ТУБЕРКУЛЕЗ – АДАМЗАТТЫҢ БАСТЫ ИНФЕКЦИЯЛЫҚ ЖАУЫ
Тиімді дәрі-дәрмек болса да жыл сайын туберкулезден миллион адам қайтыс болады. Біздің ғаламшарымыздың үлкен бөлігінде инфекциялық аурулардың ішінде туберкулездің «ең қауіпті ауру» болып қала беретініне назар аударту үшін 24 наурыз-Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні өткізіледі.
Бұл күн жайдан-жай таңдалған жоқ. 120 жыл бұрын дәл осы күні Берлинде Роберт Кох ғылыми жұртшылық үшін таңғаларлық мәлімдеме жасаған болатын. Яғни ол осы қауіпті аурудың қоздырғышы-туберкулез микобактериясын ашқаны туралы хабарлады. Сол жылдары туберкулез Еуропа мен Америкада кең таралған, ғаламшардың әр жетінші тұрғынының қазасының себебі болатын. Жаңалық осы ауруды диагностикалау және емдеу саласында елеулі түрде алға жылжуға мүмкіндік берді.
Ауру туралы
Туберкулез көбіне тыныс алу мүшелерін (ең бастысы өкпе мен бронхты) зақымдайды, бірақ басқа да мүшелерді зақымдауы мүмкін, мысалы, сүйектер мен бұлшықеттерді. Осы айырмашылықтарына қарай туберкулездің екі негізгі түрі бар — өкпе туберкулезі және өкпеден тыс туберкулез.
Өкпе туберкулезі ұзақ уақыт бойы симптомсыз өтеді және флюорография немесе кеуде жасушасын рентген суретіне түсірген кезде анықталады.
Туберкулездің белгілері
Негізгі белгілері мыналар:
• жөтелу және қақырықтың бөлінуімен жөтелу, кейде қан араласуы;
• ұзақ уақыт бойы 37-37,5 градусқа дейін дене қызуының жоғарылауы;
• тез шаршау және әлсіздіктің пайда болуы;
• тәбеттің болмауы немесе азаюы, салмақ тастау;
• көп терлеу, әсіресе, түнде;
• денеге кішкене жүк түсірген кезде ентіге бастау.
Аталғандардың бір белгісі немесе екі немесе үш белгісі болуы мүмкін. Міндетті емес белгілердің бірі жөтел болады. Үш аптаның ішінде жоғарыда аталғандардың біреуі сақталған кезде бірден терапевт немесе фтизиатр дәрігерге шұғыл қаралу керек. Туберкулезді ерте анықтау және дұрыс емдеу кезінде жұқтырған адамдар бактерия таратуды тоқтатады және емделуі мүмкін.
Ауру қалай таралады?
Халық үшін негізгі қауіп өкпе туберкулезі, өйткені ауруды таралу жолы ауа-тамшылары арқылы жүреді. Дені сау адам туберкулезбен ауыратын науқас жөтелген, түшкірген және онымен сөйлескен кезде жұқтыруы мүмкін.
Туберкулездің ашық түрімен ауыратын бір науқас 24 сағат ішінде он миллиард бактерия бөледі, жөтелген кезде ауа арқылы таралады және айналасындағыларға жұқтырады.
Туберкулез қол алысу, ортақ дәретхананы қолдану, ыдыс-аяққа, төсек-орын мен киімге жанасқан кезде жұқпайды
Туберкулезбен кім ауыруы мүмкін?
Туберкулезбен ауыратын науқастармен байланыста болған кез келген адам туберкулезбен ауруы мүмкін. Байланыстың жақын болғанына қарай, ауру қаупі жоғары болады. Негізінен, туберкулездің дамуына ағзаның қорғаныш күштерінің азаюы әсер етеді. Олар — басына тиген қатты соққы, дұрыс тамақтанбау, күйзеліс, АИТВ-инфекциясы. Туберкулезді әсіресе мектеп жасындағы балалар мен егде адамдар жиі жұқтырады. Бірақ туберкулезбен ауыратын науқастармен байланыс жасаған адамдардың барлығы ауырмайды. Ағзаны қорғауға және басқа аурулардың пайда болуына иммунитеттік жүйе жауап береді. Туберкулездің дамуы мен өршуі ағзаның әлсіз иммунитеттік жүйесінің нәтижелері болып келеді.
Туберкулездің дамуына әсер ететін факторларға мыналар жатады:
• шылым шегу;
• күйзеліс;
• жеткіліксіз және дұрыс тамақтанбау;
• нашар тұрмыстық жағдай;
• маскүнемдік;
• нашақорлық;
• АИТВ/ЖИТС;
• созылмалы өкпе ауруы.
Туберкулезбен ауырмау үшін не істеу керек?
Салауатты өмір салтын ұстаныңыз.
• Шылым шекпеңіз – ол тыныс алу жолдарының қорғанышын әлсіретеді, ағзаның барлық иммунитетін азайтады;
• Ішімдікке салынбау – ол ағзаның жалпы қорғанышын азайтады;
• Құнарлы тамақтану;
• Жиі тексеріліңіз – Қазақстанда туберкулезді ерте анықтау үшін халықты жаппай профилактикалық-флюорографиялық тексерулер өткізіледі. Қызмет тегін;
• Вакциналау — туберкулездің таралуын тежейтін маңызды қадам. Балалар туберкулездік инфекцияларға әлсіз келеді және екпе егілмеген балалардың туберкулезбен ауруы ықтимал.
Егер бала манту сынамасын бағалау нәтижесі бойынша жұқтырса, ауруды анықтау үшін оны туберкулезге қарсы диспансерде қосымша тексереді және алдын-алу мақсатында, ауру дамымау үшін ем тағайындайды. Жұқтырған балаларға профилактикалық ем міндетті түрде жасалады, ол туберкулез талшықтарының көбеймеуін тоқтатады және аурудың дамуын тежейді. Шипажай және амбулаториялық түрдегі бейінді балалар мекемелерінде профилактикалық ем жасалады. Жұқтырған балаларда аурудың пайда болу қаупі профилактикалық ем жасаған кезде біршама азаяды.
Ескеріңіз!
Ауыр антибиотиктер қабылдау керектігінен, жанама әсер болатынынан қорықпаңыз. Қазіргі заманда, әсіресе, ауру уақытылы анықталған жағдайда туберкулез жақсы емделеді. Ең бастысы, емді үзбеу, себебі дәрі-дәрмекпен емделмеу, туберкулездің ауыр, емге қонбайтын, орнықты дамуына әкеп соқтыруы мүмкін.
Үйіңізде туберкулезбен ауыратын адам болса, не істеу керек?
Туберкулез талшықтарын бөлетін науқас мамандандырылған ауруханада емделеді. Ем ұзақ болады, бірақ ол туберкулезді жеңудің қажетті шарты есептеледі. Науқасқа үйде болуға, яғни амбулаториялық жағдайда емделуге рұқсат берсе, онда ол дәрілік заттарды жиі қабылдауды жалғастыруы тиіс. Бұл кезеңде жақын адамдардың қолдауы аса маңызды. Оның үйде болуына қарсылық көрсетпеңіз. Өйткені аса қатты сақтық шаралары науқаста күйзеліс тудыруы мүмкін.
Науқасты осы ауыр кезеңде отбасының барлық мүшелерінің қолдайтынын білдіріңіз, бірақ отбасы мүшелеріне жұқтырмау үшін дәрігердің нұсқаулықтарын қадағалау және қауіпсіздік шараларын қолдану қажет.
Ол үшін:
• оған бөлек бөлме бөліңіз;
• жеке ыдыс-аяқ беріңіз (оны бөлек жуу және қайнату керек);
• науқастың киім-кешектерін бөлек жуыңыз және қайнатыңыз (қайнату және үтіктеу оны зарарсыздандырады);
• науқастың бөлмесін зарарсыздандыру заттарын қолданумен ылғалды жуып-шаю жұмыстарын жиі жүргізу керек (хлор арқылы);
• Жөтелген кезде науқас ауызын қол орамалмен немесе бетпердемен жабуы керек;
• Науқастың қақырықты көше немесе жалпы қолдану орындарында емес, бөлінген ыдысқа түкіруі қажет;
• Науқастың балалармен қарым-қатынасын шектету керек;
• Науқаспен байланыс жасаған барлық отбасы мүшелері, сонымен қатар өзге де адамдар туберкулезге жиі тексерулері керек.
Шахризада АИМБЕКОВА,
ТО ДСБ «Облыстық фтизиопульмология орталығы» ШЖК МКК 1-терапия бөлім меңгерушісі.