ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕПТЕРДІ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасында өткен Білім салалық кеңесінің кеңейтілген отырысы қаладағы білім беру жүйесінің ең өзекті түйткілдерінің бірін, яғни жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды. Бұл жиынға мемлекеттік құрылымдар мен жеке сектор өкілдері қатысты. Отырысты ашқан Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мақсат Өткелбаев бүгінгі басты мақсат – жекеменшік мектептерді қаржыландыру тетіктерін талқылап, ортақ шешімге келу екенін атап өтті.

Оның айтуынша, соңғы уақытта Кәсіпкерлер палатасына жекеменшік білім беру ұйымдары тарапынан жиі өтініштер түсіп, мәселені жүйелі деңгейде қарау қажеттілігі туындаған. Жиын барысында Білім беру салалық кеңесінің төрайымы Диана Караманова мәселенің мәнін нақты мысалдармен түсіндірді. Ол «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының жаңа шешіміне сәйкес, енді жекеменшік мектептерді қаржыландыру тек олардың жобалық қуаттылығы шегінде ғана жүзеге асатынын, ал бұл шектен асқан жағдайда тек 10-15 пайыз көлемінде ғана қосымша қаражат қарастырылатынын айтты. Бұл шешім жаңа оқу жылы басталғаннан кейін қабылданғандықтан, көптеген білім беру ұйымдары қиын жағдайға тап болып отыр. Қазіргі уақытта Шымкент қаласындағы жекеменшік мектептерде жобалық қуаттан тыс 6 937 оқушы білім алуда. Бұл дерек – жекеменшік сектордың қаладағы үш ауысымды оқыту мәселесін азайтуға қосқан нақты үлесін көрсетеді. Мемлекеттік мектептерде орын тапшылығы мен инфрақұрылымдық жүктеме артып тұрған сәтте, жекеменшік мектептердің рөлі ерекше маңызға ие.
Алайда жаңа қаржыландыру шектеулері олардың қызметіне едәуір әсер етуі мүмкін. Себебі қаржыландыру көлемінің азаюы ұстаздардың жалақысына, оқу процесінің тұрақтылығына және мектептердің өз даму жоспарын іске асыру қабілетіне кері ықпал етеді. Жекеменшік мектептердің көпшілігі әлеуметтік жауапкершілікті мойнына алып, мемлекеттік білім беру жүйесіне қолдау көрсетіп отыр. Кеңес отырысында қатысушылар мәселені шешудің бірнеше жолын қарастырды. Жалпы бұл мәселені жүйелі түрде шешу – тек жекеменшік сектор үшін ғана емес, жалпы қала халқының сапалы білім алу мүмкіндігі үшін маңызды. Себебі демографиялық өсім жоғары аймақтарда мектеп тапшылығы мәселесі алдағы жылдары да өзекті бола бермек. Қорыта айтсақ, Шымкенттегі Білім салалық кеңесінің кеңейтілген отырысы – жекеменшік және мемлекеттік құрылымдардың өзара іс-қимылының нақты үлгісі болды. Бұл диалогтың нәтижесінде қабылданатын шешімдер тек жекеменшік мектептердің ғана емес, жалпы білім беру жүйесінің тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталады.