ҰЛТТЫҚ ҚОРҒА ҚОЛ САЛУ ТЫЙЫЛМАЙ ТҰР

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Сенаттың жалпы отырысында 2023 жылға арналған бюджет параметрлерінің болжамын таныстырды.

«2023 жылы республикалық бюджеттің кірістері бекітілген жоспардан 720 млрд теңгеге өсе отырып, ЖІӨ-нің 12,1% немесе 14,6 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Республикалық бюджетке қосымша түсімдер кіріс базасын ұлғайту, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту, цифрландыру бойынша Үкімет қабылдап отырған шаралар есебінен қамтамасыз етіледі» деді вице-министр.
Нақтырақ айтсақ, бюджет кірісі біржолғы түсімдер есебінен 316 млрд теңгеге, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту есебінен 404 млрд теңгеге ұлғайтылмақ. Сонымен қатар ұлттық деңгейдегі әлеуметтік маңызы бар жобаларды және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін ұлттық қордан 800 млрд теңге көлемінде нысаналы трансферт қосымша тартылады. 2023 жылы бюджет тапшылығын 3,2 трлн теңге көлемінде немесе ЖІӨ-нің 2,7% деңгейінде сақтау ұсынылады. Осыны ескере отырып, республикалық бюджеттің шығыстары бекітілген көлемнен 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, 22,5 трлн теңгені құрамақ.
Ұлттық қорға қол салу бастамасына Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев алаңдаушылық білдірді. Өз сөзінде «Жалпы біз базалық инфрақұрылымды және стратегиялық шығындарды ұлттық қордан қаржыландыру керектігін қолдаймыз. Бірақ сонымен бірге ұлттық қор қаржысын 100 млрд долларға дейін жеткізу туралы Президент тапсырмасын да орындауымыз керек. Қазір біз ұлттық қор қаржысының төмендеу тенденциясын көріп отырмыз. Кейінгі 8 жылда ұлттық қорымыздың қаржысы 73 млрд доллардан 57 млрд долларға дейін түскен. Яғни, төмендеу тенденциясына куә болып отырмыз. Міндетіміз — ұлттық қор қаражатын ұлғайту арқылы балалар шотына бөлінетін ақшаны көбейту болып тұр. Осыған байланысты бәрімізге алдағы кезеңде қаржылық тәртіп керек шығар. Алда Мәжілістің жаңа депутаттары келеді, жаңа партиялар, жаңа күн тәртібі алға шығады. Жаңа бастамаларға ақша сұрайды. Олардың өз міндеттері бар екені түсінікті. Дауыс берушілерге жұмыс істеп жатқанын көрсетуі керек. Бүгінде ұлттық қор қаражатын пайдалану мәселесі, жалпы экономиканың дамуы оңай болып тұрған жоқ. Сондықтан бәріміз қаржылық тәртіпке келуіміз керек» деді ол. Қорыта айтқанда, жыл өткен сайын көбеюі керек Ұлттық қордың қаражаты керісінше азайып барады. Бұл – көкейтесті мәселе. Үкімет қорға иек артуды доғармаса, болашаққа жинаған қаржының жуық арада ортайып, түбі көрінетіні анық.
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.