ТҮРКІСТАН ӘУЕЖАЙЫ – ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ТРАНЗИТТІК ҚАҚПАСЫ

Түркістан облысы бүгінде тек руханияттың ордасы ғана емес, сонымен бірге аймақтық маңызы бар ірі көлік-логистикалық торапқа айналып келеді. Осы аптада облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев пен «JanaPort Holdings Ltd.» компаниясының директоры Мадина Ахмеджанова арасында өткен маңызды кездесу осы бағыттағы жұмыстардың жаңа белесін айқындап берді.

Тараптардың басқосуындағы негізгі тақырып – Түркістан халықаралық әуежайын сенімгерлік басқаруға беру және оның базасында заманауи авиахаб қалыптастыру мәселесі болды. Бұл қадам өңірдің экономикалық әлеуетін ғана емес, халықаралық деңгейдегі беделін де арттыра түсетін стратегиялық шешім екені даусыз. Түркістан әуежайының тарихы тым тереңде болмаса да, төрт жылдың ішінде жеткен жетістіктері аз емес. 2020 жылдың соңында алғашқы рейсін қабылдаған әуе айлағы бүгінде ИКАО-ның 1-санатына ие және халықаралық авиациялық стандарттардың барлық талаптарына сай келеді. Облыс әкімінің орынбасары атап өткендей, әуежайдың өткізу қабілеті жылына 3 миллион жолаушыға дейін жетеді. Бұл – облыс орталығы үшін өте үлкен көрсеткіш. Сонымен қатар, ұзындығы 3300 метр болатын ұшу-қону жолағы кез келген үлгідегі әуе кемелерін еш кедергісіз қабылдауға мүмкіндік береді. Осындай қуатты инфрақұрылымның болуы – әлемдік деңгейдегі авиациялық алпауыттардың назарын аударуға негізгі себеп болып отыр.
Бүгінде Түркістан әуежайы «Әуежайлар базасында авиахабтарды дамыту» жөніндегі арнайы жол картасына енгізілген. Бұл құжат әуежайдың тек жолаушы тасымалдаумен шектелмей, ірі логистикалық орталыққа айналуына жол ашады. Алдағы уақытта авиаотын кешенін жаңғырту және ұшақтар тұратын перрон аумағын кеңейту жоспарлануда. Мұның бәрі Түркістанды халықаралық әуе қатынастарының маңызды орталығына айналдыру мақсатынан туындап отыр. Кездесу қорытындысы бойынша қол қойылған ынтымақтастық меморандумы «JanaPort Holdings Ltd.» сияқты халықаралық компанияның тәжірибесін пайдалана отырып, әуежайдың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өңірдің әуе кеңістігі арқылы тәулігіне 200-ден астам ұшақ өтеді. Бұл — дайын тұрған транзиттік әлеует. 2025 жылдың қорытындысы бойынша әуежайда 277 техникалық қону жүзеге асырылып, жүзге жуық жүк рейсі орындалған. Ең бастысы, Қытайдан Еуропа Одағы мен Араб елдеріне бағытталған 2,5 мың тоннадан астам транзиттік жүк дәл осы Түркістан арқылы өңделген. Бұл көрсеткіштер әуежайдың тек қағаз жүзінде емес, нақты іс жүзінде халықаралық транзиттік хабқа айнала бастағанын көрсетеді. Түркістан әуежайының Б класындағы аэродром ретінде барлық үлгідегі әуе кемелерін қабылдай алуы және бір мезгілде бірнеше халықаралық рейстерге қызмет көрсетуі оның бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Инвесторлармен орнатылған жаңа серіктестік әуежайдың техникалық жарақтандырылуын жақсартып қана қоймай, басқару жүйесіне халықаралық менеджменттің озық үлгілерін енгізуге жол ашады. Түптеп келгенде, бұл жобалардың барлығы өңірге жаңа инвестиция тартуға, жұмыс орындарын ашуға және Түркістанның әлемдік картадағы көлік-логистикалық маңызын нығайтуға бағытталған. Келешекте Түркістан әуежайы еліміздің оңтүстік өңіріндегі ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы басты әуе қақпаларының біріне айналатынына сенім мол.