Б.Сейсенов: Кооператив — ауыл шаруашылығын дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың жарқын көрінісі
Елімізде 2015 жылы «Ауыл шаруашылығы коопертивтері туралы» заң қабылданды. Сөйтіп, 2015-2016 жылдары ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен – ірілі-ұсақты шаруашылықтар мен қожалықтардың басын қосқан бір құрылым ауылшаруашылығы копперативтері пайда бола бастады. Қазір олардың саны 600-ден астам. Кооперативтер – ауыл шаруашылығын дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың жарқын көрінісі десек те болады. Осы орайда, ҚР «Атамекен» ҰКП «Агробіліктілік орталығы» ЖШС мал шаруашылығы департаменті директоры Болат Сейсеновті кооперативтердің қазіргі ахуалы мен артықшылықтары туралы әңгімеге тартқан едік.
Ауыл шаруашылығы коопертивтері ауылға қандай өзгеріс әкелді? Олардың болашағы қандай?
Ауылда жұмыс жоқ деп халық қалаға келеді. Алайда, мұнда оларға екі қолға бір жұмыс табыла қоймайды. Оның үстіне тұратын баспана керек. Екінің бірі тұрақты үй жалдап тұра алмайды. Өмір бойы ауылда тұрып келген халыққа қала тіршілігі қолды емес. Сондықтан да, кооператив құру арқылы жергілікті халықты жұмыспен қамтуға жақсы мүмкіндік бар. Бұл қалаға жаппай көшу –урбанизация процесіне тоқтау салады. Бүгінгі таңда ауыл халқын жұмыспен қамтып отырған коопертивтер соның айғағы.
Кооператив құрудың қыр-сырын, тиімділігін халық енді түсініп келеді. Дегенмен, шалғайдағы аймақтарда әлі де қозғалыс жоқ. Сондықтан да, біз жер-жерді аралап, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мәселен, бір шаруаның жері, біреуінің тракторы, ендігі бірінің егінге себетін тұқымы, малы бар десек, олар бірігіп, бір шаруа қожалығын құрады. Трактормен жер жыртып, егін салса, одан түскен өнімді өзара бөліседі. Қалдығын малға қысқы азыққа қамдап, малды семіртіп сатып, тағы пайдаға кенеледі. «Көптің күші көлдей» демекші, көп жұмылған еңбекте өнімі де мол. Сондықтан, кооператив құру — ауыл тұрмысын жақсартып, халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға бағытталған мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамыту саясатының бір көрінісі деп айтуға болады.
«Ауыл шаруашылығы коопертивтері туралы» заң қабылданған 2015 жылдан бері кооперативтерге мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы өнімінің түсіміне, өнімділігіне қарай білгілі бір көлемде субсидия қарастырылған. Яғни, мемлекет шығыстың бір бөлігін өзі өтеп, шаруашылықтың әрі қарай дамуына жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде шаруаның ісін дөңгелетуге жақсы ынталандыру болатыны сөзсіз.
Кооперативтер құру Қазақстанның экспорттық әлеуетін нығайта ма?
Елбасы биылғы Жолдауында шетелге ет экспорттау бойынша жоспар орындалмағанын айтты. 2011-2016 жылдар аралығында 60 мың тонна ет эспорттауымыз керек болатын. Алайда, шетелге небәрі 17 мың тонна ғана өткізілген. Ет экспортының әлеуеті неге төмен? Өйткені, экспортқа шығарылатын еттің сапасы мен малдың жасы алатын ел талаптарына сәйкес келмейді. Міне, сондықтан да, тауардың көлемі ғана емес, сапасы да жоғары болуы тиіс.
Біз күнделікті тұтынатын ауыл шаруашылығы өнімдерін, яғни ішкі нарықтағы өнімдерді ауылдағы жеке шағын шаруашылық иелері әкеліп сататын базар, дүкендерден аламыз. Шаруалар шамасынша ет, сүт өнімдерін сатып күнелтеді. Ал, сыртқы нарыққа шығуға ондай шағын шаруашылық, қожалықтардың шамасы жетпейді. Сол себепті де, еліміздің экспорттық әлеуеті артпай отыр.
Міне, егер осындай шағын кәсіп иелерінің басын қосса, қуатты бір одақ – кооператив шыға келеді. Онда бірлесіп еңбек ететін адам саны да көбейеді, сәйкесінше өндіретін тауарының көлемі де молаяды. Ал, олар мемлекеттік субсидияға ынталанып жұмыс істейтін болса, тауар сапасы да талапқа сай болады. Қазіргі таңда біздің отандық өнімге қызығушылық танытатын мемлекеттер саны көбейіп келеді. Солар арқылы ауылшаруашылық өнімдерін шетелге экспорттауға әбден болады деп ойлаймын
Қазіргі уақытта жұмысы сәтті жүріп тұрған шаруа қожалықтары бар ма?
Жасыратыны жоқ, 600-ден астам кооперативтің бүгінгі таңда 30 пайызының ғана жұмысы жүріп тұр. Мәселен, табанды еңбектің арқасында кәсібі тасыған, жұмысы сәтті жүріп тұрғандар — «Ертіс Агро», Әділет-Ақтоғай, «Жарма-Агро», «Бозамбай-Агро», «Ай-Асыл», «Мерке өнімдері», «Сәт», «Айыртау-Агро», «Қостанай», «Петропавл», «Павлодар», «Ақмола» АӨК және т.б.. Мұнда әрқайсысында 20-дан астам шағын шаруа қожалығы мен шаруашылық біріккен. Көкеніс, егін шаруашылығы және мал шаруашылығымен айналысады. Бір айта кетерлігі, кооператив мүшелері бір құрылымда жұмыс істегенімен, бұрынғыша жеке қосалқы шаруашылық, шаруа қожалығы, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, акционерлік қоғам ретінде қала береді.