АССАМБЛЕЯНЫҢ КЕЗЕКТІ СЕССИЯСЫНДА ҚАНДАЙ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ?

Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ІІІ сессиясы өтті. «Қоғам бірлігі — Жаңа Қазақстанның негізі» тақырыбымен өткен алқалы жиында ҚХА-ның ХХХІ сессиясында берілген тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында татулық пен қоғамдық келісімді сақтау мемлекеттік саясаттың басты бағыты екенін айрықша атап өтті. Ассамблеяның саяси жүйені реформалау ісіндегі рөлі мен әрі қарай дамыту міндеттерін белгіледі. Қазақстандағы барлық азаматтың құқығы тең. Яғни, кескін-келбетімізге, ұлтымызға, түсімізге қарап бөлінбейді. Еліміздегі түрлі этнос өкілдері қаншама жылдардан бері тату-тәтті өмірі сүріп келеді. Ал, бұл әрбір азаматтың танымына тікелей байланысты. Танымның үш түрі бар: әуелі, өзіңді тану, екінші – қоғамды, мемлекетті, ұлттық құндылықтарды тану, үшінші – әлемді тану» деді Шымкент қаласы әкімінің міндетін атқарушы Шыңғыс Мұқан.
Жиын барысында ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық топ жетекшісінің орынбасары Қ.Анарбаев еліміздегі этнос өкілдерінің татулығын нығайтып, бірлігін бекітудегі мемлекеттік тілдің және «Қазақтану» жобасының маңызына айрықша тоқталып өтті. Сонымен қатар Шымкент қалалық славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Н.Романова ел болашағы озық білімді, толағай тәжірибеге ие ұрпақтың қолында екенін баса айтып, оларды тәрбиелеудегі педагогтардың рөлін айшықтап өтті. «Қазақстан кәсіби медиаторлары мен құқықтық кеңесшілері қауымдастығының» кәсіби медиаторы Н.Нұрханов этномедиация тақырыбын тарқата әңгімеледі. Ал «Достық» білім беру орталығының оқытушысы С.Пак пен «HAN» телеарнасының тілшісі И.Нусратуллаева мемлекеттік тілді білудің маңызды екеніне тоқталды.
Сессияда Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов қалада этномедиацияны дамыту үшін тұрмыстық келіспеушіліктен бастау алып, ұлтараздық сипатқа ие болатын оқиғаларда этномәдени бірлестіктер төрғаларының белсенді болуы керегін алға тартты. Бұдан бөлек, мәселенің мән-жайын білмей жатып әлеуметтік желіде дау тудыратын «белсенділерге» де наразылығын білдірді. Сәйкесінше, сессия төрағасы Шыңғыс Мұқан жиында қаралған мәселелер бойынша бірқатар сала басшыларына тапсырма берді. «Соңғы қоңырау кезінде аралас мектептердің салтанатты жиынына қатыстым. Өкініштісі, өзге тілді сыныпты бітірген оқушының қазақ тілінде екі ауыз сөзді құрай алмайтынына куә болдым. Оқушы қазақ тілі пәнінен қалай қорытынды алды? Қалай сыныптан сыныпқа өтті?! Шымкент қалалық білім басқармасы тарапынан мектептерде мемлекеттік тілді ілгерілету жұмыстарына қатысты кешенді жоспар жасауды тапсырамын» деді ол.