1 МЛН ГЕКТАР ЖЕР МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ

Түркістан облысында жер қатынастары саласында жүйелі өзгерістер жүзеге асырылып келеді. Соңғы үш жылдың өзінде өңір аумағынан мемлекет меншігіне қайтарылған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің көлемі 1 миллион гектарға жуықтады. Бұл – республика көлемінде ең ірі көрсеткіштердің бірі. Жерді қайтару процесі тек статистикалық мәлімет қана емес, ауыл шаруашылығын дамыту, ортақ жайылым мәселесін шешу және жерді әділ бөлу ісіндегі түбегейлі бетбұрыс болып отыр.
2022 жылы облыс аумағында 520 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. 2023 жылы бұл көрсеткіш 330 мың гектарды құрады. Ал биылғы жылдың сегіз айында 70 мың гектардан астам жер қайтарылып, жыл соңына дейін қосымша тағы 110 мың гектарды мемлекет меншігіне өткізу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін жоспарланған көлемнің 60,1 мың гектары қайтарылып үлгерді. Мұның бәрі кезінде ауыл шаруашылығы мақсатында берілгенімен, ұзақ жылдар бойы пайдаланылмай келген немесе заңға қайшы игерілген жерлер екені белгілі болды. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен тікелей байланысты. 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында Президент пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, оны адал әрі тиімді игере алатын азаматтарға әділ бөлу қажеттігін атап өтті. Президенттің бұл тапсырмасы — ел ішінде әділеттілік қағидатын орнатуға бағытталған маңызды қадам. Түркістан облысында бұл бағыттағы жұмыс ерекше қарқынмен жүргізіліп жатыр.
Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің мәліметінше, өңірдің жалпы жер қоры 11 млн 610,3 мың гектарды құрайды. Осыншама кең аумақта жерді дұрыс пайдалану, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласында тиімді игеру мәселесі стратегиялық маңызға ие. Осыған байланысты облыс әкімінің өкімімен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару ісіне жүйелі түрде бақылау жүргізуде. Жерді қайтару жұмыстары екі бағытта атқарылып жатыр. Бірінші бағыт – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен жоспарға сәйкес іске асырылса, екінші бағыт – облыстық жұмыс тобының мониторингі негізінде ортақ жайылым жерлерді мемлекетке қайтару. Бұл екі бағыт бір-бірін толықтырып, өңірдегі жайылым тапшылығын жоюға, ауыл тұрғындарының мал шаруашылығымен айналысуына нақты жағдай жасауға бағытталған.
Апта сайынғы аппарат мәжілісінде бұл мәселе тұрақты қаралып келеді. Соңғы жиын барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты органдарға жұмысты күшейтуді тапсырды. Әкімнің айтуынша, жерді қайтару тек жоспардағы сандарды орындаумен шектелмеуі керек, бұл процесс әділ әрі ашық болуы тиіс. Жауапты органдарға космомониторинг нәтижелерін негізге ала отырып, терең талдау жүргізу, мақсатсыз пайдаланып отырған жер иелерін анықтап, нақты шаралар қабылдау міндеттелді. Әкімнің сөзіне сәйкес, қайтарылған жерлер ауыл тұрғындарының ортақ игілігіне беріліп, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталуы тиіс. Бұл ретте аудан және қала әкімдері, сондай-ақ салалық басқармалар үйлесімді жұмыс істеуі қажет. Әсіресе, жайылым мәселесін шешу үшін жүйелі мониторинг жүргізу, жоспарды толық орындау басты талаптардың бірі болып отыр.
Қазіргі таңда Жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан 403 жер пайдаланушыға тиесілі 124,3 мың гектар жайылымға қатысты құжаттар қаралып, заң бұзушылықтарды түзету бойынша нұсқамалар берілген. Бұл – жерді қайтару ісінің тек мәжбүрлі шара емес, алдын ала түсіндіру және ескерту арқылы жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар аудан және қала әкімдіктері өз жоспарларын ауылдық округтер деңгейінде әзірлеп, нақты карта-сызбаларын жасаған. Бұл карталар қайтарылған жерлердің шынайы көлемін және олардың болашақтағы пайдаланылу мақсатын айқындайды. Жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару ауылдық аймақтар үшін ерекше маңызды. Соңғы жылдары мал басының көбеюіне байланысты жайылым тапшылығы айқын сезіліп отыр. Кейбір ауылдарда тұрғындар малын өріске шығара алмай, көрші елді мекендермен жер дауына дейін барған жағдайлар кездескен. Мұндай проблеманы шешудің ең тиімді жолы – пайдаланылмай жатқан жайылымдарды қайтарып, оны ауыл тұрғындарының ортақ игілігіне беру. Түркістан облысында осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүргізілуі ауылдағы әлеуметтік тұрақтылыққа оң әсер етпек.
Сонымен бірге қайтарылған жерлерді әділ бөлу мәселесі де өзекті. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдардың ашықтығы мен халықпен тікелей байланысы маңызды рөл ойнайды. Жердің ауыл тұрғындарына нақты әрі теңдей үлестірілуі – ауыл шаруашылығын дамытуға серпін беріп қана қоймай, қоғамдағы әділеттілікке деген сенімді нығайтады. Жалпы Түркістан облысында жүргізіліп жатқан жер реформасы – тек ауыл шаруашылығына қатысты шара ғана емес, әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды тетігі. Біріншіден, қайтарылған жерлер мал шаруашылығы мен егіншілікті дамытуға жағдай жасайды. Екіншіден, жерді заңсыз иеленіп, оны мақсатсыз ұстаған азаматтардың жауапкершілігін арттырады. Үшіншіден, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартып, азық-түлік қауіпсіздігіне де ықпал етеді. Жыл соңына дейін жоспарланған 110 мың гектар жердің толық қайтарылуы өңірдегі аграрлық секторға тың серпін бермек. Егер бұл жұмыс жүйелі түрде жалғасын тапса, Түркістан облысы жерді тиімді пайдалану бойынша республикаға үлгі боларлық тәжірибе қалыптастыра алады.
Қорытындылай келе, Түркістан облысында жер қатынастары саласында қолға алынған шаралар – Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаудың ғана емес, өңірдің әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық дамуының кепілі. Жер – ең қымбат ұлттық ресурс. Оны әділ әрі тиімді пайдалану – ел болашағының негізі. Сондықтан жерді мемлекет меншігіне қайтару ісі уақытша науқан емес, тұрақты әрі жүйелі саясатқа айналуы тиіс.




