МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЛОГИСТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ САЛЫНУДА
Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Мақтаарал ауданына барды. Өңір басшысы алдымен Иіржар ауылдық округі Наурыз ауылындағы жаңадан салынған Н.Бекежанов атындағы 200 орындық мектептің ашылуына қатысып, жергілікті жұртты жаңа оқу жылы қарсаңындағы қуанышты жаңалықпен құттықтады.
«Түркістан өңірі ең көп халық тығыз орналасқан аймақ. Туу көрсеткіші де жоғары. Мәселен, биылдың өзінде облыс бойынша бірінші сыныпқа 55 мыңнан астам оқушы келеді. Яғни, мектепке келетін оқушы саны 19 мыңға артқан. Демографиялық өсімге байланысты 2018-2025 жылдары аралығында өңірде 184 мектеп салу қажеттілігі туындап отыр. Биыл білім беру саласына қажетті 83 нысанның құрылысы қолға алынған. Оның 40-ы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Міне, бүгін де Мақтаарал ауданында жаңа мектеп ашылып, ауыл оқушыларына есігін ашады», — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Кейін облыс әкімі Мақтаарал ауданындағы Азаттық ауылында орналасқан логистикалық орталыққа аялдады. Аграрлы ауданда шаруалардың өнімін сақтап, әрі қарай сату үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынған жобаға 9 гектар жер телімі қарастырылған. Орталықта жаңа үлгідегі жеміс-жидек сақтау және уақытша сұрыптау қоймалары, мұздатқыш камера мен жүк көліктеріне арналған тұрақжай, техникалық қызмет көрсету стансасын салуға жалпы құны 1 миллиард теңгеге жуық инвестиция тарту көзделген. Алдағы уақытта автопаркинг, электронды таразы, жүк сақтау қоймалары, тұрақжай, құжаттандыру орталығы, қонақ үй, асхана, сауда үйі, авто жуу орны салынатын болады.
(с) Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі