БАУЫРЛАС ЕЛДЕР БАСШЫЛАРЫ ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИГЕ ТАҒЗЫМ ЕТТІ

Киелі Түркістан төрінде бас қосқан түркі дүниесінің президенттері ұлы бабалар рухына тағзым етіп, бауырластықтың жарқын үлгісін көрсетті. Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми басқосуы аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев күллі ислам әлемінің мақтанышы, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізімінен орын алған теңдессіз жәдігер – Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы зиярат етті.

Мемлекет басшылары адамзаттың ардақтысы, ұлы ойшыл әрі әулие Әзірет Сұлтанның және осынау қасиетті топырақта мәңгілік тыныс тапқан ұлы хандар мен би-шешендердің, батырлардың рухына тағзым жасап, құран бағыштады. XIV ғасырдың соңында айбынды Әмір Темірдің пәрменімен бой көтерген бұл зәулім сәулет өнерінің тарихы мен сыр-сипаты мәртебелі меймандарды тәнті етпей қоймады. Ішкі бөлмелерінің өзі сан түрлі қызмет атқарған 35 бөлмеден тұратын, ішкі биіктігі 39 метр, ал сыртқы еңсесі 41 метрді құрайтын алып кешеннің әр кірпішінен тарихтың үні естілгендей. Бауырлас елдердің басшылары кесененің жүрегі іспетті қабірхананы, орталық залында орналасқан қасиетті тайқазан мен қола лауханы үлкен қызығушылықпен аралап көрді. Ұлысты ұйытқан, бірлік пен берекенің символы болған тайқазанның түбіндегі сырлы жазулар мен бабалар шеберлігі қонақтардың ықыласын аударды.
Зиярат барысында президенттер назарына түркі-ислам мәдениетінің алтын діңгегі болып табылатын сирек кездесетін жәдігерлер — ұлы шайырлар мен ойшылдардың 45 құнды кітабынан тұратын арнайы экспозиция ұсынылды. Мәртебелі меймандар Қожа Ахмет Ясауидің рухты ширатқан «Диуани Хикметіне», Низамидің атақты «Хамсасына», Әлішер Науаидің сырлы ғазалдары мен Бақырғанидың тағылымды шығармаларына үңілді. Шығыстың Шекспирі атанған Фирдоусидің «Шахнамасы», махаббат гимніндей болған Физулидің «Ләйлі мен Мәжнүні», сондай-ақ қырғыз ағайынның айбынды «Манас» жырының көне үзінділері қойылған көрме бауырлас халықтардың рухани тамыры бір, тарихы ортақ екенін тағы бір мәрте паш етті. Әзірет Сұлтан кесенесіне жасалған бұл тағылымды сапар түркі бірлігінің іргесін бекітіп, бауырластық көпірін нығайта түскен тарихи сәтке айналды.