«ӘНШЕЙІНДЕ АУЫЗ ЖАППАС, ТОЙ ДЕГЕНДЕ ӨЛЕҢ ТАППАС»
Оразгүл Асанғазықызының
сөзін халық қалай қабылдады?
Кешегі жексенбіде «Nur Otan» партиясы Нұр-Сұлтан қаласында митинг өткізді. Шеруге 1500-ден астам адам қатысты. Жетекші партия бұл жиынның мақсатын – елдің іргесіне сызат түсіріп жүрген азаматтардың керітартпа әрекеттеріне жол бермеу, халықты жалған айтақтың жетегіне еруіне тосқауыл қою деп түсіндірді.
Осыған орай партияның белді-белсенді өкілдері бір қауым ел алдына шығып өз ойларын ортаға салды. Сөз сөйлегендердің қатарында ел тірлігіне етене араласып жүрген Бақытжан Ертаев, Бақытбек Смағұл, Оразгүл Асанғазықызы, Бекболат Тілеухан және т.б болды. Олар жиналғандарға ел ішінде бүлінудің қитұрқы әрекеттеріне жол бермей, тұрақтылықты сақтап қалудың маңыздылығы жөнінде келелі пікірлерін ашық айтты.
Өз кезегінде халық алдына шыққан экс-депутат Оразгүл Асанғазықызы «Атам қазақ айтады «Еркек үйдің егесі, әйел үйдің шегесі. Мықты болса егесі, майыспайды шегесі» дейді. Олай болса жігіттер еркек болыңдар, намысты болыңдар. Кешегі Бөгенбай, Қабанбай, Қарасай батырлар сияқты батыр болыңдар. Құдай-ау бір қатынға шамаң келмесе қандай еркексің?! Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған. Әйелдерді көшеге шығарып қойып, үйде жігіттеріміз отырған бұл не деген сұмдық, бұл не деген масқара?!» деп айтып салды.
Жалпы «Nur Otan» партиясының арандатушылыққа бой алдырмай бейбіт заманды сақтап қалу жолында ұйымдастырған бұл митингісінің мақсаты айқын. Бағдары құптарлық-ақ дүние. Бірақ бұрынғы депутаттың яғни, Оразгүл Асанғазықызының еркектерге қарата бұлайша көсілуі қаншалықты қисынды болды? Әлеуметтік желідегі түрлі жазбаларға көз жүгірту арқылы бүгінгінің батыл әрі батыр әйелі деп айтылып жүретін қоғам белсендісінің бұл пікірін жұрт жылы жауып қоя салмаған сияқты. Оған желі қолданушыларының бірі «әйелдер көшеге шықса жоғын жоқтап, ұрпағының күйін күйттеу үшін шығып жатыр» деуі, енді бірі «әйелдер еріккеннен емес, биліктегі әділетсіздік жандарына батқан соң шықты» дегені, келесі бірі «еркегіміз жоқ. Біз қайтейік. Айтыңызшы ал» деп сұрақты көлденең тартуы жарқын мысал болады.
Жалпы жүздеген пікірлердің басым көпшілігі бұл сөзді реніш-рәуіште қабылдаған. Арасында онсызда титықтап жатқан қоғамда еркектерге қарай осындай сөз айту олардың намысына тию деп ұғынғандар да болды. Бірқатар желі қолданушылары мұны әйел емес, ер азамат айтуы қажеттігін қынжыла жеткізді.
Жалпы Оразгүл апамыз бұған дейін де талай мінберлерде сөйлеген. Сонда оның кестелі тілмен жеткізген ойлары жұрт жүрегіне жол тауып жүретін. Бірақ кешегі митингте ол кісінің осындай сөздерді ортаға салуы «әншейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас» деген мақалды тіл ұшына еріксіз оралтты.
Естеріңізде болса жыл басында Астанадағы жалдамалы үйде орын алған өрт салдарынан бүтіндей бір отбасының барлық бес баласы тіл тартпай о дүниеге аттанып кете барған болатын. Содан кейін өңірлерде көп балалы аналар мүшкіл халі туралы наразылық танытып, жергілікті әкімдікке барып, әлеуметтік жағдайларын көтеру туралы талаптарын ашына әрі ашық түрде айтқан. Содан соң Үкімет әлеуметтік жағдайы төмен 100 мыңнан астам отбасының әрбір мүшесіне 21 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындаған еді.
Бұдан бөлек кешегі Арыстағы жарылыс кезінде де Шымкенттегі эвакуациялық орталықтарды уақытша паналаған Арыс қаласының біраз тұрғындары туған жерлеріне қайта оралуға жүрексінетіндерін айтып өзге аудан, қалалардан жер, үй берулерін айтып шеруге шыққан-тын. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов сол кезде митинге шыққан арыстықтармен диалогқа келіп, оларға басу айтқан еді. Жойқын жарылыстың куәсі болып, оқ пен оттың ортасынан үйлерін тастап туған жерінен үдере қашқан арыстықтар алғашында осылай ашуға бой алдырғанмен, кейіннен сабаларына түсіп, биліктің дегенін орындап, келесі күні өз шаңырақтарына оралған. Бұл шеруде де әйелдердің де болғаны барлығына аян.
Өз кезегінде Оразгүл Асанғазықызы әлгіндей сөздер айтуы арқылы «тоңып секірген» төмен етектілерді тілдеп, тіпті күйеулерін оларға қарсы айдап салғандай әсер қалдырды.
А. САТЫБАЛДЫ.