ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КӨМЕК ҚАДАҒАЛАНЫП БЕРІЛУІ КЕРЕК
Көмек ЕРТАЕВ,
meyirim.kz қайырымдылық
электронды порталының жоба жетекшісі:
Қазақта «қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген сөз бар. Бірақ жәрдемге зәру жанға қысылған кезде берілген көмек, көрсетілген қолдау оған балық емес, сол балықты аулап, қанжығасын майлайтын қармақтай, аяқтан тұруға, өз бағытын табуға ықпал ету мақсатында берілуі тиіс. Бұл үшін қайырымдылық шараларын көрсетуде белгілі бір жүйе, реттілік болу керек. Осы мақсатта Шымкентте meyirim.kz қайырымдылық электронды порталы жұмыс істейді. Біз аталған порталдың жоба жетекшісі Көмек Ертаевпен сөйлесіп, қайырымды қаладағы қайырымдылық шаралары, бұл бағытта олар қалдырып жүрген қолтаңба қандай екені туралы сұрақтар қойып төмендегідей жауаптар алдық.
– Мейірімнің бізде екі бағыты бар. Біріншісі meyirim.kz әлеуметтік порталы. Одан бөлек, meyirim қайырылымдылық қоры бар. Әуелі сайт құрылды. Кейіннен сол сайттың жұмысын көрсету үшін қор құрылды. Мұндай сайт Қазақстан бойынша бізде ғана іске қосылған. Бұл сайттың ерекшелігі не? Бұл жерге біз қаладағы барлық қайырымдылық қорларын тіркейміз. Тиісінше қайырымдылыққа мұқтаж азаматтарды да тіркейміз.
– Көмек сұрап келген кез келген адамды тіркейсіздер ме?
– Бізде бірнеше ерікті жұмыс істейді. Олар көмек сұрап келген адамдардың тұрмысын, тұрып жатқан үйлерін көріп, жағдайларымен танысады. Бұдан бөлек, біз Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығымен тікелей жұмыс істейміз. Орталық арқылы біз сайтта тіркелген қоғамдық қорлардан көмек сұрап барған кез келген адамның мемлекеттен қанша теңге әлеуметтік төлем немесе жәрдемақы алып жатқанын анықтап, оның жәрдемге шынымен мұқтаж немесе мұқтаж емес екенін білуге мүмкіндік аламыз. Осындай жұмыстардың нәтижесінде, оның көмекке шын зәру екеніне көз жеткізсек, біз оны meyirim.kz порталына тіркейміз. Тек өздері келісімін берген жағдайда. Сонымен қатар біздер аудан әкімдіктерімен де жұмыс істейміз. Ол кісілер біздерге өз ауданы бойынша көмекке мұқтаж азаматтардың тізімін береді. Біз тізімдегі азаматтарды еріктілердің көмегімен шын көмекке мұқтаж екенін анықтаймыз.
– Тіркеу не үшін қажет?
– Себебі, қазір кейбір азаматтар мұқтаждықты кәсіп етіп алған. Алақан жаюды күнделікті жұмысы сияқты көретіндер көп екенін жасырып жабудың қажеті жоқ. Кез келген қайырымдылық қордың мақсаты – қайырымға мұқтаж адамдардың санын азайту. Біздегі мақсат қайырымдылыққа мұқтаж адамның әрқашан жұрттан жәрдем сұрауын жою болып табылады. Мұны біз оларға балық емес, қармақ беру арқылы жолға қойғымыз келеді.
– Сіздердің сайттарыңызға бірнеше қайырымдылық қорларды тіркеудің маңызын түсіндіріп өтсеңіз?
– Мәселен, бір кісі кез келген бір қорға барады. Сөйтіп ол жерден киім алады. Сол күні келесі бір қордан барып азық-түлік себетін тағы алады. Нәтижесінде бір күнде қатарынан бірнеше қордан киім, ас-ауқат, ақша сынды көмектер алып кетеді. Негізі осылай ара сияқты бірде саған, бірде маған деген принциптен ада, керісінше орақ сияқты маған, маған дей беретін адамдар кездескен.
Ал біздің порталға тіркелген қайырымдылық қорлар өздеріне келген азаматқа көрсетілетін көмектің мақсатты болуын тексеру үшін сайтқа оның ЖСН тереді. Сол кезде оның соңғы бір ай ішінде қандай қордан, қандай көмек алғаны асты сызылып көрсетіліп тұрады. Бір айта кетерлігі мұндай деректі кез келген адам көре алмайды. Мәлімет тек қана порталға тіркелген қор өкілдеріне ғана қолжетімді. Қазіргі таңда порталда 4 мыңға жуық азамат тіркелген. Тек біз тіркемейміз. Бізге тіркелген қайырымдылық қорлар да тіркейді. Бұл бізге көмектің мақсатты беріліп жатқанын тексеру үшін қажет. Қайырымды болған дұрыс. Бірақ біздің де кейде салқынқанды болуымыз тиіс. Әр сұраған адамға көмек бере берсек, шын мұқтаж адамдар тасада қалып кетуі мүмкін.
– Сіздердің порталдарыңыз арқылы қайырымдылық қорлардың жұмысы жүйеленді ме? Бұдан бөлек Meyirim қайырымдылық қорының қызметі қандай?
– Толықтай жүйеленді деп айта алмаймыз. Бірақ бұрынғыдай бір адамға үстін-үстін берілетін көмектер, мақсатсыз жәрдемдер, азайып келеді. Қазіргі таңда Шымкентте 20-25 қайырымдылық қоры бар. Олардың ішінде бізге тіркелгені 15 ғана. Ал Meyirim қайырымдылық қорының негізгі қызметі бізде әлеуметтік дүкен бар. Мұнда кез келген адам өзіне сыймай қалған, мәнеріне сай келмейтіндіктен мүлдем үстіне келмейтін және тағы басқа себептермен киілмейтін жарамды киімдерін немесе артық заттарын өткізе алады. Соның есебінен бізге көмек сұрап келген мұқтаж адамдар қордың әлеуметтік дүкеніне өткізілген киімдердің арасынан өзіне ұнағанын алып кете алады. Мейірім әлеуметтік дүкеніне азаматтар тек киімдер ғана емес, күнделікті тұрмыста тұтынуға болатын, бірақ өзі қолданбайтын заттарын да (тұрмыстық техника, ыдыстар және т.б ) өткізсе болады.
– Осы дүкенге көмекке мұқтаж азамат келіп, киім емес, азық-түлік себетін сұраса қол ұшын соза аласыздар ма?
– Бізге арагідік қайырымдылық жасауға бел буған азаматтар хабарласады. Бірақ көп емес. Олар өз аттарын жария етпеуді сұрайды. Жуырда сондай жомарт жан 500 мың теңгеге қайырымдылық жасауға ниетті екенін айтты. Ол қаржыға біз 300 адамға азық-түлік себетін тараттық. Бірақ мұндай жағдайлар күнде бола бермейді. Егер азаматтар ас-ауқат сұрап келсе, біз өзге қайырымдылық қорлармен тығыз қарым-қатынаста әрі достық рәуіште жұмыс істейтін мүмкіндігімізді пайдаланып, оларға «мына жақта осыншама адамдар келіп, көмек сұрап отыр. Тексердік. Жәрдемді қажет етеді. Азық-түлік себетін апарып берсеңіздер болады» деген ұсыныспен шыға аламыз.
– Қазіргі таңда meyirim.kz порталының шарапаты көп пе әлде Meyirim қайырымдылық қорының көмегі мол ма?
– Біздің басты бағытымыздың бірі – қайырымдылық қорларымен жұмыс істеу. Біз адамдарға meyirim.kz порталы арқылы тіркелген қорлар арқылы көмек берудеміз. Ал meyirim қайырымдылық қоры бойынша қаржылай демеушілік көрсететін адамдар бар. Олар бізге «мен мұқтаждарға көмектескім келеді. Қайырымдылыққа деп қозғамай отырған ақшам бар еді. Соған не істеуге болады?» деп хат жазып, хабарласады. Бірақ жоғарыда айтқандай көп емес.
– Қазіргі таңда дүкендердің көпшілігінде белгілі бір қайырымдылық қорлардың садақа үшін арнайы пластик жәшіктері болады. Бұдан бөлек қоғамдық көліктерде де еріктілердің науқас сәбилердің емі үшін ақша жинап жүргенін көп көреміз. Осылай жиналған ақшалар мақсатты түрде жаратылады деп ойлайсыз ба?
– Бұл ой мені де мазалайды. Көшеде, автобустарда жүріп, ақша жинайтын балалар жұмысының шынайылығына менде күмән келтіремін. Бұл менің жеке ойым. Себебі секем алатындай бір-екі жағдайларды естігенмін. Бірақ көзбен көрмедім. Мен сізге бір мысал айтайын. Арыс оқиғасы кезінде еріктілік жұмысы күшейді. Сол кезде көп адам Арыстағы ағайынға ақша жинап беретіндерін жарыса айтып, каспи голдқа тіркелген нөмірлерін ұсынды. Оған сенгендер де болды, сенбегендер де болды. Сол сенімді ақтағандар да бар. Жиналған қаржыны жеке басына жаратқандар да кездесті. Біз осындай олқылықты болдырмас үшін адамдар шын мұқтаждар үшін жұмыс істейтін жұмыс істейтін қайырымдылық қорлар туралы тек бір жерден шынайы мәлімет алсын деген ниетпен meyirim.kz сайтын іске қосқанбыз.
Дүкендердегі садақа үшін қойылған жәшіктерге қатысты пікірім екіұшты. Бір жағынан сенуге де болады. Сенбеуге де болады. Ал қоғамдық көліктерде балалардың ота жасауы үшін ақша жинап жүрміз деген жігіттерге сенімім аз. Жалпы мұндай сенімсіздіктен біржола арылу үшін біз Рамазан айының қарсаңында немесе одан кейін meyirim мобильді қосымшасын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл қосымша арқылы біз денсаулық жағдайы және басқа да мәселелер бойынша көмекке, қаржылық қолдауға аса мұқтаж жандарды енгіземіз. Кез келген адам сол қосымша арқылы ондағы азаматтың өз шотына ақша жібере алады.
– Сіздер жұмыс тауып беруге ықпал етесіздер ме?
– Біз жұмыс тауып беруге ықпал етеміз. Бірақ… Жуырда екі адамға жұмыс тауып бердік. Олар жұмысты бір ай істеді. Содан соң шығып кетті. Неге? Себебі өзге қайырымдылық қорлар (meyirim.kz порталына тіркелмеген) ол адамдарға ақшалай, азық-түлік түрінде көмек береді. Содан соң ол кісілер жанын қинамай жәрдем алатын жолды таңдап, жұмысынан шығып кетті.
– Қайырымдылық көмек көрсеткісі келетін азаматтарға қандай ұсыныс айтасыз?
– Кейде ашық ақпарат көздерінен «Пәленше деген азамат мынадай ауылдағы 300 немесе 200 адамға азық түлік себетін үлестірді» деген ақпараттарды көріп, естиміз. Бірақ сол адамның барлығы азық-түлікке мұқтаж ба еді деген сұрақты ешкім талдап, анықтамайды. Біздің порталда көмекке мұқтаж 4000 мыңға жуық азамат бар. Мысал ретінде айтайық, оның ішінде бүгін 500 адам бір айлық азық-түлікпен қамтылса, кеше тағы 500-і киім алған. Ендігі кезекте келген көмекті оларға емес, кезекте тұрған өзгелеріне үлестірсек, көрсеткен көмегіміздің сауабы еселене түседі. Сондықтан да қандай да бір көмек жасамас үшін, шын мұқтаждарды анықтап алуын сұрар едім. Ондай азаматтардың тізімін бізден сұрап, алуға болады.
Сұхбаттасқан С. ИБРАГИМОВА.