ЖЕТІСАЙДЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚАУЫНДАРЫ РЕСЕЙГЕ ЖӨНЕЛТІЛІП ЖАТЫР

Мырзашөл өңіріндегі тіршіліктің тамыры – диқаншылық. Төрт түлігін түлетіп, жер емген жетісайлық ағайын биыл да қам-қарекетсіз емес. Арналы судың аяғында отырған аудан диқандары биыл 79,2 мың гектар суармалы жердің әр қарысын кәдеге жаратуға білек сыбана кірісіп кетті. Жер бабын тапқан жұрт осынау алқаптың тең жартысына жуығына, яғни 44 мың гектарына ақ алтынның ұрығын септі. Қалған жер де бос жатқан жоқ. 17,1 мың гектарға тіл үйірер бақша өнімі, 7,5 мың гектарға дәндік жүгері, 3,7 мың гектарға көк майса көкөніс пен 6,4 мың гектарға мал азығы – жоңышқа егіліп, дала төсіндегі еңбек көрігі қыза түскен.
Бүгінде Жетісай аспаны астында аптап басталмай жатып-ақ, күннің шуағымен исі бұрқыраған қауынның алғашқы өнімі пісіп үлгерді. Диқанның маңдай тері мен жер-ананың жомарттығы тоғысқан сәтте Мырзашөлдің бал татыған бақшасы нарықты бағындыруға көшті. Осынау берекелі істің басы-қасында жүргендердің бірі – Жетісай ауданының тұрғыны Әл-Фараби Күзенбаев. Талай жылдан бері қара жерді нәсіп етіп, ата кәсіптің нәрін сезінген диқанның биыл да мерейі үстем. Иелігіндегі 300 гектар алқаптың 260 гектарына мақта егіп, қалған 40 гектарын бақшаға арнаған «Әл-Фараби» шаруа қожалығы жылдағы әдетінен жаңылмай, биыл да алғашқы өнімді нарыққа өзгелерден бұрын шығарды.
Қожалық төрағасы биыл қауынның сыртқа тасымалдауға төзімді, дәмі тіл үйіретін «Нұр-Бакинка» сортын таңдапты. Тәжірибелі маман ақпанның ақ түтегінде көшеттерді жылыжайға отырғызып, баптаған еді. Алайда биылғы көктемнің жауын-шашынды, салқын болуы табиғаттың өз заңын көрсетіп, жоспарланған 65 күн емес, 80 күнде барып қауынның түйнегі үзілді. Десе де, диқанның еңбегі еш кетпеді. Енді, міне, қыстан қалған маңдай тердің өтеуі қайтып, бал-қауындар Ресей Федерациясының бас шаһары – Мәскеуге қарай жол тартты. Бағасы да еңбекті ақтарлықтай, егістік басынан ешқандай делдалсыз, тікелей келісіне 650 теңгеден саудаланып жатыр.
Шаруа қожалығының төрағасы Әл-Фараби Күзенбаевтың айтуынша, биыл ауа райының мінезіне байланысты өнім сәл кештеу піскенімен, сұраныс жоғары. Ең бастысы, жергілікті әкімдіктің ағын су каналдарын уақытылы тазалап, реттеп бергенінің арқасында су тапшылығы сезілмеген. Ендігі кезекте шаруалар өнімді егістік басынан делдалдардың қатысуынсыз, тікелей үлкен жүк көліктеріне тиеп, экспортқа жөнелтуде. Жалпы, Жетісайдың бақша өніміне деген ықыласы жылдан-жылға артып келеді. Биыл аудандағы 17,1 мың гектар бақшалықтың 14,2 мың гектарын қауын құраса, 3 мың гектарына қарбыз егілген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда біршама жоғары. Салыстыра кетсек, былтыр 16,9 мың гектар алқаптан диқандар 510 мың тонна өнім жинап, қамбаны толтырған болатын. Биылғы меже бұдан да жоғары болмақ. Осылайша, Мырзашөлдің диқандары ерте көктемнен қара күзге дейін бел жазбай еңбек етіп, ел несібесін еселеп, сыртқы нарықты қазақ даласының өнімдерімен қамтып отыр.




