ӘКІМДЕР САЙЛАУЫ: ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР БАР?

Көп арасында әкім мен әкімдік жұмысына қатысты сын көп. Кейде қаншама сын айтылып, мәселе көтерілсе де, орнынан қозғала қоймайтын өңір басшыларын көріп жататынымыз жасырын емес. Ауданды жылдап басқарса да, түйткілдердің түйінін ағыта алмайтын басшылар бар. Тіпті, кері байланысқы шықпайтындары да ара-тұра көрініп қалады. Осындайда «халықтың үніне құлақ аспаса, креслоға кенеше жабыспай, орынды босатпай ма?» деген заңды сауал ойымызға сап ете қалады. Енді істің иіріп әкете алмаған әрі халықтың сенімінен шықпаған әкім орынтағымен қоштасуға тура келеді. 

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге аудан немесе ауыл әкімі қызметін 8 жылдан аса уақыт атқаруға тыйым салынады. Бұдан бөлек, енді аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің немесе ауылдық округтің әкімдері төрт жыл мерзімге сайланады. Ал бір адам қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды. Тиісінше, мұндай лауазымның жалпы мерзімі сегіз жылдан аспауы керек. Алайда мұндай шектеу тек 2021 жылдың 24 мамырында ғана енгізілген.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арай Ізбаевтың айтуынша, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент немесе ауылдық округ әкімдері тиісті елді мекеннің тұрғындары жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайлайды. Әкім 25 жасқа толған Қазақстан азаматтары арасынан төрт жыл мерзімге сайланады. Бұл лауазымға үміткерлердің жоғары оқу орнынан кейінгі немесе жоғары немесе орта білімнен кейінгі немесе техникалық және кәсіптік білімі, мемлекеттік лауазымдарда екі жылдан немесе лауазымның функционал бағыттарына сәйкес салаларда төрт жылдан кем емес, оның ішінде басшы лауазымдарда екі жылдан кем емес жұмыс өтілінің болуы сынды талаптап қойылады. Ал әкімнің өкілеті әкімнің қайтыс болуына, әкімді әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке шектеулі қабілетсіз деп тану туралы сот шешімінің заңды күшіне енуіне, із-түзсіз жоқ болуы немесе оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі шыққанда, саяси партияға мүше болуын тоқтатқанда, жоғары тұрған әкімнің мәслихат депутаттарының әкімге қатысты білдірген сенімсіздік вотумын қабылдағанда, Қазақстан азаматтығын тоқтатқанда, жаңадан сайланған әкімді сайлау комиссиясы тіркегенде, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
«Әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәслихаттың мәселе қарауы үшін жергілікті қоғамдастық жиналысының әкімді қызметінен босату туралы мәселеге бастамашылық етуі негіз болады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы бұзу, сондай-ақ қызметтік әдепті сақтау мәселелері бойынша әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдеріне жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын қарайды. Биыл бірінші жартыжылдықта агенттікке жоғарыда аталған ауылдық округтерден өтініштер түскен жоқ» деп қорытындылады ведомство өкілдері.