ТАҒЫ БІР ЕЛДІ МЕКЕН САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ

Еліміздегі ең түйткілді мәселенің бірі – инженерлік инфрақұрылым. Күні бүгінде өңір-өңірде аталған мәселені шешу мақсатында қыруар іс қолға алынып жатыр. Нәтижесінде тұрғындардың түйткілді мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп келе жатыр. Мәселен, Республика күні қарсаңында Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Әлімтау елді мекеніндегі 1198 тұрғын таза ауыз суға қол жеткізді. Осыған орай аудан әкімі Мұхит Отаршиев тұрғындарды арнайы құттықтады.

«Біз үшін ауылды көркейту, ауыз сумен қамту, көгілдір отын жеткізу және халықтың әл-ауқатын арттыру – басты назардағы мәселе. Алдағы уақытта да аудан аумағындағы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары өз жалғасын табатын болады. Мұның барлығы да Мемлекет басшысының жыл сайынғы бізге арналған Жолдаулары мен тиісті міндеттемелерінің арқасында мүмкін болып отырған игілік деп білемін» – деді аудан басшысы. Ауыл ақсақалдары тұрғындардың атынан басшылар мен мердігер компанияға ризашылығын жеткізді.
Әлімтау елді мекенін таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған еді. Биыл пайдалануға беріліп отыр. Жобаға сәйкес елді мекенде екі ұңғыма қазылып, 21,8 шақырым ауыз су құбырлары тартылды. Сондай-ақ ұңғымадан шыққан суды тазалауға арналған екі дана мембрана қондырғылары орнатылды. Айта кету керек, жалпы ауданда тұрғындардың санына шаққанда орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтылу деңгейі 74,5 пайызды құрайды. Биыл елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 8 нысанның құрылыс монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр.