ҚҰРМЕТТІ АТАҚ КІМДЕРГЕ БЕРІЛДІ?

Шымкентте қала күні әр жылдың 19-маусымында аталып өтетіні белгілі. Бұрын қаланың айтулы күні 25-қазанда қоңыр күзде тойланатын. Бірақ 2018 жылдың маусымында сол кездегі мемлекет басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Шымкентке дербес қала мәртебесі берілген болатын. Бұл тарихи дата сол жылдың 19-маусымына түскен. Осыған орай тарихи шешім шығарылған 19-маусымды Қала күні етіп белгілеу туралы қала әкімінің ұсынысын сол жылдың күзінде мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады. Сөйтіп 2019 жылдан бастап Шымкентте қала күні 19-маусымда атап өтілетін болып шешілді.
Естеріңізде болса, сол жылы «Наурыз» алаңында салтанатты жағдайда аталып өткен мереке барысында барлығы 10 адамға Шымкенттің Құрметті азаматы атағы салтанатты жағдайда табыс етілген еді. Сол азаматтардың қатарында эстрада әншісі Қайрат Нұртаста бар болатын. Бірқатар белсенділер әншіге мұндай құрмет қандай еңбегі үшін көрсетіліп жатқаны туралы сауалды алға тартып, оған мұндай атақтың берілуін қолдай қоймаған еді.
Биыл қала әкімінің ұсынысы бойынша Шымкент қаласы мәслихаты депутаттарының қолдауымен берілетін мұндай атаққа кімдер ие болады? Танысайық…

Осы айда жетінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс бесінші сессиясында мәдениет, білім, денсаулық және сот салаларында еңбегі сіңген 20 азаматқа «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағын беру туралы шешім қабылданды. Олардың ең жасы 48-де болса, жасамысы 84-ке толған.
Сонымен биыл арнайы аллеядағы тақтайшаға Шымкенттің құрметті азаматы ретінде есімі жазылатын азаматтың бірі саналы ғұмырының 35 жылын ет өңдеу комбинатына арнап, қарапайым жұмысшыдан директор лауазымына дейін көтерілген Мұхан Омаров. Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, Әл-Фараби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып табылатын ол 1942 жылы Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында өмірге келген. Саналы ғұмырында ол кісінің еңбектері жоғары бағаланған. Өңіріне «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдары, «Кеңес Одағы саудасының үздігі», «Ауыл шаруашылығы министрлігінің үздігі» төс белгілері тағылғаны соған дәлел. Сонымен қатар ол, Оңтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің «Құрмет грамотасы», Оңтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық қорының алғыс хаттарымен марапатталған.
Отырар ауданында дүниеге келіп, күнгейдің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысқан Савит Рүстемовке де Шымкент қласының құрметті азаматы атағы беріледі. Қазіргі таңда зейнеткер болып табылатын еңбек ардагері түсті металлургия саласында ересен еңбек еткен. Шымкенттегі қорғасын зауыты ұжымының қоғамдық өміріне белсене қатысқаны үшін КСРО және ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен, 2 рет «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» төс белгісімен марапатталған. БЛКЖО (Бүкілодақтық лениндік коммунистік жастар одағы) Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болып, Кеңестер Одағы мен Қазақстан Компартиясының және комсомолының бірнеше съездерінің делегаты болып сайланған.
Құрметтілер тізімінде білім саласында жарты ғасырдан аса уақыт ерен еңбек еткен Сағынғали Әбубәкіров те бар. Шымкент тұрғындарына есімі жақсы таныс Сағынғали Сандыбайұлы қаланың қоғамдық-әлеуметтік, мәдени өміріне белсене араласқан азамат. Ол қаладағы «Қазақ тілі» қоғамының және ономастикалық комиссиясының жұмысына белсене қатысқан. Қалада мемлекеттік тілдегі мектептерді ашу, қандастарымыздың балаларын ана тілінде оқыту проблемаларын көтеріп қана қоймай, олардың өз шешімін табуына да септескен. Мерзімді басылымдар мен журналдарда 3 ғылыми монографиясы, 7 оқу құралы, 6 оқу-әдістемелік нұсқауы мен 100-ден астам ғылыми мақалалары жарық көрген. Америка Құрама Штатының белгілі тарихшысы Марта Оклотт ағылшын тілінде жазған әлемге танымал «Қазақтар» атты үлкен ғылыми монографиялық кітабында С.Әбубәкіровтың ғылыми мақаласындағы деректерді қайнаркөз көз ретінде пайдаланып, сілтеме жасаған. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық универсиетінің деканы, проректоры қызметтерін атқарып жүрген жылдары бокстан Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов, дүбірлі доданың күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков, күрестен әлем чемпионы Шаттық Қажымұқанов, өнер жұлдызы, белгілі эстрада әншісі Алтынай Жорабаевалар және тағы басқа елге белгілі тұлғаларға тәлім берген. Сағынғали Әбубәкіров бүгінгі таңда Шымкент қаласының қоғамдық жұмыстарына белсене араласады. Ол Шымкент қаласының ардагерлер алқасының, ОҚМПУ кәсіподақ комитетінің мүшесі.
Шымкент қаласының білім басқармасының ұсынысымен ардагер ұстаз Паулина Бренерге мәртебелі атақ беріліп отыр. Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде 48 жылдық еңбек өтілі бар Паулина Михайлова 1961 жылдан 2009 жылға дейін М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназияда табан аудармай еңбек еткен. Осы жылдар ішінде жүздеген бала оның тәлімін алды. Оның тәлімін алған шәкірттердің көпшілігі еліміздегі таңдаулы жоғары оқу орындарында білім алған. Сонымен қатар «Болашақ» және басқа да бағдарламалар аясында Америка, Франция, Германия, және т.б шет елдерде білім алып, түрлі салаларда елімізге адал қызмет етуде. Елімізде белгілі дәрігерлер, мұғалімдер, әскери қызметкерлер үшін Паулина Бренер құрметті ұстаз ретінде қадірді. Паулина Михайловнаның танымал шәкірттерінің бірі ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев. Қазіргі уақытта оған гимназия түлегі, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков үлкен қамқорлық көрсетуде.
Сондай-ақ, Шымкенттегі №35 жалпы білім беретін орта мектебінде орыс тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарған Қанымша Түлембаеваға да Шымкент қаласының құрметті азаматы атағы беріліп отыр.
Биыл мемлекеттік қызмет саласында жылдар бойы жұмыс істеп, былтыр Сенат төрінен табылған Нұрлан Бекназаровта Шымкенттің құрметті азаматы атағына ие болмақ. Мемлекеттік қызмет саласында 36 жыл еңбек еткен Нұрлан Құдиярұлы бұған дейін «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Конституциясына 10, 20 жыл», «Астанаға 10, 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20, 25 жыл», «Қазақстан Республикасының мәслихаттарына 20, 25 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталып, «Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрметті депутаты» атағына ие болған.
Бұл атаққа Шымкенттегі «ВИЗиТ алкогольсіз сусындар зауыты» ЖШС-ның бас директоры Вельким Злавдиновқа ие болмақ. Қала күнінде аталған марапатты алатындардың тағы бірі «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-ның кеңесшісі Мелдебек Мырзахметовта бар.
Биыл құрметтілер тізімінде денсаулық сақтау саласының дамуына өзіндік қолтаңба қалдырған екі азамат бар. Олардың бірі зейнеткер, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының хирургиялық пәндер кафедрасының профессоры Оңласбек Құлакеев болса, екіншісі Жандарбек Жұматаев. Еңбек ардагері болып табылатын Жандарбек Жұматаев зейнетте болса да қаладағы онкологиядық диспансерде өзінің тәжірибелік қызметін жалғастырып келеді. Ол Шымкент қаласы тұрғындарының денсаулығын сақтау саласына, оның ішінде хирургияның дамуына көп еңбек сіңірген. Жоғары білікті хирург ретінде көп орталарда мойындалған азаматтың бастамасымен жедел асқазан-ішек қан кету кезінде мамандандырылған көмек көрсету орталығы ұйымдастырылды. Сонымен қатар Ж.Жұматаев барооперационды гипербариялық оксигенация жағдайында хирургиялық көмекті дамыту бастамашысының бірі болды. Өзінің бастамашыл қабілетінің арқасында сол жылдары өңірдегі өлім-жітім көрсеткіші бірнеше пайызға азая түскен. Ол 1994 жылы облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері болып тағайындалып, онкологиялық қызметтегі жаңа реформаларға қол жеткізді. Қысқа мерзімде онкологиялық диспансер «Үздік емдеу мекемесі» ретінде марапатталды. Өзінің көп жылдық хирургиялық тәжірибесі кезінде (51 жыл) Ж.Жұматаев кеуде қуысы, құрсақ қуысы және кіші жамбас органдарында 25 мыңнан астам түрлі ота жасады. «Денсаулық сақтау үздігі» белгісімен, ҚР ДСМ «Құрмет» грамотасымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Шымкент қаласының дамуына қосқан ерекше үлесі үшін» төс белгісімен, «Алтын дәрігер» медалімен марапатталған.
Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында 1981 жылдан бастап бүгінге дейін қызмет етіп келе жатқан Мұқан Шакиров үшінші мегаполистің құрметті азаматы атанады. Актер киелі сахнада М. Әуезовтың «Айман-Шолпан», «Қарагөз», Ғ. Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ақан сері-Ақтоқты», Т. Ахтановтың «Әке мен бала», У. Шекспирдің «Ромео мен Джульетта», «Юлий Цезарь», С. Шаймерденовтың «Марғау үні», Д. Исабековтың «Әпке», И. Сапарбайдың «Сыған серенадасы» және т.б оқылымды шығармалардың желісі бойынша дайындалған қойылымдарда негізгі рөлдерді шебер ойнап, көрерменнің ықыласына бөленіп келеді.
Оқушылар сарайы «Айгөлек» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Райхан Қаланова да мегаполистегі құрметті азаматтар қатарынан көрінеді.
Биыл дін саласы бойынша көптеген шәкірттер тәрбиелеп, халықаралық және республикалық, облыстық, қалалық, аудандық деңгейлерде семинарлар мен дөңгелек үстелдерде дәрістер оқып жүрген «Абдулхамид Қаттани» мешітінің бас имамы Ахметжан Керімбек «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағына ие болып отырған ең жас кандидат ретінде ерекшеленіп отыр.
Ал қаладағы Түркістан-Тәшенов көшелерінің қиылысындағы «Шәмші әлемі», «Жұлдыздар аллеясы» саябағы, «Мега» сауда ойын-сауық кешені, бес жұлдызды «Rixos Khadisha» қонақ үйі, «Нұрсат» м/а, 8000 орындық орталық мешіт кешені, «Мұз сарайы» спорт кешендері сынды ірі-ірі нысандардың жобалау сметалық құжаттарын әзірлеуге қатысқан «Архитектура дизайн – Ш» ЖШС-ның директоры Асқар Әзімбаевқа да «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағы тапсырылады. Сәулет саласындағы ересен еңбектері үшін ол бұған дейін «Құрмет» орденімен, «Қазақстанның құрметті сәулетшісі» төс белгісімен марапатталған.
Шымкент қаласының құрметті азаматы атағы тапсырылатын 20 адамның ішінде жоғарыдағылардан бөлек жеке кәсіпкер Низамхан Сулайманов, қаладағы ТЭЦ-3 жылу электр станциясы іргетасын қалаушыларының бірі зейнеткер Амангелді Ботанов, сот саласының ардагері, саналы ғұмырында 100-ге жуық фемида өкілдерін тәрбиелеген Ақылбек Елшібаев, «Шымкент қаласы прокуратурасының ардагерлер ұйымы» ҚБ төрағасы Амангелді Әлекешев, ішкі істер органдарының құрметті ардагері Әлімжан Ахмадин де бар.
Сонымен қатар құрметтілер тізімінде спорт саласында өзіндік орны бар Бахытжан Жақсықұловтың есімі кездеседі. Ол ұзақ жылдар бойына жаттықтырушы болып, есімі елге жақсы таныс спортшылардың бабын шыңдаған азамат. Ол дайындаған сайыпқырандарды екеуі халықаралық дәрежедегі спорт шебері бол, 22 спорт шебері атанған.
Осы уақытқа дейін бұқаралық спортты дамытуға үлес қосуда жоғары қабілеттілігімен ерекшеленген Бахытжан Ержанұлы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 2011-2015 жылдары Халықаралық Олимпиадалық дәрежедегі төрешісі болса, 2015 жылдың мамырында United World Wrestling Супервайзері (Азия құрылығының төрешілерінің кураторы) атанды. 2012 жылы Лондон қаласында өткен ХХХ Жазғы олимпиадада ойындарында төреші, 2016 жылы Рио-де-Жанейро (Бразилия) қаласында өткен ХХХІ Жазғы олимпиада ойындарында супервайзер болған.
Айта кетейік, ертең 18-маусымда Түркістан сарайында бұл азаматтарға салтанатты жағдайда төсбелгі мен куәлік табысталады.

С.НҰРАЙ.