ІНДЕТКЕ ІЛІНБЕУДІҢ БАСТЫ ШАРТЫ – ТАЗАЛЫҚТЫ САҚТАУ

Коронавирустың Шымкентте таралу аумағын мейлінше ұлғайтпау мақсатында медицина мамандары күшейтілген режимде жұмыс жүргізуде. Қауіпті індетті алдын алу және оған қарсы күрес жұмыстарын тиімді жүргізу мақсатында бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету ұйымдарының қызметкерлері адамдар көп шоғырланатын жерлерде тиісті тексеру жұмыстарын орындауда.

 

Яғни, қаладағы әуежай, халыққа қызмет көрсету орталықтары, қоғамдық орындарда сала мамандары кезекшілік тәртіппен нысанға келушілерді қабылдауда. Денсаулығы күмән тудырған азаматтарды жедел жәрдем арқылы патрульдік полиция қызметінің автоэкипаждарымен бірге медициналық емдеу мекемесіне жеткізуде.

Мұндай тексеру жұмыстары қала сыртындағы жол қақпаларында қойылған 12 блок бекеттерде де жүзеге асуда. Қала сыртындағы блок бекеттер Ақжар, Жылан бұзған, Абдулабат, Өтеміс шапырашты, Қызылсу, Мәртөбе, Сиқым ауылы (А-2 айналма жолы), Бозарық айналма жолы, Қайнарбұлақ саяжайы, Бадам айналма жолы, Көкбұлақ, Бадам көпірі маңы бойында орналасқан.

Шымкентте қауіпті алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан шаралар осымен шектелмейді. Естеріңізге сала кетсек, өткен аптада COVID-19 вирусының таралына жол бермеу үшін елімізде адамдар көп жиналатын жерлер мен қоғамдық орындардың жұмысына уақытша шектеулер қойылған. Бұл шектеулер Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтарына да тікелей қатысы бар.

Аталған шектеулерге сәйкес, Шымкентте ірі сауда нысандарының жұмыс уақыты сағат күндізгі 10:00-ден кешкі 18:00-ге дейін реттелді. Ал киім-кешек базарлары сағат күндізгі 11:00-ден кешкі 17:00-ге дейін қысқартылды. Қоғамдық тамақтану нысандарының жұмыс уақыты кешкі 22:00-ге дейін шегерілді. Және ол жерге келушілердің саны бір уақытта 50 адамнан аспауы тиістігі міндеттелді.

Бірақ сананы нарық билеген мына заманда адамдар табыс көзі немесе басқа да жағдайлар үшін жоғарыда қойылған шектеулерді орындамаған жағдайда қандай жауапкершілікке тартылады?

Шымкент қалалық полиция департаменті елімізде төтенше жағдайдың жариялануына байланысты және коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында қабылданған бұл шектеулерге мұрын шүйіре қарағандарға ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша (төтенше жағдай режимін бұзу) 10 АЕК айыппұл салу немесе 15 тәулікке қамау түрінде жаза көзделетінін ескертеді. Билік өкілдері заң талаптарына бағынбағаны үшін тәртіп бұзушыларға ҚР ҚК 379-бабы бойынша 2000 АЕК көлемінде айыппұл немесе екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындайтынын шегелейді.

Өз кезегінде құқық қорғау органы өкілдері қолға алынған шаралардың басты мақсаты – еліміздің әр азаматының қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау болып табылатынын мәлімдейді. Өз кезегінде олар індетпен күресу қатаң тәртіпті сақтауды талап ететінін баса айтады.

Жоғарыда айтып өткен шектеулердің қатаң сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қалалық Полиция департаментінің жеке құрамы қызмет етудің күшейтілген режиміне көшірілді. Соған сәйкес тәртіп қызметкерлері қаладағы 161 тойханада, 801 қоғамдық тамақтану нысанында, 29 базар және 23 ірі сауда орнында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тексеруде. Сонымен қатар олар, ерекше маңызға ие мемлекеттік нысандар мен мекемелерді тәулік бойы күзетуде.

Індетті алдын алу бойынша ең басты шаралардың бірі – тазалықты сақтау. Мамандар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы коронавирустан қорғанудың ең басты жолы – қолды жиі жуу екенін айтуда. Адамдардың жеке бас тазалығымен қатар қоғамдық орындардағы санитарлық талаптардың сақталуы да қауіпті індеттен қорғанудың негізгі ережесі. Осыған орай Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Қазыбек» әмбебап базарына, «Шаһан-2», «Сайман» және «Hyper house» сауда орталықтарына барып, аталған нысандардың санитарлық тазалығын тексерді.

Қазіргі таңда үшінші мегаполисте арнайы құрылған жұмыс тобы базарлар, сауда орталықтары, дүкендер, әуежай, теміржол мен автовокзалдарда зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізуде.