Тәуелсіз еліміздің символы — Алтын адам


Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін
халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту — еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы.

Н.Ә.Назарбаевтың
«Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласынан

Тура отыз жыл бұрын, яғни 1988 жылы бастауыш сыныпты аяқтап, келесі сыныпқа енді қадам басқан оқушы едім. Бір күні мектебімде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінен сабақ беретін анам үйге балаларға арналған жап-жаңа «Ол кім? Бұл не?» атты энциклопедияның кезекті 3-томын әкелді.
Қуана алып көлемді кітап мазмұнымен таныса бастадым. Оның ішінде сақтар туралы мәліметтік анықтаманы зейін қойып оқығанымда, әсіресе, атақты археолог ғалым К.Ақышев жетекшілігіндегі экспедицияның дүниежүзіне жария еткен «Алтын адамның» суреті ерекше есімде қалған еді. Сол кезден бастап төл тарихымызға деген үлкен, танымдық қызығушылығым басталды. Кейін уақыт өте осынау мирас дүниені алғаш көріп зерттеу жұмыстарына қатысқан, ғұмырының соңына дейін ашық аспан астындағы қорық-музей ретіндегі «Есік» жобаларының қоғамдық шырақшысы қызметін атқарған белгілі археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетов ақсақалмен танысып, әлеуметтік желіде болса да хабарласып тұрамын деп ойламаған болатынмын. Мен мұны мақтаныш тұтамын.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 21-қараша күні жарияланған «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласындағы Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт атты бірінші тарауда еліміз үшін ғана емес, әлемдік маңызы зор құндылық болған «Алтын адам» туралы баяндалды. Жалпы алтын – тек дәулеттіліктің ғана емес, сенім мен тұрақтылықтың белгісі болып табылады. Біздің бабаларымыздың алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергендігін байқай отырып, байлығының тасқандығы емес, бүгінгі таңға дейін өзінің әсемдігімен таң қалдыратын өнерінің асқандығын көреміз. Біздің дәуірімізге дейінгі кезеңде өмір сүрген ата-бабаларымыздың түгелдей дерлік алтынмен апталған киіміндегі дүниетаным мен биік өресін айғақтайтын кейбір элементтері мемлекетіміздің рәмізі – Елтаңбада көрініс тапқанының өзі не тұрады..!

«Алтын адам,
Алтын адам…
Адам жоқ!
Алтын қалған жарқыраған.
***
Шежіремді ұрлапты,
Зулапты күн,
Ғасырлардан бір ызың тыңдап тұрмын.
Алтын адам шынымен қазақ болса,
Білген екен құнының қымбаттығын!!!» деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлап өлеңге қосқан «Алтын адам» табылғаннан бері жарты ғасырдай уақыт өтсе де оны зерттеу жұмыстары әлі жалғасып, тұтастай анықтамалық мәні бойынша көңіл аударылатын мәселелердің туындап жүргені бар. 2016 жылы қараша-желтоқсан айларындағы «Мәдени мұра» журналының №6 санында төмендегідей ақпараттық мәлімет жарияланды: «2011 жылдан бастап «Есік» қорық-музейінің ғылыми қызметкерлерінің жоғалып кетті деп есептелетін «алтын адамның» қаңқа сүйегіне қатысты жан-жақты зерттеу жұмыстарын қолға алғаны мәлім. Әуелі әртүрлі құжаттарды індете іздеу арқылы, 2013 жылы ол қаңқа сүйек, біраз жылдар бұрын тарап кеткен «Сотмедсараптау» мекемесінің қоймасындағы қорап ішінде бүлінген және бас сүйегі жоқ күйінде табылып, қорық-музейге қайтарылған болатын.
Бас сүйектің болмауы біраз мүмкіншілікті шектесе де белгілі антрополог ғалымдар Оразақ Смағұлов пен Айнагүл Смағұлова қаңқа сүйектің шамамен 17-20 жастағы ер адамға тиесілі екенін анықтады. 2015 жылдың маусым айында «Есік» қорық-музейіне келген мажарлық антрополог ғалым Андраш Биро да «Алтын адамның» иық және жамбас сүйектерін мұқият қарап, оның 16-18 жастағы бозбаланың сүйегі болуы мүмкін екендігін айтты. Әрі сол жылы ресейлік антрополог ғалым Александра Китова да музейдегі қаңқа сүйек пен 1970 жылғы қазба жұмыстары кезіндегі сол қаңқаны түсірген суреттерге мұқият антропологиялық салыстырулар жасап, оның дәл «Алтын адамның» сүйегі екендігіне тыңғылықты қорытындылар жасады. Оның 15-18 жас аралығындағы бойы 165 см. бозбала екендігі нақтыланды.
Данияның Копенгаген университетінің геогенетика орталығының мамандары да қаңқа сүйекке қызығушылық танытты. Осы орталықтың жас маманы Петер Даамгард 2015-2016 жылдары қаңқаны генетикалық тұрғыда зерттеу үшін сүйек түзілімінің қажетті үлгісін екі рет алып кетті.
«Алтын киімді жауынгер» Алтын және бағалы металдар мемлекеттік музейінде сақтаулы тұрған теңдессіз жәдігер. Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік музейіне барғанымда экспозициядағы осынау баға жетпес асыл мұраның қорғандағы археологиялық ашылу сәтіндегі түсірілген фотосуреттерінің көріністері көпшілік назарына ұсынылып, тарихи дерек болып тұр екен. Бұл – біздің тарих. Ал тарих — ұлттың айнасы екені аян. «Алтын адам» бейнесі азаттық пен Тәуелсіздігіміздің символына айналған.
Отандық тарихтың сырлы парақтары ел келешегі жас буын өкілдерінің бойында патриоттық қасиеттерді дарытады. Осы арқылы өз халқына қызмет етіп, теңіздің тамшысындай болса да үлес қосуды мақсат тұтар әрбір жеке тұлғаның талапты ұмтылысы өркениеттік даму жолы мен жарқын болашаққа жетелей береді.

Алғабек ҚАБЫЛ,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің
«Қазақстан тарихы және қоғамдық
пәндер» кафедрасының докторанты.