БАУ-БАҚША ДАҚЫЛДАРЫНЫҢ ЕГІС АЛҚАБЫ 8,9 ПАЙЫЗҒА ҚЫСҚАРҒАН
шаруалардың мәселесіне министрліктің айтар уәжі қандай?
Жыл сайын қыс мезгілінде бақша өнімдерінің басым бөлігі елімізге Өзбекстаннан әкелінеді. Ала шапанды ағайын бүгінде ішкі нарықты қамтып қана қоймай, алыс-жақын шетелдерге экспорттауды жақсы жолға қойып алған. Ал біздің олардан үйренеріміз көп-ақ. Өйткені біздегі өнім көлемі жыл сайын құбылып тұрады. Бірде көкөністі жинай алмай, қар астында қалдырамыз. Енді бірде шіріп жатады. Енді бірде ішкі нарықты қамти алмай, шеттен тасимыз. Осы орайда, бүгінгі материалымызда бау-бақша өсірушілердің қазіргі ахуалы турасында тарқата жазуды жөн санап отырмыз…
Қазақстанның бау-бақша өсірушілері орақ науқанын бастады. Оның нәтижесі туралы айту әлі ерте, бірақ маусымның соңында қауын-қарбыздың жалпы өнімі бір жыл бұрынғыдан көп болады деген болжам бар. Десе де алдымен жағымсыз жаңалық туралы баяндайық. Былтыр диқандар үшін оңай болған жоқ. Қазақстанда соңғы бірнеше жылда алғаш рет бау-бақша өнімдерінің жалпы жиыны азайды. Шаруа қожалықтары 2,6 млн тонна өнім алған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 7,1 пайызға аз. Жалпы қауын-қарбыз 2017 жылдан бері алғаш рет азайған, оған дейін көрсеткіш тек өсіп отырды. Бұл туралы Еnergyprom.kz зерттеуінде көрсетілген. Қазақстанда қарбыздың басым бөлігі Түркістан облысында өсіріледі. ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, мұнда барлық бау-бақша өнімдерінің 59 пайызы өсіріледі. Екінші орында 19,7 пайыз көрсеткішпен Жамбыл облысы тұрса, үздік үштікті 6,9 пайызбен Қызылорда облысы аяқтайды.
Өткен жылы қауын-қарбыздың азаюына бірнеше себеп болды. Біріншіден, бау-бақша дақылдарының егіс алқаптары 8,9 пайызға қысқарды. Бұл — 2017 жылдан бері бұрын-соңды болмаған төмендеу. Қауын-қарбыз алқаптары шамамен 10 мың гектарға азайып, 100,3 мың гектар болды. Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігінің жоспары бойынша, бау-бақша өсірушілер егістікті бұрынғы көлемге дейін көбейтіп, 109,8 мың гектарға жеткізуі тиіс болатын. Бұл іс жүзінде орындалды ма, жоқ па, жыл соңында өсімдік шаруашылығындағы нәтижелерді жалпы қорытындылаған кезде ғана белгілі болмақ. Екіншіден, былтыр бау-бақша дақылдарының түсімі азаюына оңтүстіктегі жекелеген аудандарда өсімдіктерді суару мәселесінің туындауы себеп болды. Кейбір шаруалардың «КазВодХоз» серіктестігіне берешегі салдарынан су тапшылығы туындады. Сонда диқандар аптап ыстықтан егістік күйіп, жемістер піспей жатқанын айтты.
Ал биыл бау-бақшамен айланысушылар жұмыстарындағы қиындықтарға өндіріс шығындарының айтарлықтай өсуі де қосылды. БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында бағбандар былтырғымен салыстырғанда шығындарының төрт есе өскенін айтып шағымданды. ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы есебі де Қазақстанда бау-бақша өсіруге кететін шығындар шынымен де өскенін, бірақ соншалықты емес екенін растайды. 2017–2022 жылдар аралығында ешқашан еселеп өскен жоқ дейді. Барлық шаруа қожалықтары бойынша былтыр жалпы шығын шамамен 6 млрд теңге болды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда үштен бірге көп. Бір жыл бұрын өсім 25,5 пайыз болған. Осы орайда, Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл бағбандарды қолдауға ел бюджетінен 6,5 млрд теңге бөлінген. Ақша минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға, пестицидтерді сатып алуға кеткен шығындарды және басқа да шығындарды өтеуге жұмсалуы керек.
Шаруалар айтқан тағы бір мәселе – Ресей рублінің құнсыздануы. Қазақстандық диқандар көрші елдің валютасының құбылмалылығына алаңдаулы, өйткені олар өнімін Ресейге экспорттағандықтан, тауардың құны рубльмен төленеді. Айта кетерлігі, бұл шаруалардың кейбірінің ғана мәселесі, себебі Қазақстаннан бау-бақша өнімдерінің аз бөлігі ғана шетелге экспортталады. Мәселен, былтыр жиналған 2,6 млн тоннаның 39,7 мың тоннасы ғана шетелге сатылған, яғни 1,5 пайызы ғана. Негізгі сатып алушылар — Ресей мен Беларусь. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстан өз нарығын қауын-қарбызбен толықтай дерлік қамтамасыз етеді. Сатылымдағы ішкі өнім үлесі — 99,1 пайыз. Импорт айтарлықтай аз. Былтыр 62 мың тонна болды. Ал оның ішкі нарықтағы үлесі 1 пайызға жетпейді. Импортталатын қауын-қарбыз негізінен Өзбекстаннан әкелінеді.
Қорыта айтқанда, қауын мен қарбыз өсірушілердің саны алдағы уақытта да азаюы мүмкін. Өйткені саладағы мәселе шаш-етектен. Оның басында биыл күнгей шаруалары алға тартқан су тапшылығы мәселесі тұр. Түйткіл қанша көтерілгенімен, құлақ асып, шешімін көрсету жауапты сала басшыларының қолынан келе қоймады. Мұның салдары алдағы бірнеше жылда айқын білінеді. Қазірше ішкі нарықты қамту көрсеткішіміз жоғары. Дегенмен мұның жалғасарына күмән көп. Өйткені диқандар көтерген сауалдарға әлі де нақты жауап берілмей келеді…
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.