігінің тиісті министрлікпен бірлесе арнайы Жол картасын әзірлеген. Жоба бойынша қашықтығы 45,9 шақырым магистралды суаққының құрылысын салу жоспарланған. Игілігі мол инженерлік-инфрақұрылымдық жұмысты жүргізіп жатқан мердігер мекеме нысанның 15,1 шақырымының құрылысын аяқтаған.
Киелі кент тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында Түркістан қаласындағы резервуарға (су қоймасы) Кентау қаласынан бастап магистралдық су тартқыш салу жобасы қолға алынуда. Аталған жоба аясында сыйымдылығы 2х10000 м3 топтамасы мен Оранғай, Біресек, Мырғалымсай сыртқы су жүйелерінің құрылысы, 5 дана су ұңғымасын қазу жұмыстары жүргізілмек.