ШАРУАЛАР ШӨКЕЕВТЕН, ШӨКЕЕВ ҮКІМЕТТЕН КӨМЕК СҰРАДЫ

Түркістандық диқандардың ерте пісетін қырыққабат өнімін өсірген еңбегі еш кетудің аз-ақ алдында тұр. Егер билік бишігін ұстағандар едел-жедел нақты әрекет етпесе, ырыздығын Жер-Анадан айырған шаруалар мәселесі ушығып кетуі мүмкін.

Түркістан облысында биыл қырыққабат өнімі 8 мың гектар аумаққа егілді. Нәтижесінде 300 мың тонна өнім өндірілген. Қазірдің өзінде оның 5 пайызы жиналған. Қыстың қақ ортасында егіліп, ерте көктемде жиып-терілетін бұл өнім негізінде облыстағы Сарыағаш, Келес, Жетісай мен Мақтарал аудандарында өсіріледі.

Былтыр дәл осы уақытта қырыққабат еккен диқандар өсіріп, баптаған өнімінің келісін алғашында 150 теңгеден, кейіннен 80 теңгеден босатып, еткен еңбегі де, тапқан табысы да өнімді болған еді. Және өнімнің көп бөлігі негізгі сатып алушы ретінде Ресейге жолданған болатын. Биыл ондай мүмкіндік болмай тұр. Қырыққабаттың былтырғыдай пышақ үстінде өтпеуіне пандемияға байланысты Ресейдегі сауда орындарының уақытша жабылуы себеп болып отыр. Сондықтан да диқандар өнімнің бір келісін 5-20 теңге аралығындағы бағада сатуға мәжбүр.

Осы аптада бейнебайланыс арқылы өткен Үкімет отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Премьер-Министр Асқар Маминнен диқандар мәселесін шешуге ықпал етуді сұрады. Ол қырыққабатты өзге облыстарға өткізуде проблема бар екенін жасырмады. Тиісті меморандум болғанмен, аймақтардан сұраныс болмай тұрғанын, негізгі сатып алушы Ресейде де баға құлдырағанын, тиісті министрліктермен бірлесе мәселені шешпесе жағдай қиын болатынын айтып, көмек сұрады.

Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрі Ресеймен келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтудан әріге аспады. Ал облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов өнімдерді қоймада бір ай сақтап, реті келген заматта саудаға шығаруға әрекет жасап жатқанын мәлімдеді.

Жалпы биыл Түркістан өңірінде 300 мың тонна қырыққабат өнімі өндірілгенін жоғарыда айтып кеттік. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы әу-баста оның 250 мың тоннасы экспортқа, 37 мың тоннасы ішкі нарықты қамтамасыз етуге жоспарланғанын айтуда.

Сала мамандары сол жүйелі жоспардың жүзеге аспауына пандемия өз әсерін тигізіп жатқанын айтады. Ал коронавирустың пандемияға ұласқаны кеше болған уақиға емес еді. Сондықтан да жергілікті атқамінерлердің жоғарыда отырғандардан шаруалар мәселесін шешіп беру туралы көмек сұрауын өнімдер пісіп, ауызға түсейін деп тұрған кезде емес, алдын ала айтпағаны өкінішті болып отыр. Ауыл шаруашылық министрінің «Ресейде де жағдай мәз емес» дегені де жұбатарлық жауап емес. Кім біледі мәселені бұдан сәл ерте айтқанда, шаруа бұлай шатқаяқтамайтын ба еді?

Өмірзақ Естайұлының бір жерден екі-үш өнім алу туралы кеңесіне құлақ асып, қыстан бастап Жер-Анананы баптауға кіріскен диқандар Шөкеевтің көмегінен көп үміттеніп отыр. Ал Шөкеев Үкіметтен көмек сұрап отыр. Үкіметтің үмітті қалай ақтайтынын да айту қиын.

Ал күні кеше Сенат төрағасы Дариға Назарбаева күллі әлем біраз елдерде аштық болуы мүмкін екенін талқылап жатқанда, біздің қолда бар өнімді ұқсата алмай отырғанымызға қынжылып, бұл жағдайды мәслихаттар мен тексеру комиссиялары қатаң бақылауға алу қажет деп есептейтінін айтты. Спикер қырыққабат өніміне байланысты қалыптасқан жағдайға «Мәслихат депутаттарына өтініш – мемлекеттік және жеке сақтау орындары мен қоймаларға инвентаризация жүргізу қажет», -деді. Ол бос алаңдарды жалға алып, ерте пісетін көкөністі сол жерге жинап, кейін сауда орындарына таратуға болатынын айтты. Бұдан нақты қандай нәтиже болары әлі белгісіз.

Тек бірнәрсені нық сеніммен айтуға болады. Ол қырыққабаттың көп уақытқа дейін сақтала бермейтіні. Қазірдің өзінде алқап басында жарылып жатқан өнімдердің, қоймада бір айға дейін өңін бермей сақталуы неғайбыл.

Айтпақшы, қазіргі таңда күнгей диқандарының тұрғындарға қырыққабатты тегін таратып жатқаны туралы ақпараттар БАҚ-та жазылып жүр. Мәселен, өткен аптада кәсіпкер Көбейбек Алиев биылғы егістігінің бірінші өнімін толығымен қайырымдылыққа арнауды жөн көріпті. Сөйтіп, жылына бір жерден екі рет өнім алатын кәсіпкер-диқан бірінші өнімнен жиналған 120 тонна қырыққабатты аудан, облыс көлемінде тегін таратуды жөн көріпті. Сөйтіп ол, қырыққабаттың алғашқы 15 тоннасын көршілес Шардара ауданына жіберсе, қалғанын Жетісай ауданының тұрғындарына тегін таратыпты. Одан алдын Жетісай ауданының Атамекен ауылдық округінің жеке кәсіпкері «Атамекен-Агро» ЖШС-ның басшысы Шынболат Қындыбайұлы да жерлестеріне 4 тонна қырыққабатты тегін үлестіргені айтылған.

Әрине бұл өзгелерге үлгі боларлық жомарттық. Бірақ кез келген диқан қыс ызғары кетпеген қаңтардың соңынан бастап өндіруге кіріскен осыншама тонна өнімді өз пайдасы үшін емес, жұртқа тарату үшін екпейтіні анық қой.

 

Қ. ҚАЛИЕВ.