ӘЛЕМДЕ ТАЛАЙ ҚЫЗЫҚ БАР…
САУД АРАБИЯСЫ 4 КҮНДІК ЖҰМЫС АПТАСЫНА КӨШУІ МҮМКІН
Сауд Арабиясы жұмыс аптасын қысқартып, үш демалыс күнін енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы елдің Адам ресурстары және әлеуметтік даму министрлігі мәлім етті.
Әлеуметтік желідегі сауалға министрліктің Twitter-дегі қолдау тобы қазіргі уақытта жұмыс жүйесі қайта қаралып, демалысты екі күннен үш күнге ұзарту мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты. Өзгерістер министрліктің бірнеше рет бағалауымен қаралады. Сарапшылар жұмыс орындарының санын ұлғайту және жергілікті және халықаралық инвестициялар үшін еңбек нарығының тартымдылығын арттыру жолдарын сараптайды.
Жұмыс аптасын қысқарту құжатының жобасы қоғамдық талқылауға арналған сауалнама платформасында да бар. Жоба жүзеге асса, Сауд Арабиясы қысқартылған жұмыс аптасын енгізген Біріккен Араб Әмірліктерінен кейінгі екінші ел болады. 2022 жылдың 1 қаңтарында БАӘ жаңа 4½ күндік жұмыс аптасына ауысып, демалыс күндерін жұма-сенбіден сенбі-жексенбіге ауыстырды.
Жұма күндері бюджеттік ұйымдар мен мектептер тек түске дейін жұмыс істейді. БАӘ-дегі Шарджада қызметкерлер аптасына үш күн — жұма, сенбі және жексенбі күндері демалады. Шарджада төрт күндік жұмыс аптасы енгізілгеннен кейін бір жылдан астам уақыт өткенде үкімет жүргізген зерттеу жұмысшылардың өнімділігі, психикалық денсаулығы 90 пайызға артқанын көрсетті.
«СЕУЛ ДӨҢГЕЛЕГІ» НЕСІМЕН ЕРЕКШЕ БОЛМАҚ?
Оңтүстік Корея астанасында «Сеул дөңгелегі» деп аталатын 180 метрлік шабақсыз шолу дөңгелегі салынады. Қала билігі аттракцион 2027 жылы қаланың солтүстік-шығысындағы Ханыль саябағында орнатылатынын мәлімдеді.
Шабақтары жоқ шолу дөңгелегі — жаңа әзірлеме. Әдетте шолу дөңгелектерінің ортасынан өтетін шабақтары болады, бірақ соңғы бірнеше жылда технология оларсыз айналу мүмкіндігін беретіндей деңгейде дамыды. Аттракцион әлемде шабақсыз айналатын ең үлкен айналма дөңгелек болады деп күтілуде.
«Сеул дөңгелегі» — бұрын қоқыс орны болып, қазір жасыл жобалар үшін пайдаланылатын Сангам-донда өтіп жатқан бірнеше бастаманың бірі. Үкіметтің хабарлауынша, ол күн энергиясы сияқты экологиялық таза технологияларды пайдаланатын болады. Аттракцион құрылысы аяқталған соң онда әрқайсысында 25 адамға дейін сыйып кететін 36 вагон болады. Толық қуатына шыққаннан кейін ол тәулігіне 11 792 адамды қабылдай алады.
Қазіргі уақытта әлемде шабақсыз айналатын ең үлкен шолу дөңгелегі Қытайдың Шаньдун провинциясында орналасқан. Оның биіктігі 145 метр. Өткен жылдың күзінде БАӘ-да ашылған Ain Dubai аттракционы әлемдегі ең биік шолу дөңгелегі атағын сенімді түрде иеленеді. Оның биіктігі — 250 метр.
ТАЙВАНЬ ДЕМАЛУҒА КЕЛГЕН ТУРИСТЕРГЕ АҚЫ ТӨЛЕМЕК
2023 жылы Тайвань билігі елге демалуға келген туристерге 5 мың тайвань долларын (шамамен 68 мың теңге) төлемек. Осылайша туризм дамуын қолдау және елге алты миллион демалушыны тарту жоспарланған.
Тайвань туристік бюросының бас директоры Чан Ши-Чжунның айтуынша, бұл төлемдер Тайваньға барған кезде пайдалануға болатын туристік картаға сандық бағытта жіберіледі. Бұл қаражатты азық-түлік, пәтерде не қонақ үйде тұру және көлік тасымалына жұмсау ұсынылады. «Тайвань өз шекарасын тек 2022 жылдың қазан айында ашты, содан кейін ол өткен жылдармен салыстырғанда туристер санының оннан бір бөлігін де тарта алмады» делінген жарияланған дерек көздерінде.
Қыркүйекте Тайвань визасыз режимнің күшін жойды, бұл тәжірибе ретінде кейінгі төрт жылда жүзеге асырылған еді.
АНТИРЕЙТИНГ: АЗИЯЛЫҚ ЕЛДЕР КӨШ БАСТАДЫ
Welcoming Countries Rank тұжырымы бойынша 2023 жылы ең қонақжай емес елдер рейтингінде КХДР, Түркіменстан және Ауғанстан көш бастады. Бұл елдерге кіру үшін кез келген мемлекеттің азаматына виза қажет. Рейтингті Passport Index сарапшылары құрастырды.
Тізімге 200-ге жуық мемлекет енген, бір елге кіру үшін визаны қажет етпейтін елдер саны бірнешеу болуына байланысты (мысалы 198 елге 20 ел әлемнің 198 мемлекетінен келгендерге жеңілдетілген тәртіппен кіруге рұқсат береді) рейтингте 85 орын ғана бар.
Екінші орынға (84-орын) Бутан және Ливия жайғасты, олар небәрі үш елдің азаматтарына визасыз кіруге рұқсат береді. Антирейтингтің үшінші орнын (83) Эритрея иеленді, мұнда төрт елдің азаматтары визасыз кіре алады. Ары қарай 82-орында — Экваторлық Гвинея, 81-орында Алжир мен Судан тұр. Әлем жұртшылығының көбін тек визамен ғана кіргізетін елдер қатарында Камерун, Мьянма, Йемен, Сирия, Либерия, Науру, Конго және Чад бар.
ХЕОПС ПИРАМИДАСЫНАН ҚҰПИЯ БӨЛМЕ ТАБЫЛДЫ
Әлемдегі ең үлкен Египет пирамидасы – биіктігі 140 метрге жететін Хеопс пирамидасы. Ғалымдардың айтуынша, ол миллиондаған әктас блоктарынан тұрғызылған. Оны салу үшін құрылысшыларға 20 жылдан астам уақыт қажет болған. Хеопс пирамидасы бүгінге дейін сақталған жалғыз «Әлемнің жеті кереметі» екендігімен де ерекшеленеді. Ол өте жақсы зерттелген, бірақ әлі де көптеген құпияларға толы.
Мәселен, Хеопс пирамидасынан 4500 жыл бойы ешкім кірмеген құпия бөлме табылды. Хеопс пирамидасы Гизаның ұлы пирамидасы ретінде де белгілі. Оның жасы 4500 жыл деп есептелінеді, яғни бұл дүниенің аман қалған жалғыз кереметі ғана емес, сонымен бірге олардың ішіндегі ең ежелгісі саналады. Хеопс пирамидасының ішінде құпия өткел бар екенін ғалымдар 2016 жылы болжаған. Ғылыми құрал-жабдықтар оларға Мысыр қабірінің негізгі кіреберісі үстінде қуыс бөлік бар екенін анық көрсетті. Оның көлемі мен тереңдігі қандай екенін ешкім білмеді, өйткені жаңалық тек есептеулер арқылы жасалды. Бірақ жақында Мюнхен техникалық университетінің мамандары эндоскопты қолданып, қабырғаны бұзбай, құпия өткелді суретке түсірді.
«Пирамидалар — ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасы. Бұл дегеніміз — біз ештеңеге зиян келтірмеу үшін зерттеу жұмыстарын жүргізгенде ерекше сақ болуымыз керек дегенді білдіреді. Біз Хеопс пирамидасын қабырғаларды бұзбай, кейде тіпті алыстан зерттеуге болатын құрылғылармен зерттеу үстіндеміз» дейді археологиялық жаңалық авторлары.
Хеопс пирамидасының бұрын беймәлім ішкі өткелін суретке түсіру үшін ғалымдар әктастардың арасынан шағын тесік тапты. Оған кішкентай түтік қойылды, сол арқылы кейіннен эндоскопиялық камераның объективін жұмбақ қуысқа өткізуге мүмкіндік туды. Хеопс пирамидасының құпия қуысы бұрын ойлағаннан әлдеқайда үлкен екені белгілі болды. Ғалымдар оған бірнеше адам сияды деп есептейді.
«Пирамидада қуыс кеңістік табу қазірдің өзінде ерекше нәрсе. Бірақ бұл бөлмеге бірнеше адам сиятындай үлкен болуы жаңалықты одан да маңыздырақ етеді» дейді зерттеу жетекшісі Кристиан Гросс.
Бастапқыда ғалымдар Хеопс пирамидасының ішіндегі қуыс ұзындығы 5 метрдей дәліз сияқты нәрсе деп есептеді. Дегенмен жаңа зерттеу нәтижелері бөлменің өлшемдері осы ұзындықтан бірнеше есе көп екенін көрсетеді. Фотосуретке қарағанда, бөлменің ішінде адам әрекетінің бірде-бір белгісі жоқ. Зерттеу тобы 4500 жыл ішінде, яғни Гизаның ұлы пирамидасының құрылысы аяқталған күннен бастап ешкімнің ішінде болмағанын болжайды. Ғылыми жұмыстың авторлары өте маңызды жаңалық ашқандарына сенімді.
Құпия бөлменің ішінде ештеңе жоқ. Дегенмен археологтар қазір бұл шағын бөлменің артқы қабырғасының артында не жатқанын зерттеп жатыр. Бұл жаңалық тағы да Мысыр пирамидаларын әлі де зерттеп, олар туралы жаңа нәрсе білуге болатынын көрсетті. Технология бір орында тұрмайды, жаңа құрылғылардың көмегімен жаңа мүмкіндіктер ашылады.