Жанарды арбаған табиғи көрініс

 

 

Ақмешітке көбіне дертіне шипа іздеп немесе Жаратқаннан перзент сұрап, құрбандық шалып, ниеттеніп келетін көрінеді. Сондай-ақ ел арасында тіл мен көзден, дуадан құтқаратын мекен ретінде жиі айтылады. Аңызға сенсек, Ақмешіт үңгіріне XII-XV ғасырларда жоңғар шапқыншылығы кезінде он мыңға жуық әскер кіріп, намаз оқыған дейді. Келесі деректе, ертеректе жыланның ордасына айналған үңгірдің иесі айдаһар мен дию пері болған деп те айтылады. Әйтеуір, сыр сақтап жатқан құпия сандық секілді бұл жер.

Киелі мекенде ұзақ жылдар бойы шырақшы болған Асқар Рүстембекұлы демалысқа шығыпты (Аудан әкімдігінің нұсқауымен бұдан былай ондағы қызметкерді шырақшы деп емес, саяхаттаушы деп атауды ұйғарыпты – С. Т.). Қазіргі гид-саяхаттаушысы Әбдіразақ Мәуленов деген азамат. Мамандығы тарихшы-географ. Бір жылдан бері осында қызмет етіп келеді екен. Оған ілесіп, баспалдақпен жоғары көтерілдік. Жылы жел соғып тұр. Үңгірге кіреберістегі орындықта кішкене кідіріп, ентігімізді басып, ішке ендік. …Керемет дерсіз! Аузы аядай ғана болғанмен іші футбол алаңы іспеттес. Тамсанбай қарау мүмкін емес. Аяғымызды аңдап басып, Әбекеңнің әңгімесіне құлағымызды түріп келеміз. «Өзім Ақмешіт ауылында тұрамын. Біраз жылдар болды, осы үңгірдің тастарын алып ғылыми жұмыстар жүргізіп жүрмін. Зерттеп көргенімізде, Неолит дәуірінде қалыптасқаны белгілі болып отыр. Кереметі аз емес. Бұрын мұнда екі бұлақ болған екен. Төменге түскенде оң жақ бөлігінде төрт аттылы адам кіріп шығатын қақпасы да болған. Кейін бітеліп қалған. Киелі мекен болған соң халық жиі келеді. Зиярат етеді. Саяхат жасайды. Бұл жер Жаратқанның тылсым бір әлемі әрі емдік қасиеті бар үңгір», – дейді гид-саяхаттаушы.

Айналаны шолып, асықпай аралап шықтық. Үңгірдің орталық алаңында құстың саңғырығы үйіліп жатыр. Оған бәлкім жүз жылдан астам болған шығар, мүмкін одан да көп. Бірнеше жеміс ағашы бар екен. Жабайы жүзім мен бүлдірген. Жоғарыдан қар еріп, әр жерінен су тамшылап тұр. Кейбір тұсында ерімеген қар суы түу жоғарыда мұз болып қатып қалыпты. Гид мұздан абайлап жүруімізді өтініп, ескертті. Жанымыздағы сапарластарымыз «мұзды қойшы, жоғарыдағы тас құлап кетпес пе екен» дейді бір-біріне үрейленіп. Шынында 40 метрге жуық биіктегі тастар ешқандай тіреусіз тұр. Үңгірдің іші күмбез іспеттес. Ені 60-80 метр, ұзындығы 120 метр екен. Осыдан 60-70 жыл бұрын ұзындығы 200 метр болған екен, 1966 жылғы Ташкенттегі жер сілкіністің әсерінен 120 метрге қысқарып, шөгіпті.