МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ҚУАНЫШ

Шоқпарда жаңа нысан пайдалануға берілді
Аудан орталығынан шалғай орналасқандықтан болса керек, бүгінгі күнге дейін қоңырқай күй кешкен Шоқпар ауылдық округінің тұрғындары сәулетті мәдениет ошағын армандап, әйтеуір оның бір болатынына сенімді еді. Міне, кеше ғана Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында осы бір жақсы істің тиянағы келтіріліп, жүз адамға арналған ауылдық клуб тұрғындар үшін есігін айқара ашты. Ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісіп, жаңа нысанның ашылу салтанатына арнайы келген аудан әкімі Қайрат Досаев шоқпарлықтарды құттықтап, өзінің жылы лебізін жеткізді.
Шара барысында құрылысты жүргізген «Шағыноил-7» мердігер компаниясының өкілі Досымжан Қозбақов Шоқпар ауылдық клубының мәдени ұйымдастырушысы Әйгерім Әлжановаға нысанның кілтін салтанатты түрде табыстаса, аудан әкімі Қайрат Досаев пен ауданның Құрметті азаматы Төлеухан Шаймерденов ғимараттың лентасын қиылды. Бұдан соң, келген қонақтар мен ауыл тұрғындары жаңа нысанмен танысты. Ұзындығы 44 метр болса, ені 16 метрді құрайтын зәулім ғимарат заманауи құрылғылармен жабдықталған. Құрылыс жұмыстары бір жылға жетер-жетпес мерзім ішінде аяқталған ауылдық клубтың алғашқы қабатында Шоқпар ауылдық округі мен ауыл азаматтарының өткенінен сыр шертетін мұражай және жүз адамдық көрермен залы орналастырылыпты. Бұдан бөлек, әкімшілік өзге де жеке бөлмелер бар. Ал, екінші қабатта қоры 7416 кітапты құрайтын заманауи кітапхана орын алған. Оған қоса, оркестр бөлмесі мен би залы және қол өнер үйірмесі тұрғындар үшін жұмыс істейтін болады. Айта кету керек, аталмыш мәдениет ошағының құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін өткен жылы облыстық бюджеттен 206 миллион теңге қаражат бөлінген болатын. Өз кезегінде, бұл да өңір басшыларының рухани салаға деген қарымды қамқорлығының айқын дәлелі екені сөзсіз.
Шара соңында, қуаныштан мәре-сәре болған шоқпарлықтар үшін аудан өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салып, ауылдық клубты ән мен жырға бөледі.
Ерғали Асхатұлы