ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ӘСКЕРИ ХИМИК–ГЕНЕРАЛЫ

7 мамыр — ҚР Қарулы Күштерінің құрылғанына 31 жыл толуы қарсаңында көпшілік біле бермейтін қазақтан шыққан батыр жайында тарқата жазуды жөн санап отырмыз. Ол – Кеңес Одағының қазақтан шыққан тұңғыш генералы Жексенбаев Шәкір Айталыұлы. Бүгінгі ұрпақ солардың есімдерін ұлықтап, ел алдындағы өнегелі, жарқын істеріне ерекше мән беріп, қадір тұтып өтуі керек.

Шәкір Жексенбаев 1901 жылы 28 ақпанда Бөкей облысының Долбұн-Шоңай ауылындағы кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Осы кісі жайлы, өкінішке қарай, баспасөз беттерінде көп айтыла бермейді. Ол бала кезінде ауылдағы бастауыш мектептен білім алады. Оқуға деген талабын әрі қарай ұштап, Хан Ордасы қалашығында бастауыш училищесіне түседі. 1917 жылға дейін сонда оқып, Бөкей облысының Долбұн-Шоңай болысының жұмысшылар, шаруалар кеңесінің, қызылдар депутаттарының Атқарушы комитетіне мүше болып сайланады.
1919 жылы өз өтінішімен І Үлгілі Қырғыз (Қазақ) атты әскер қатарына қабылданып, көп кешікпей Орынборда ашылған командирлер курсын да тәмамдайды.
Сол жылдың қараша айында Қызыл аттылар әскерінің құрамына Борисоглебск Кеңестер кавалериялық курсына оқуға түседі. Одан соң І Қазақ кавалериялық дивизионында взвод басқарады. 1920 жылы Қазақ өлкелік әскери-революциялық комитетінің жолдамасымен Мәскеудегі Жұмысшы-шаруа қызыл әскер академиясына оқуға барады. 1925 жылы академия басшысы Фрунзенің қолынан үздік оқу бітіргені жайлы куәлік алады.
1925 жылы Қырғыз (Қазақ) Республикасының Орталық комиссариатының Қырғыз (Қазақ) әскерінің оқу бөліміне басшылыққа ұсынылады. Ал 1926 жылы Қазақ КСР-і әскери комиссариатының атқыштар бөліміне басшы болып тағайындалады.
1930-1931 жылы жоғары химиялық курсты бітіріп, әскери химик атанады. Оның химиялық істерге байланысты жаңа қолбасшылық қызметі басталады. 1931-1932 жылдары КСРО әскери және теңіз істері бойынша Халық комиссариатының Әскери-химиялық секторы бастығының орынбасары болып, Мәскеуде жұмыс істеді. Кейіннен Украина әскери аймағында құрылған Байкалдың арғы жағындағы қызылтулықтардың Қиыр Шығыстағы әскерінің жеке құрамына командир-комиссар болып барды. 1939-1940 жылдары полковник ретінде солтүстік әскердің 2-тобына басшылық жасады. Ал 1940-41 жылы Калининдегі әскери училищенің курсанттар батальонына жетекшілік етті.
Қиян-кескі майдан басталғанда ол батыс майданы химиялық қорғаныс бөлімі бастығының аға көмекшісі, кейінен орталық майданда химиялық қорғаныс бөлімінің қызметкері, оңтүстік-батыс майданы үшінші Брянск әскерінде химиялық қорғаныс бөлімінің бастығы міндетін абыройлы атқарады. Яғни майданның нағыз қауіпті жерлерінде алғы шепте жүреді. Соғыс басталған тұста Кеңес әскерлері үздіксіз шегінумен болды да, жау қолында қалып бара жатқан үлкен қоймаларды жойып жіберу қажеттілігі туындады. Ол үшін аса қуатты химиялық жарылғыштар қажет болды. Сөйтіп Жексенбаев бастаған мамандар жанармайдың түрлі қосындысы толтырылған шөлмек жасап шығарды. Бұл химиялық қару Кеңес әскерлері үшін жаудың бетін қайтарудың бірден-бір құралы болды. Айталық 1943 жылы 6 мың танк, 4 мың ұшақ, 2 миллион адам қатысып, 49 күнге созылған атақты Курск шайқасында алғаш рет неміс әскеріне осы қару қолданылып, күйрете соққы берілді. Дыбыстық және түтінді шашкалар, артиллериялық снарядтар, миналар мен ампулалар түнгі уақытта «У-2» ұшағымен жаудың алғы шебіне, қару-жарақ базаларына тасталып олардың есін шығарды деп жазады құжаттарда.
Орталық майданның бас қолбасшысы маршал К.Рокоссовский Шәкір Жексенбаевтың Курск майданында сіңірген еңбегін жоғары бағалап, қазақ азаматы жайлы Кеңес әскері Бас әскери шаруашылық басқармасына жолдаған жауынгерлік мінездемеде «Брянск майданы химиялық қорғау бөлімінің бастығы полковник Шәкір Жексенбаев жолдас — саяси сауатты, адамгершілігі мол, жігерлі, өз бетімен дұрыс шешім қабылдай білетін таңдаулы командир. Өз ісіне жауапты және жолдастыққа адал. Қоғамдық және партиялық жұмыстарға белсенді араласады. Денсаулығы мықты әрі шыдамды» деп жазылған.
Кейін маршал К.Рокоссовский «Солдатский долг» атты кітабында «Майдан барысында ең қауіпті нүктелерге отқаруларды (огнемет) және жарылғыш бөтелкелерді орналастырып, солдаттарды химия мамандары жасаған жарылғыш заттармен қаруландырып, мықты қорғаныс шебін құрдық» десе, кейінгі жылдары тұлғаның әскери қызметі жайлы зерттеген Сансызбай Сейтақанов ағамыз «Маршалдың кітабында айтылған жарылғыш бөтелке («Бутылочный пара») дейтін химиялық жарылғышты жасап шыққан қазақ азаматы Жексенбаев болатын. Бұл қоспаның ерекшелігі танктің зеңбірек оғы өтпейтін шойын темірді қыздырып жібереді екен» дейді.
Жоғарыдағы жетістіктерінен кейін Жексенбаевты Брянск майданының бас қолбасшысы, генерал-полковник Макс Рейтер 1943 жылы 10 мамыр күні жоғары әскери атаққа ұсынады. Полковник Шәкір Жексенбаевты Бас штаб Мәскеуге шақырып химиялық қару маманы ретінде есебін тыңдайды. Дәл есеп беріп тұрған сәтінде радиодан атақты Юрий Левитанның «Әскери-химия маманы Шәкір Жексенбаевқа генерал-майор атағы берілді» деген рухты үні естіледі. Бұл 1943 жылы қазан айының 14 күні болатын.
Неміс фашистері тізе бүккеннен кейін Жексенбаев майдан даласын химиялық қару қалдықтардан тазарту ісіне атсалысады. Одан кейін 1945 жылы 7 қараша күні Қызыл алаңда өткен атақты шеруде химия полкын генерал-майор бастап сап түзейді. Шәкір ағаның әріптестермен бірге полк бастап шеруге шыққалы тұрған сәттегі фотосы сақталған.
Соғыстан кейін қазақ генералы Одақтың жоғары әскери оқу орындарында ұстаздық еткен. Атап айтсақ, Мәскеудегі К.Ворошилов атындағы Химиялық шабуылдан қорғану әскери академиясында факультет бастығы, В.Куйбышев атындағы Әскери инженерлік академиясында кафедра меңгерушісі, аға оқытушы, сондай-ақ Бауман атындағы Жоғары техникалық училищеде, И.Лихачев атындағы Мәскеу автомобиль зауытының жоғары техникалық училищесінде ұстаз болғаны белгілі. Бұл қызметін 1971 жылға дейін жалғастырады.
Қазақ даласында жаңа заман орнауына еңбек сіңіріп, Азамат соғысы, Ұлы Отан соғысына қатысып, әскери химияның майталман маманы ретінде Ленин, төрт мәрте «Жауынгерлік Қызыл ту», «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» сынды орден-медальдармен марапатталған қазақ генералы 1988 жылы 23 ақпанда өмірден озды.
Жалғыз ұлы Олег Жексенбаев медицина ғылымдарының докторы атанса, 1954 жылы туған немересі Марина Мәскеуде тұрады.
Артында мұра болып 1985 жылы жарық көрген «И горек дым войны» («Соғыстың ащы түтіні») атты құнды еңбегі қалды. Ол 1986 жылы «Жалын» баспасынан жарық көреді. Ш.Жексенбаев өз кітабында «Менің туған өлкем. Бір адамның дауысын ол қуатты етеді, он есе күшейтеді, ал оның жанын, бейне бір туған анасындай еркелетеді, мұңайған кезінде жұбатады, қолдайды» деп тебіренеді. Оның аяулы есімі Ұлы Отан соғысының шежіресінде алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз. Енді ол туған елі – Қазақстанда өскелең ұрпақтарға ұлықталса. Оның Ұлы Жеңіске қосқан үлесі, әскери білімі мен атқарған қызметі бұған әбден лайықты деп ойлаймын.
Осындай ірі тұлғалардың ұстаздық тәжірбиесін және еңбегін пайдалана отырып, «М.Әуезов атындағы ОҚУ» КЕАҚ әскери кафедрасында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери қызмет етіп тәжірбие жинаған және Ауғанстан, Тәжік-Ауған, Таулы Қарабах және Чернобыль апаты ардегерлері оқытушылар қызмет атқарады. Әскери кафедрада радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау бойынша студенттер әскери мамандықтарын шыңдауда. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері офицерлерінің қорын толтыруда.
Келешекте осы жастардың арасынан осындай ірі тұлғалар шығатынына сенемін. Болашақ жастардың еншісінде!

Нұржан Серікбайұлы Сағынбеков,
«М.Әуезов атындағы ОҚУ»
КЕАҚ әскери кафедрасының
оқытушысы, запастағы майор.