СОЗАҚТЫҚ 13 КӘСІПКЕР КӘСІБІН ДӨҢГЕЛЕТУГЕ МҮМКІНДІК АЛДЫ

Биылдан бастап республика бойынша іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында ауыл азаматтарының тұрмысын түзеуге бағытталған жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несие беріліп жатыр. Соңғы статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, Түркістан облысына қарасты Созақ ауданының 13 азаматы аталған бағдарламаның арқасында кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алған. 

Бүгінде Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков пилоттық жобаның өзектілігін ескеріп, арнайы лездемелік жиындар өткізіп келеді. Жиында тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеріп, кәсіпкерлікті дамытуға арналған жобаны ұтымды пайдалану мақсатында ауыл округ әкімдері мен жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар жүктеліп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары түрлі бағытта жүзеге асырылып жатыр. Бұл жөнінде облыстан арнайы жұмысшы топ келіп, шаруалар мен кәсіпкерлік бастамасы бар халықпен кездесулер өткізді. Жеңілдетілген несиелер бойынша қажетті ақпараттармен бөлісіп, несиенің алу жолдарын түсіндірді.
«Ауыл аманаты» пилоттық жобасын жүзеге асыру үшін бірінші кезеңде ауданда Созақ және Құмкент ауылдық округтері ұсынылды. Аталған ауылдық округтерінен кооперативтер құрылды. Қазіргі таңда 62 азамат құжат тапсырды. Оның ішінде 42 азаматтаң құжаты 187,700 млн теңгеге мақұлданып, 13 азамат 61 млн теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Бағдарламаның екінші кезеңінде Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтері ұсынылып, кооперативтер құрылды. Қазіргі таңда кооператив мүшелері тіркеліп жатыр.