ТАТУ КӨРШІЛІК ҺӘМ ТЕҢ СЕРІКТЕСТІК

Қазақстан мен Ресей президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Астана төрінде тағы бір айтулы жиын өтіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы сан қырлы байланыстардың жаңа парағы ашылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин кеңейтілген құрамда ресми делегация мүшелерінің қатысуымен келіссөздер жүргізіп, екіжақты одақтастық қарым-қатынастардың терең тамырын тағы бір мәрте айғақтады. Бұл дидарласу жай ғана хаттамалық кездесу емес, жаһандық геосаяси құбылыстар белең алған алмағайып заманда екі елдің арасындағы стратегиялық бағыттың айнымастығын көрсететін маңызды басқосу болды.
Қазақстан үшін Ресеймен достық әрі жақын байланыстарды сақтаудың маңызы орасан екенін атап өткен Мемлекет басшысы бүгінгі ынтымақтастықты мемлекетаралық қатынастардың нағыз үлгісі деп бағалады. Қос тараптың шағын құрамда басталған әңгімесі кеңейтілген отырыста жалғасын тауып, екі ел арасында ешқандай шешілмеген түйткілді мәселенің жоқтығы, тек қана ілгерілеу мен оң динамиканың бар екені ашық айтылды. Осы жоғары қарқынды сақтай отырып, тараптар Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Бұл құжат алдағы ұзақмерзімді серіктестіктің берік темірқазығына айналмақ.
Жалпы Астана мен Мәскеу арасындағы экономикалық ықпалдастық өрге жүзіп, өзара тиімді инвестициялық жобалардың көлемі еселеп артып келеді. Бүгінде Ресей Қазақстан экономикасына ең көп қаржы құйған алпауыт инвесторлардың қатарында тұрса, еліміздің де көрші мемлекет нарығына салған инвестициясы 9 миллиард доллардан асып жығылған. Бұл — қос ел президенттерінің әкімшіліктері мен үкімет басшыларының бірлесе атқарған қажырлы еңбегінің нақты жемісі. Көршілер осымен тоқтап қалмай, жалпы құны 53 миллиард долларды құрайтын 177 бірлескен жобаның ірі пулын жасақтап үлгерді, оның ішінде 122 жоба қазірдің өзінде толықтай іске асырылып, өндірістік операциялық кезеңге көшкен. Бұған қоса, дәстүрлі өңіраралық ынтымақтастық форумдары да сауда-саттықты тереңдетіп отыр. Кездесу барысында өндіріс, көлік-логистика, агроөнеркәсіп кешені және заманауи цифрландыру салаларындағы жаңа бастамалар сөз болып, перспективалық бағыттар айқындалды.
Мемлекеттер арасындағы саяси-экономикалық келісімдердің негізі әрдайым мәдени-гуманитарлық байланыстармен бекіп, рухани тамырластықпен берік болады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саланың қос халық үшін орны бөлек екенін айта келе, жуырда ғана елорда төрінде үлкен ықыласпен өткен Ресей күндерін, сондай-ақ Астанадағы «Қазақстан мен Ресей мәңгі достығы аллеясы» мен Мәскеудегі достық скверінің ашылуын маңызды оқиғалар ретінде атап өтті. Алдағы уақытта Астанада жалауы желбірейтін үшінші «Болашақ ойындары» мен дарынды балаларға арналған «Қазақстан – Сириус» білім беру жобасы жастар арасындағы достықтың дәнекері болмақ. Халықаралық аренада да, әсіресе «Орталық Азия – Ресей» форматында қос тарап өте жемісті қимылдап келеді. Владимир Путин де өз кезегінде Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасы тең құқылы және өзара құрметке негізделгенін мәлімдеп, сапар аясында экономика, энергетика, қаржы және жоғары технологиялар саласын қамтитын маңызды құжаттар топтамасы бекітілгенін жеткізді.
Осы тарихи кездесудің қорытындысы бойынша қабылданған келісімдер мен іс-шаралар жоспары екі елдің болашақ даму бағытын толықтай айқындап берді. Ең алдымен, Қазақстан аумағында тұңғыш атом электр станциясын салу жобасы бойынша ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары бекітіліп, бұл алып құрылысты қаржыландыру үшін Қазақстанға мемлекеттік экспорттық несие беру туралы үкіметаралық тарихи келісімге қол қойылды. Мұнымен қатар, білім саласында елімізде «Қазақстан – Сириус» халықаралық мектебі мен орталығын құру уағдаластығы бекісе, Омбы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалында Ресей азаматтарын оқыту шығындарын қаржыландыру мәселесі де оң шешімін тапты. Стратегиялық мұнай саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, қылмыстық кірістерді заңдастыру мен терроризмді қаржыландыруға қарсы бірлесіп әрекет ету, сондай-ақ ұлттық банктер арасындағы валюталық своп туралы екіжақты келісімдер мен өзара ықпалдастық меморандумдары қаржылық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған. Технологиялық тұрғыдан алғанда, 2026-2030 жылдарға арналған ядролық және радиациялық қауіпсіздікті реттеу саласындағы іс-шаралар жоспары, көлік министрліктері мен қос елдің теміржол компаниялары арасындағы жүк тасымалын цифрландыруды дамыту жөніндегі бірлескен қадамдар және денсаулық сақтау саласындағы нақты жоспарлар қабылданды. Бұл ауқымды құжаттар топтамасы Астана мен Мәскеудің тек бүгінгі күнді ғана емес, алдағы онжылдықтардағы ортақ болашақты бірге жоспарлап, тату көршіліктің туын жықпайтынын анық аңғартса керек.
Қ.МОМЫНХАН.




