САЙРАМ АУДАНДЫҚ АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРДЫ САРАЛАДЫ
Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдағы ынтымақ пен берекені насихаттайтын іргелі ұйымдардың бірі саналады. Бұл құрылымның әлемде баламасы жоқ. Қала берді, ұйымның жанынан жұмыс істейтін көптеген кеңестер баршылық. Соңғы уақыттарда Қазақстан халқы Ассамблеясы ел ішіндегі ынтымақпен қатар, қоғамның дамуына, жастардың тура жолдан адаспауына түрткі болатын түрлі бастамаларға ұйытқы болып келе жатыр. Мұның өзі азаматтық қоғамның қалыптасып, тамырының тереңдеуіне ықпал етуде. Мәселен, дәл осы құрылым жастар арасында кең етек алған лудомания, нашақорлық сияқты әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысуда. Осы орайда, жуырда Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданында ауқымды жиын өткен болатын. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында кеңінен тарқатпақпыз…
Ашып жазсақ, 2024 жылдың 22 тамызында Сайрам аудандық әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық Ақсақалдар кеңесінің ІІІ тоқсандағы отырысы өтті. Аталған жиынға Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Есалиев, қоғамдық кеңестің мүшелері, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің алқа мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен жетекшілері және «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының қызметкерлері қатысты. Күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралды. Оның біріншісі — Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының 7 айда атқарған жұмыстары. Бұл жөнінде «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Мамадиярұлы баяндама жасап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылы 25 сәуірде «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІІ сессиясында айтқан елге қауіп төндіріп тұрған бес кеселге кеңінен тоқталды.
Спикердің сөзінше, қоғамдағы нашақорлық, құмарпаздық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдерден біржола арылуымыз керек. Бұл – әсіресе, ұрпақтың болашағы үшін айрықша маңызды. Біз балалар мен жастарды барынша қорғап, дұрыс тәрбиелеуіміз қажет. Қоғамдық кеселдерді түбірімен жоямыз десек, ортақ іске бүкіл ел болып жұмылған жөн. Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Ұлы Абай «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген. Бұл – әрине, ешқашан ескірмейтін, мән-маңызын жоғалтпайтын өсиет. Осы орайда, Базарбай Мамадиярұлы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық құрылымдардың жұмысын үйлестіруші ретінде алдағы бағыт-бағдарларымен бөлісті. Іс-шара барысында сұрақ-жауаптарға кезек беріліп, жиналғандар тиісті деңгейде ұсыныс пікірлерін ортаға салды. Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов «Елдің бірлігі мен бірегейлігін сақтау, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру — әрбіріміздің азаматтық борышымыз. Қатысушыларды еліміздің ертеңі мен мемлекетіміздің болашағы үшін осы бағытта шаршамай, жүйелі жұмыстарды бірге жүзеге асыруға шақырамын» деп атап өтті.
Айта кету керек, жуырда Астана қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің «Салауатты сана» атты жобасы таныстырылды. Іс-шараға ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко, мемлекеттік органдардың, қоғамдық қорлардың өкілдері, республикалық және облыстық «Қоғамдық келісім» мекемелерінің басшылары қатысты. ҚХА республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаи таныстырылым модераторы болды. Өз кіріспе сөзінде Леонид Прокопенко Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясының шешімдерін іске асыру аясында ҚХА Хатшылығы Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарымен бірлесе, ҚХА-ның 13 арнайы жобасын және оларды іске асыру жоспарларын әзірлеп, бекіткенін айтты. Аталған жобалар Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының Парламентпен, мемлекеттік органдармен, мәслихаттармен өзара іс-қимылын күшейтуге, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетуге, жалпыазаматтық бірегейлікті, қоғамдағы сенім мәдениетін нығайтуға, қоғамның әлеуметтік кеселдеріне қарсы іс-қимылға, жастарды тәрбиелеуге және жас кадрлар даярлауға арналған. Бүгін таныстырылып отырған «Салуатты Сана» жобасы нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресуге бағытталған. Сонымен қатар, жиын барысында ҚХА Республикалық Аналар кеңесінің мүшесі Баян Ахатай «Салауатты сана» жобасы аясында аталған дерттердің алдын алу және олармен күресу бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде баяндады. Атап айтқанда өскелең ұрпақты әлеуметтік кеселдерден, қоғамдық дерттерден сақтандыру, рухани тәрбие беру және ұлттық, отбасылық құндылықтарды насихаттау, қажетті заңнамалық өзгерістер туралы ұсыныстар әзірлеу бойынша жүйелі жұмыстар ұйымдастырылады. Бүгінде Түркістан облысына қарасты аудандар мен қалаларда біз сөз еткен әлеуметтік мәселелермен күрес шаралары қарқын алған. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесі де жиі жиындар өткізіп, тақырыптың маңызын ашып, мәнін түсіндіріп келе жатыр. Әрине, мұның барлығы жастарды құрдымға тартатын түрлі түйткілдердің алдын алу бағытында атқарылуда.