«ҚЫРКҮЙЕК» ПЕН «ҚЫРГҮЙЕК» ДАУЫ

жаңа
орфографиялық сөздік дайындалады

Тіл — тек қарым-қатынас құралы емес, мемлекеттің ең басты тұғыры, ұлттың рухани діңгегі. Соңғы кезде қоғамда, тіл білімі мен әдеби ортада қызу талқыға түскен «қыркүйек» пен «қыргүйек» төңірегіндегі пікірталас жай ғана орфографиялық дау емес, жалпы мемлекеттік тілдің бүгінгі қолданыс мәдениетін таразыға салған маңызды құбылысқа айналды. Бұл мәселенің салмағын, тіпті, мемлекеттік аппараттың өзі айқын сезіне бастағаны байқалады.

ҚР вице-президенті Ерлан Қарин бұл тақырыпқа қатысты өз ойын білдіріп, орфографиялық реформа мен жаңа сөздік жасау ісін ұлттық жоба дәрежесіне көтеруді ұсынды. Өйткені қазір қазақ тілі тек көркем әдебиет пен отбасының аясында қалып қойған жоқ, ол ресми кеңсе тіліне, іс қағаздар мен мемлекеттік саясаттың негізгі құралына айналды. Демек әрбір сөздің дұрыс жазылуы мен айтылуы — бүкіл елдегі басқару жүйесінің іркіліссіз, сауатты жұмыс істеуіне тікелей ықпал етеді. Әрине, билік тармақтары қай сөздің қалай жазылатынына нұсқау беріп, тіл ғылымының ішкі заңдылықтарына тікелей араласа алмайды. Бұл — ең алдымен тілші-ғалымдар мен сала мамандарының жұмысы. Алайда мемлекеттің басты міндеті — осы жауапты істің басы-қасында жүрген құрылымдардың жұмысын ұйымдастыру, тиімді үйлестіру және ғылыми ізденістерге серпін беру. Осы мақсатта тіл саясатын жүргізіп отырған жауапты мекеме басшылары мен еліміздің жетекші академик-ғалымдары бас қосып, өзекті мәселе ортаға салынды. Алқалы жиынның түйіндеген басты шешімі — қазақ тілінің мүлде жаңа орфографиялық сөздігін жедел әрі сапалы түрде әзірлеу. Ол үшін білікті ғалымдардан құралған арнайы жұмыс тобы құрылып, олар әзірлеген ғылыми еңбек Мекемеаралық комиссияның қарауына ұсынылатын болды.
Соңғы рет орфографиялық сөздіктің жарық көргеніне де он жылдан астам уақыт өтті. 2013 жылдан бері заман өзгерді, қоғам өзгерді, тілімізге қаншама жаңа терминдер мен ұғымдар енді. Қазіргі қоғамдағы жазу ережелеріне қатысты қызу айтыстар мен түсінбеушіліктердің түп-тамыры да осы уақыт пен сұраныс арасындағы алшақтықта жатыр. Сондықтан бұл істе шектен тыс асығыстыққа бой алдыруға немесе оны бюрократиялық сөзбұйдаға салып созып жүруге де болмайды. Ғылыми негізделген, сауатты да жүйелі жаңа орфографиялық сөздік дайындау — Қазақстан тарихының академикалық көптомдығын жазу сияқты ұлттық жауапкершілікті талап ететін стратегиялық жоба ретінде қолға алынуы тиіс. Бұл — тіл тазалығын сақтап, болашақ ұрпаққа сауатты ана тілін аманаттаудың ең салмақты да батыл қадамы.

О.ҚАСЫМ.