«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖИҺАЗДАРЫН ОТАНДЫҚ КӘСІПОРЫНДАР ШЫҒАРАДЫ
Өткен жылы Үкімет «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына отандық жиһаз және әрлеу материалдарын өндірушілердің қатысуын арттыруды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Оған сәйкес, жаңа форматтағы мектептер құрылысы кезінде барлық жиһаз отандық тауар өндірушілерден сатып алынады. Кәсіпкерлерді қолдаудың қосымша шарасы ретінде ұзақмерзімді жеткізуді жоспарлауға және тиімді шарттармен жобаны қаржыландыруға мүмкіндік беретін алдын ала келісімшарттарды қолдану жағы тағы қарастырылған. Осы орайда, жуырда Шымкент қаласында ауқымды шара өтті.
Тарқатар болсақ, қаладағы «Көрме» орталығында жергілікті кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім ғимараттарын жабдықтауға арналған жиһаздар көрмесі ұйымдастырылды. Олардың қатарында нарықта белгілі «Mega Smart», «Ақниет Holding», «Alem Luxury», «Шымснаб 13», «СК Аймақ», «Қыдырбаев», «Shymloft» фабрикаларының тауарлары бар. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жиһаз түрлерімен танысып, мектептерді жоба талаптарына сәйкес жабдықтау бойынша нақты тапсырмалар берді.
Сонымен қатар өз сөзінде «Өндіріс орындарының қуаттылығына қарай кәсіпкерлерге заң шеңберінде мүмкіндіктер беріледі. Тиісті талаптарды қатаң сақтап, ең бастысы жиһаздардың білім алушыларға қолайлы әрі сапалы болуын қадағалаңыздар. Білім нысандарының заманауи талаптарға сай жабдықталуын назарға алу қажет» деп атап өтті қала әкімі. Жиһаз өндірушілер өндірістік қуаттылықтары мен мүмкіндіктерін таныстырып, бірлесе жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді. Ғабит Әбдімәжитұлы жауаптыларға кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаулар аясында көмек көрсетуде бірқатар тапсырма жүктеді.
Еске сала кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында 740 мың орындық 369 мектеп ашу жоспарланған. Бұл, өз кезегінде, апатты жағдайдағы және үшауысымды мектептер мәселелерін шешеді. Ұлттық жобаны іске асыру үшін 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 2,4 трлн теңге қарастырылған. 2023 жылы 461 мың орындық 217 мектеп құрылысын бастап, оларды биылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Ал 2024 жылы 279 мың орындық 152 мектеп құрылысын бастап, оларды 2025 жылы ашу жоспарланып отыр.