Бюджет бүйірі ұлғайды

Шымкент қаласының алдағы үш жылдағы қазына қаржысы 342 млрд. теңге болып бекітілді. Оның басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталады.

Бұл туралы Шымкент қалалық мәслихатының 58-сессиясында мәлім болды.
Өз кезегінде қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рахымберді Мулкеманов «Қаланың бюджетінің жалпы көлемі 342 млрд. 850 млн.-ды құрап отыр. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 99 млрд.-қа көп. Кіріс көлемі 125 млдр. теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 34 пайызға артып отыр»,-деді.
Кезекті 58-сессияның күн тәртібінде 20 мәселе қаралды. Оның ішінде ең бастысы қаланың 2020-2022 жылдарға арналған бюджеті мен Шымкент қаласының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясының нақтыланып, бекітілуі болды.
Сессия кезінде сөз алған қала әкімі Ерлан Айтаханов республикалық трансферт бюджеті 3 есеге ұлғайғанын айтып, бюджет бүйірінен бөлінген қаржылар қандай мәселелерді шешуге бағытталатынын айтып берді.
Өз сөзінде ол қала тұтқасын ұстағаннан бастап шалғай елді мекендердегі мәселелерді шешуге білек сыбана кірісетіндігі туралы тұрғындарға айтқан сертінен таймайтынын аңғартты. Яғни ол, қаржының басым бөлігі қала орталығынан шалғай орналасқан елді мекендердің проблемалық мәселелерін шешуге бағытталатынын айта келе, «Қаладағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында үш жылдық жоспар әзірленіп, оны жүзеге асыру үшін қаржылық негіздемелер бойынша ҚР Үкіметімен жұмыс жүргізілді. Осының нәтижесінде республикадан бөлінетін қаржы көлемі 3 есеге артып, жалпы бюджет 342 850 млн. теңгеге жетіп отыр. Бұл қаржы биылғы бюджеттен 100 млрд. теңгеге артық. Мемлекет қазынасынан бөлінетін қаржы шалғай аудандардағы өзекті мәселелердің өзегін тарқатудан бөлек, экономикалық дамуға серпін беретін денсаулық сақтау, білім және тұрғын үй, ауыз су, инфрақұрылыммен қамту салаларына бағытталады», — деді Ерлан Қуанышұлы.
Қала басшысының айтуынша келер жылы білім беру саласына 127 222 млн. теңге бөлінеді. Бұл қаржы былтырмен салыстырғанда 48 пайызға артық. Аталған қаржыға 2020 жылы 7020 орынды 12 мектеп салынса, 11 мектеп пен балабақша ғимараты күрделі жөндеуден өткізіледі. Сондай-ақ 134 мектептің материалдық-техникалық базасын жаңарту жоспарланған. Ал денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы 2,2 есеге ұлғайып, 11 419,0 млн. теңгені құрап отыр. Соған сәйкес, 2020 жылдың соңына дейін медицина ұйымдары толығымен компьютермен жабдықталып, келер жылы 32 денсаулық сақтау мекемесі құрал-жабдықтармен қамтылмақ. Қалалық №2 аурухана, №2 перзентхана және «Ана мен бала» орталығының ғимараттары күрделі жөнделеді. Бұдан бөлек, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 100 жедел жәрдем автокөлігі алынып, автоматтандырылған call-орталық іске қосылады. Абаттандыру және тазалық жұмыстары да назардан тыс қалмайды.
Осы және өзге де мәселелер нақтыланған сессияда келер жылы бірнеше нысандардың іргесі қаланып, бой көтеретіні де белгілі болды. Айталық, алдағы жылы Шымкентте «Оқушылар» сарайы салынады. Бұл жұмыс білім беру саласына бағытталған қаржы есебінен атқарылады. Сондай-ақ 4 саябақ салынып, қалаға кіре беріс жолдардың бойы абаттандырылады.
Кезекті 58-ші сессияда мегаполис басшысы қазіргі таңда миллионды қаланың 72 мың тұрғыны суды тасып ішіп отырғанын, тағы 33 мың адам тірішілік нәрін шекті көлемде тұтынып отырғанын жеткізіп, алдағы жылы бұл проблемаға нүкте қойылатынын да қадап айтты.

С. НҰРАЙ.