БАЛА КӨҢІЛДІ МҰХТАР ЕДІ

Соңғы рет телефонда сөйлескенімізде Мұхтардың көңілі алабұртып, ерекшеленіп кеткендей сезілді.
– Ерлан қайдасың, жолығайық. Мен бара саламын – деді.
– Мен Ордабасы ауданында іссапарда жүрмін, — деген соң ғана екпіні басылғандай болып, – А жарайды, ендеше, ертең Түркістанда жолығамыз деген. Бірақ Түркістанда жолығудың сәті түспеді. Ермаханның 55 жасқа толуына орай шығармашылық кешіне Мұхтардың өзі Түркістанда жүргенімен, сырқаттанып келе алмады. Мазасы болыңқырамай тұрғанын сезген Ерекең, «Мұхтар сен бармай-ақ қой» деп оны үйде қалдырғанын айтты. Бірер күн өткенде, Мұхтардың жүрегі соғуын тоқтатты деген суық хабар жетті.
Мұхтармен 1988 жылы мектепті бітіріп, КазГУ-дің журналистика факультетіне түскен жылы таныстық. Оқуға түсе сала ауылшаруашылық жұмыстарына бірге бардық. Мұхтар Атабеков, Ермахан Әбдіраманов, Қаныбек Әбдуов, Бауыржан Ғұбайдуллин, Бақытжан Әлімқұловтардың қатары әскерге барып келген, жиырманың үстіне шыққандар, бізге қарағанда ақыл тоқтатқан, өмір көрген жігіттер болды да, біздер мен, Нұржан Қуантай, Мағжан Қыстаубаев, Серік Мұқашев, Бекжан Әліқұлов, Асқар Серғалиев, Мұхтар Түменбай және тағы басқаларымыз мектептен кейін оқуға түскендер едік. Қазақ тобындағы студенттер арнайы пәндерді екі топқа бөлініп оқысақ та, лекцияда бірге отырдық. Бастысы бір отбасының баласындай, тату-тәтті сыйластықта болдық. Әскер көргендер де, мектептен кейінгілер де заман құрдас болып араластық. Ол заманда ру сұраспаушы ек, тек жерлес деп бір-бірін іштей жақын тартатын. Алғабастық Мұхтар да, түркістандық Ермахан да, арыстық мен де бір шымкенттіктер қатарында аталатынбыз. Мұхтар да, Ермахан да, Туғанбай да, темірландық бір курс жоғары оқыған Дидар Бегалиев те өзіме жақын болды. Бір жылдай Мұхтармен, тағы бір жылы Дидармен бір бөлмеде тұрдық. Бауырдай бірге өстік.
Журфактің 5 жатақханасы – КазГУ-ге танымал жатақхана. Ақыны да, жыршы-жырауы да жетерлік. Бәрі осында. Фойеде отырып бірде гитарасын қолына алған Табылды Досымовтың әндерін тамашаласақ, енді бірде термеші-ақын Мұхтар Бөпетаевтың жырынан нәр алатынбыз. Тамадалары да аз емес. Шохан Шөжееві бар, кейін олардың қатарына Ермахан да қосылды. Ал Мұхтар мен Ермаханның әзілдері таусылмаушы еді. Жігіттер арасында аңызға айналған. Әр кезгісі әртүрлі, күнде жаңа нұсқасы табылады. Әйтеуір түрлі айла-тәсілдер ойлап тауып, Советский секілді аңғал достарымызды сан мәрте алдап соғып, енді алданбаспын десе де, формасы өзгерген кезекті «айлаға» қайталап, жиі түсіп жататын.
Өзім де қолыма домбырамды алып, журфактің жатақханасындағы түрлі кештерде, жиын-тойларда, тіпті КазГУ-дің стадионда өткен алғашқы үлкен Наурыз мерекесінде арнау-жыр орындағаным бар. Сол жылдары Мұхтар Атабекке беташарға ұсыныстар жиі түсетін. Солардың бірнешеуіне бірге бардық та. Ол жүргізуші болатын, мен бет ашатынмын. Осындай кезекті бір беташар КазГУ-дің жұмысшылар асханасында өткен. Үйленген маңғыстаулық адай жігіттің есімі есіме түспеді, сонда Әбіш Кекілбаев келген. Келінге сәлем салғызып, аға да табаққа қаржы салған еді. Тойға кеткенімізді естіп, жатақханада ашқұрсақ қалған достар бізді күтіп отыратын. Келген соң, дастархан жайылып, көңілді отырыс жалғасатын.
Журфактің 5 жатақханасында республикалық басылымдардың редакциясымен, белгілі ақын-жазушылармен кездесулер жиі өтетін. Журфак пен филфак арасында студенттік кештер, сайыстар да. Бірінші курста жүріп, филфакпен болған кезекті бір сайыста Мұхтар мен Ермаханның қолпаштауы мен идеясы арқасында «Қыз Жібек» әзіл-сықақ сахналық қойылымында Жібектің рөлінде сахнаға шыққаным бар. Аяғыма шақ келер қыздардың туфлиі әрең дегенде табылып еді. Мұхтардың фантазиясы күшті болатын.
Жатақханадағы тіршілікте қызық та көп. Мұхтардың бір жағы «тұзы жеңіл» болатын. Бірде екінші қабатта балконда отырып, отырған темір трубадан жасалған жақтау айналып кетіп, жерге құлап түскені бар. Әлі есімде, бөлмеде едік, гүрс ете қалған дауыстан атып балконға шықсақ, Мұхтар жерде құлап жатыр. Мақсұт бар тағы басқалар алдымен күліп жатты, кейін Мұхтардың денесі қатты соққы алып, аузынан қан аққанын көрген соң барып, жігіттер жағы жағдайдың ауырлығын сезген.
Мұхтар көңілі ашық азамат болды. Бойынан бала мінезділігі де сезілетін. Бөтенге арам ойы жоқ, барлығын дос көретін. Сенгіш еді. Осы мінезінен опық та жеді. Жоғары курсқа таяғанда пойызда бір жағдай болып, істі болды. Ойламаған жерден бір жылға сотталып та кетті. Ер жігіттің басынан не өтпейді. Бұл да бір сынақ болар. Қайта Алла тағала оған осындай сынағы арқасында сергек бол деп серпіліс берді ме. Кім білсін?!.
Дипломын өзгелерден кештеу алды. Қанша жыл оқып, қай жылы дипломын қолға алғанын, диплом алу жолындағы жыры мен сырын бізден гөрі оқытушылық қызметте болған Ермахан терең біледі. Екеуі егіз қозыдай жүрді айтпақшы. Екінші курста ма, әлде үшіншіде ме екеуі бірдей былғары плащ кигендері әлі есімде. Мұхтардың Алматыда жүріп «Жас алашта» тілші болған жылдарынан, алғаш үйленіп, отбасы құрғанын тұстарын тек жалпылама өзінен естіп білгенім болмаса, көзбен көріп, барыс-келіс жағдайында болмадым. Себебі өзім Арыстағы бір жылдай аудандық газетте тілші қызметінен кейін, заң факультетін сырттай бітіріп, құқық қорғау саласы, оның ішінде ІІМ, Қаржы полициясы органдарында қызмет атқардым. Оңтүстік Қазақстан облысынан бөлек, Қызылорда облысында, Алматы қаласында, кейін Жамбыл облысында қызмет атқардым. 2001-2005 жылдары мен облыста жүргенде, анда-санда телеарнаға соғып, қал сұрасып тұрдық. Алғашқы неке көп ұзамай үзілгенін, кейін қайта тұрмыс құрғанын, Аян есімді ұлы барын өзінен естіп тілдім.
Бірде 2008-2009 жылдары демалысқа келгенде облыстық телеарнаға соғып, Мұхтарды арнайы іздеп бардым. Біраз әңгілеместік. Қолымдағы облыстық газетке жазған мақаламды көріп, бар жұмысын тастай сап, сол кезгі бас редактор Бейсен Тәжібаевқа ертіп апарды.
– Мына жігіт нағыз полковник, өзі журналист. Менің курстасым, газетке мақаласы бар екен – деп кірісіп кеткен сәті есіме оралды. Құқық қорғау саласынан отставкіге шығып, облыстық телеарнаға жұмысқа келген сәтімде де құшақ жая қарсы алған жігіттердің бірі бізден бір курс кейін оқыған Серік Орынбек пен өзімнің курстасым Мұхтар Атабек екеуі болды. Мұхтар телеарнадағы ақсақал журналистер қатарына таяп қалған, жастарға ақылшы, кеңесші дәреже көтерілгенін біліп қуандым. Өзі де жұмысына берілген азамат болды. Кейін мен 31-ші телеарнаға ауыстым. Ол өмірінің ақырғы күніне дейін сол облыстық телевидениеде еңбек етті. Қуанышымызды бөлісіп жүрдік. Бірді-екілі жинақ кітабым жарық көргенде, телеарнаға шақырып, суретке түсіп, құттықтап, артынша-ақ курстастар чатына бөлісіп жататын.
Мұхтар елуге келгенде Шымкентте той жасады. Курстастар бас қостық. Олар Мұхтарды сыйлайтын өңірдегі қалың ел-жұртты көрді. Әріптестерінің ыстық лебіздерін естіді. Ата-анасымен, туыстарымен естелікке суретке түстік. Кейін өзім елуге келгенде, жинақ кітаптың дайындалып жатқанын естіп, алғашқылардың қатарында өзі де естілігін жазып берді. Балаша қуанып, сыйлығын арқалап үйге жүгіре жеткені есімде. Жанында жеңешем бар. Көлігі бұзылып, жолда қалып қойғанын айтып, ақталып, кешірім сұрап әлек. Мен болсам, – Мұха біз ағайындай жақын адамдармыз. Бір-бірімізді сынамаймыз дейтінмін. Шымкенттегі «Теріскей» шағын ауданындағы Серік Орынбектің пәтерінде, Мұхтардың алдымен Самал-2 дегі үйінде, кейін қазіргі Нұртастағы үйінде мерекелерде бас қосып тұрдық. Мұхтардың өз ағасындай болып кеткен созақтық Бағдат ағамыз да оның шаңырағында жиі болатын. Ал аудандарға престур ұйымдастырыла қалса, ол облыстық телеарнадан мен 31 ден барған кездер де аз емес. Кейде түсірілім кезінде, не жиындарда ұшырасып қаламыз.
Қазір ойлап қарасам, Мұхтардың үнемі асығыс жүргенін байқалады. Асығып келетін де, асығыс кететін. Сөйтсек, өмірі өтіп бара жатыр екен ғой. Ермахан Шымкентке келгенде әсіресе Мұхтар ерекше қуанатын. Осындайда ол барынша ашылып, жадырап кететін. Әңгімесін екпіндеп айтып, бір жасап қалатын. Осы көрініс олардың, Ермахан екеуінің егіз қозыдай бірге өскенінен белгі беретін. Өмірден өткені қабырғамызды қайыстырды. КазГУ-ден басталған алғашқы достығымыздан бастап, студенттік шақ, кейінгі қызметтік кезең, елу жасыма орай жарық көрген естелік кітапты екеуміз ұстап түскен сурет, аудандардағы іссапарлар, аймақтардан жасаған Мұхтардың телехабарлары, өзіне ғана тән ерекше әзілдері, бәрі-бәрі көз алдыма орала берді. Сағыныш болар, жуырда бірге түскен суреттерді қарап, жүріс-тұрысын, сөздерін еске алып, оның өзім жайлы жазған кітаптағы естелігін тағы бір оқып шықтым.
Ең соңғы телефонда тілдескеніміз. Оның екпіндей сөйлеген сөздері. Түркістанға барып тұрып, ертесіне жиынға қатыса алмағаны есіме түсті. Бірақ ол Ермаханның шығармашылық кешінен бір күн алдын біраз ортақ таныстарымызбен кешкі аста бірге болған. Солардың айтуынша Мұхтар бұрыңғыдан өзгеше сезімде отырған. Түнгі Түркістанды аралатып, мейлінше ашық-жарқын көңілде жүрген.
Мұхтардың қазасы Ермаханға да ауыр тигенін сеземін. Шымкентке келе қалса, Мұхтардың шаңырағына барып, Құран оқып, дұға бағыштайық деп отырады үнемі. Мұхтар өмірінің ақырғы күндерін өз үйінде, шаңырағында өткерген. Соңғы барғанымызда жары Әлия оның тамаққа тәбеті болмағанын, төсек тартып жатқанын айтты. Мазасы қашып, жаны қиналғанын да естіп-білдік. Аллаға аманатын тапсырған сәтті жылап есіне алды. Баласының шақырған даусынан соң, жүгіріп барғанында Мұхтардың ақтық демі таусылғанын білгенін, екі қолы дұға жасаушының халіндегі күйде өмірден озғанын айтты. Осы көрініс мені қатты тебірентті. Біз адам баласы, пенде болған соң, ашық-жасырын, біліп-білмей күнә жасап қоямыз. Мұхтар да періште емес. Пенде. Екі қолын жайған халде жан тапсырған. Демек Алладан кешірім сұраған жағдайда өмірден озды. Тілін кәлимаға келтіріп, тәубеге келді деген сөз. Алла алдыңнан жарылқап, мына жалғанда біліп-білмей жасаған күнәларыңды кешірсін. Шындығында Алла кешірім беруші. Алдың пейіш, артың кеніш болсын, дос-бауыр.

Ерлан ҚУАНДЫҚ,
курстас досы.