БИЫЛ TАУАР ИМПОРТЫ ТАРИХИ КӨРСЕТКІШТЕРДЕН АСЫП ТҮСУІ МҮМКІН

Еліміздегі ең өзекті мәселенің бірі – ішкі нарықтағы сұранысты отандық өніммен жаба алмау. Бұл тұрғыдан келгенде ұтыларымыз анық. Ұтылып та келеміз. Мәселен, Шығыс Еуропадағы соғыс өрті тұтанар уақыттан бұрын тауарлардың дені Ресей арқылы келетін.

Геосаяси жағдай ушығып, санкция салқыны сезіле бастаған тұста базардағы баға күрт қымбаттап, кей тауарлар қат болып шыға келді. Осы тұста тәуелсіздік жылдарында өнеркәсіпті дамытып, шағын және орта бизнесті ілгерілете алмағанымыз айқын сезілді. Бұл жағдай бүгін-ертең аяқталмайды. Өйткені импортқа деген тәуелділік биыл арта түспек.
Нақтырағы, 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет нақтыланып жатқан Сенат отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов елдегі төлем балансы қандай динамика көрсететінін тарқатып айтып өтті. Яғни Ұлттық банктің бағалауынша, төлем балансының ағымдағы шоты профицит аймағынан орта мерзімді перспективада дефицит аймағына біртіндеп ауысады. Шикізат бағасының түсуіне және импортқа деген сұраныстың өсуіне байланысты ағымдағы шоттың оң сальдосы қысқарып отыр.
Оның болжамынша, экономикалық даму болжамының базалық сценариі сақталса, мұнай саудасының есебінен тауар экспортының деңгейі қазіргі деңгейде сақталады. «Ал тауар импорты болса, одан әрі өсіп, біздің болжам бойынша, ең жоғары тарихи көрсеткіштен асып түседі. Импорттың өсіп келе жатқан деңгейі халық пен бизнестің арта түскен сұранысын қанағаттандыру үшін Қазақстандағы өндірістің жеткіліксіз болуына, мемлекеттік бастамалар мен экономиканы қолдау бағдарламаларының іске асырылуына байланысты болып отыр» деді Ғалымжан Пірматов. Демек импортқа иек артып, шетелдік тауарларды тұтынуға мәжбүрміз. Бұл – жауапты министрлік үшін жақсы сылтау. Өйткені шеттен келетін тауардың бағасына бақылау орнату, тіпті, қиын. Бағаны түсіруге талпынса, онсыз да шатқаяқтап тұрған отандық өнімнің өндірісіне кері әсер етеді. Ал отандық өнімді қорғауға тырысса, баға аспандап шыға келеді. Оның кесірі қалт-құлт еткен халыққа тиетіні бесенеден белгілі…

С.НҰРАЙ.