БАҒА ШАРЫҚТАП БАРАДЫ

Теңгенің құнсыздануы көпке оңайға соғып жатқан жоқ. Дүкендердегі негізсіз өскен баға онсыз да кредит екі бүйірінен қысып отырған халықтың қалтасына қол сала бастады.

Жергілікті атқарушы билік қолдан келер барлық шараны атқарып жатыр. Әйтсе де қымбатшылықты толықтай жүгендей алған жоқ. Кей мамандар негізсіз өсіп жатқан бағаның делдалдықпен байланысты екенін алға тартады. Яғни өнім өндіруші мен базардағы сатушының арасында бірнеше делдал бар. Пайданың қызығын міне солар көріп жатыр. Аталған жайтқа қатысты Үкімет қандай шара көрмек?
Елімізде бөлшек сауда бағаларын белгілеудің қолданыстағы әдістемесі қайта қаралуда. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Сенат депутаттары жолдаған сауалға осылай үн қатты. «Қазіргі кезде Сауда және интеграция министрлігімен шекті және шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағаларын белгілеудің қолданыстағы әдістемесін қайта қарау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сәйкес, сауда үстемелерін 10 пайызға дейін төмендетуге қатысты ұсыныс бөлшек сауда желілерінде тауарлардың тапшылығына алып келуі мүмкін. Өйткені кейбір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (көкөністер, сүт өнімдері) тез бұзылатын өнімдер болып табылады. Тиісінше бұл өнімдерді өткізу тиімсіз болуы мүмкін. Бұл ретте, делдалдардың санын қысқарту және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына үстеме бағаны төмендету мақсатында Сауда және интеграция министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп азық-түлік тауарларының баға белгілеуінің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды анықтау бойынша жұмыс жүргізуде» деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.
Ал делдалдық схемаларды тергеуді толық жүргізу мен жүзеге асыру мүмкіндігі жоқ. Өйткені шағын және микро кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий қолданылады. «Осыған байланысты, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Бас прокуратурамен бірлесіп, сауда базарларында әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке баға белгілеу тізбегіндегі артық делдалдардың санын тексеру бөлігінде шағын және микро кәсіпкерлік субъектілерін тексеруді қайта бастау мәселесі пысықталуда. Сондай-ақ қазіргі уақытта Қаржы министрлігі электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесі негізінде қадағаланатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті әкімшілендіруді жетілдіру жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру қағидаларын әзірлеуде, бұл СИМ-ге өндірушіден сауда желілеріне дейінгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын қадағалауға және баға белгілеу тізбегінде артық делдалдарды алып тастауға мүмкіндік береді. Осы шаралар бұдан әрі әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің түпкілікті құнының төмендеуіне алып келуі тиіс», — деді Әлихан Смайылов.
Қош делік, Үкіметтің қолға алған шарасы қашан нәтиже береді? Күн сайын қымбаттап бара жатқан бағаны тұсаулап, қордаланып келе жатқан түйткілді түйіннің шешілуіне жергілікті атқарушы биліктің шамасы келмесі анық болған тәрізді. Бөлшек сауда бағаларын белгілеудің қолданыстағы әдістемесі қайта қаралып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы қалтаға қонымды болғанын күткеннен басқа амал болмай тұр. Көпте қағазбастылыққа салынып, соңы сиырқұйымшақтанып кетпей ме деген күдік те жоқ емес. Анығын уақыт көрсетер…