ӨЛКЕТАНУ ОҚУЛЫҒЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ
Елдің тарихын білу – отбасының, әулетінің, кір жуып-кіндік кескен, туып өскен ауылының, өңірінің тарихын білуден басталады. Ғылым тілінде «Генерализациялау» деген термин бар (Генерализациялау — жалпылау, жалқыдан жалпыға логикалық өтуі, жалқы құбылыстарды жалпы ұстанымдарға бағындыру).
Өзінің тегін, оның тарихын білмеген, білуге ұмтылмаған адамның өз халқының тарихын білемін деуі бекер!
Әлімсақтан бері ағайыннан алыс қонбай, «бір әулет-бір ауыл» болып көшіп-қонып жүрген халқымыздың тарихы, осы ауыл-әулет тарихынан басталады (Есімізді білгелі қариялардан естіген әңгімелерімізді архив деректерімен негіздеген «Ауыл тарихы — ел тарихы» атты кітабымызды 2016 ж. баспадан шығарған болатынбыз).
Оқулықтың педагогикалық аспектілеріне тоқталмай-ақ қояйын…
«Өлкетану» пәнін мектеп бағдарламасына енгізу арқылы ауыл интеллигенциясы – мектеп мұғалімдерін зерттеу жұмыстарына тартып, бірнеше проблеманы шешуге болады.
— Әрбір ауылдың тарихы түгенделмей, қазақ тарихы толық деп айтуға болмайды! Ал өз тарихын білмейтін адам басқа халықтарды, оның тарихын, тілін, әдет-ғұрпын құрметтей де, сыйлай да алмайды. Өткеннің қателігінен тағлым алу жағы тағы бар..
— Әр ауылдың , өңірдің тарихын түгендесек, 1916-53 жылдардағы зұлматта қанша адамнан айрылғанымыздың санын шындыққа жақындатуға болады.
— Екінші дүниежүзілік соғыстан қанша адам қайтпай қалғанын нақтылауға болады.
(Жоғарыдағы осы 2 мәселе бойынша күні бүгінге дейін еліміздің тарихшылары арасында талас көп екенін өздеріңіз білесіздер).
— Жеке азаматтардың қолындағы жыр-дастан, естелік, соғыстан жазылған хаттар, фотосуреттер және өзге де құнды тарихи құжаттарды жинап алуға болады.
— Қай ұлт – мемлекет құраушы ұлт, қай ұлт – «диаспора», қай ұлт — «ирредента» өкілі деген секілді сұрақтарға жауап беруге болады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мектеп бағдарламасына енгізілген «Өлкетану» оқулығын Шымкент қаласының 4 мұғалімінен құрылған авторлар тобы (тарих, әдебиет, география және музыка мамандары) бір жыл бойы жұмыс істеп, жазып шықты.
- Өмір Шыныбекұлы — Шымкент қаласы №41 мектеп-лицейінің тарих және құқықтану пәнінің мұғалімі.
2. Бибайша Бейсетаева — Шымкент қаласы, №47 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әлебиеті пәнінің мұғалімі.
3. Күлімхан Сейілбекова — Шымкент қаласы, №23 мектеп-лицейінің музыка пәні мұғалімі.
4. Жанар Ширманова — Шымкент қаласы, №90 жалпы орта мектебінің география пәні мұғалімі.
Оқулықта оқушылардың жас ерекшеліктері ескеріле отырып, өлке тарихы, географиясы, әдебиеті мен музыкасы қамтылды.
Оқулық “Өлкетану”, “Краеведение” аталып, қазақ және орыс тілінде жазылған.
БжҒ министрлігі тамыз айының 16-24 аралығында еліміздің жетекші ғалымдары мен мамандарынан құралған 30 сарапшы мен оқулықтардың авторларын «Алматыкітап» баспасына жинап оқулықты сараптамадан өткізді.
Біткен іске сыншы көп болары бесенеден белгілі..
3 млн тұрғыны бар облыстан 3 оқу жылында бар болғаны 20 сағат бөлінген «Өлкетану» оқулығына кіруі тиіс тұлғаларды анықтау өте қиын екенін түсіну қиын емес шығар..
Қорыта келе айтарымыз, болашақта «Өлкетану» пәні қазіргідей 5-7 сыныптарда емес, 5-9 сыныптарда аптасына бір рет өткізілуі тиіс.
Оқулықты дайындау барысында авторларға көмектескен азаматтарды тұсаукесердің ұйымдастырушылары атап шықты.
Ал, мен автор ретінде осы оқулыққа материал жинауға үлкен көмек көрсеткен Түркістан облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсен Тәжібай бауырымызға алғыс айтар едім. Материал, дерек беруге құлықсыздау болған кейбір жайбасар қызметкерлерді Бейсен арқылы қамшылап отырдым.
«Орамал тон болмайды, жол болады»
«Айтқанның аузы, жылғанның көзі жаман» болса да, реті келгенде айта кетейін, өз басым марапатқа зәру емеспін…
(2017 жылы облыс әкімінің Алғыс хатын, БжҒ министрлігінің «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағын, 2018 ж. «Астана- 20 жыл» төсбелгісімен марапатталғанмын).
Облыс әкімдігі немесе Білім басқармасы жыл бойы уақытпен санаспай жұмыс істеген соавторларға ең құрығанда бір-бір Алғыс хат тапсырмағанына әкімдік үшін әріптестерімнің алдында мен ұялдым (Авторлар Алматы қаласына Республикалық сараптамалық жиынға да өз қаражаттарына барып келді. Іс-сапардың шығынын төлеу үшін мәслихаттың келісімі керек екен).
(Ал, жалпы айтсақ марапат мұғалімдердің санатын көтергенде және қайта бекіткенде өте қажет)
Оқулық «Алматыкітап» баспасында басылып жатыр.
(Фотолар Бибайша Нұржанқызы мен Әдістемелік кабинеттің аккаунттарынан алынды)