«АУЫЛ АМАНАТЫ» АЯСЫНДА 102 ЖОБА ҚАРЖЫЛАНДЫРЫЛҒАН

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын агробизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу мақсатында қолға алынған «Ауыл аманаты» бағдарламасына Жетісай ауданынан Қарақай, Ж.Ералиев, Қазыбек би және Мақталы ауылдық округтерінің тұрғындары қатысуда. Бүгінде жалпы аудан бойынша өткізілген 1 млрд 301,3 млн теңгенің 219 құжатынан «Ырыс» МҚҰ арқылы 1 млрд 21,7 млн теңгенің 176 жобасы мақұлданған. Оның ішінде 555,4 млн теңгеге жасалған 102 бизнес-жоба қаржыландырылған.

Нақтырақ айтар болсақ, Қарақай ауылдық округі бойынша 402,4 млн теңгеге тапсырылған 281,9 млн теңгенің 71 құжатынан 55 жоба мақұлданып, 198,5 млн теңгеге 41 жобасы қаржыландырылса, Ж.Ералиев ауылдық округінен тапсырылған 62 құжаттың 32-сі 183,9 млн теңгеге қаржыландырылған. Одан бөлек, Қазыбек би ауылдық округінен 125,8 млн теңгеге 21 жоба, ал Мақталы ауылдық округі бойынша 8 жоба 47,3 млн теңгеге қаржыландырылған. 4 ауылдық округ бойынша қаражат алған 102 жобаның 9-ы өсімдік шаруашылығын, 83-і мал шаруашылығын таңдаса, 10 жоба түрлі қызметтерді көрсетуге арналған.
«Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының жаңа драйверіне айналады. Ол үшін біздің мемлекетте, ауданда барлық потенциал бар. Ауыл тұрғындарының табысын арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы жобалардың сәтті жүзеге асырылуы үшін қолға алынған «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына қатысушы тұрғындардың 152,4 млн теңгеге 24 жобасы кепіл шартына тұрып жатса, 43,4 млн теңге болатын 8 жобаның кепіл-шарты халыққа қызмет көрсету орталығында тіркелу үстінде» дейді Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Марат Айнабеков.
Айта кету керек, мемлект басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық қоғамдық штабта сөйлеген сөзінде ауылға баса көңіл аударылатынын жеткізген еді. Ел президенті өз сөзінде «Алдағы 3 жыл ауылдық аймақтарды барынша дамытуға арналады. Ауылдағы тұрмыстың қаладағы сияқты жайлы болуына күш саламыз. Игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару жұмыстарын тың қарқынмен жалғастырамыз. Ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тұжырымдамасы қабылданады. Бүкіл елімізде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылады. Жеке қосалқы шаруашылықтардың тең жартысы соның құрамына кіреді. Ауыл шаруашылығы саласында 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Жалпы, кооперативтерді дамыту үшін бюджеттен 1 триллион теңгеден астам қаражат жұмсалады» деген болатын.