ТҮРКІСТАН: 15 МЫҢ ТЕҢГЕ ӨТЕМАҚЫҒА ӨТІНІМ БЕРУ МАМЫРДА БАСТАЛАДЫ

Түркістан облысында төтенше жағдай кезінде коммуналдық қызмет шығыны үшін берілетін 15 мың теңге өтемақыға 385 380 адам қол жеткізетін болады. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 11,5 млрд теңге бөлініп отыр.

 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық Энергетика және тұрғын-үй шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Полатбеков мәлімдеді.

Көмек алу үшін азаматтардан өтінімдерді қабылдау 1-мамырдан басталады. Өтінімдер арнайы құрылған электронды жүйе арқылы және «109» call-орталығымен қабылданатын болады.

Өтемақыны алуға өтінім беру үшін қазіргі таңда арнайы электронды жүйе дайындалуда. Ол жүйе ағымдағы жылдың1- мамырына дейін іске қосылатын болады. Төлемді алу үшін тұтынушы ақпараттық жүйелер немесе call-орталық арқылы жеке сәйкестіндіру нөмірін, әлеуметтік дәрежесін және дербес шот деректерін көрсете отырып, әкімдікке өтінім беруі керек. Облыс бойынша «109» call-орталық байланыс телефоны іске қосылған. Сall-орталық арқылы өтінім беру 1-мамырда басталады.

Әкімдікке ақпараттық жүйе немесе call-орталық арқылы өтінім түскен соң, тұтынушының деректері тексеріледі. Көрсетілген мәліметтер расталған жағдайда әкімдік бес жұмыс күнінен кешіктірмей тұтынушының дербес шотына қаржы жөнелтетін болады. Коммуналдық қызметтер үшін 15 мың теңге өтемақы сәуір, мамыр айлары үшін жүргізілетін болады.

Сонымен қатар, аталған көмекті алуға өтінім беру мамыр-маусым айлары аралығында қабылданады.

Министрлік бекіткен тізбеге сәйкес жәрдемақыны алуға құқығы бар адамдар: 1-2-3 топтағы мүгедектер; Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және қатысушыларына теңестірілген адамдар; мүгедек балаларды тәрбиелеушi отбасылар; көпбалалы отбасылар; ең төмен және аз зейнетақы алатын зейнеткерлер; мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, сондай-ақ ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру не адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау жағдайында қаза тапқан адамдардың отбасылары; атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғыз басты зейнеткерлер болып табылады.

 

Түркістан облысының Өңірлік

коммуникациялар қызметі.