ЖҮГЕРІНІ ТЕРЕҢ ӨҢДЕЙТІН ІРІ ЗАУЫТ САЛЫНУДА

Түркі дүниесінің рухани бесігі ғана емес, бүгінде еліміздің экономикалық локомотивіне айналған Түркістан облысы индустрияландыру мен агроөнеркәсіпті әртараптандыру жолында соны соқпаққа түсті. Өңірдің өндірістік картасына үңілсек, жай ғана көрсеткіштер емес, елдің ертеңіне қызмет ететін іргелі жобалардың бой көтергенін көреміз. Соның ішінде Шардара ауданындағы индустриалды аймақта іргесі бекіп, қабырғасы қаланған «Казкрахмал» крахмал-сірне зауыты — аймақ экономикасының жаңа драйвері ғана емес, қазақстандық агроиндустрияның халықаралық деңгейдегі брендіне айналуға сұранып тұрған бірегей жоба.

Бұл кәсіпорын шикізатқа телмірген экономикадан қосылған құны жоғары, дайын өнім шығаруға бағытталған жаңа дәуірдің айқын нышаны іспеттес. Бүгінгі таңда зауыттың тынысы ашылып, шикізатты қабылдау, кептіру және сақтау кешендері толыққанды іске қосылды. Мұндағы басты ерекшелік – өндірістік қуаттарды енгізумен қатар, қалдықсыз өңдеу технологиясының қолданылуында. Бұл – әлемдік деңгейдегі «жасыл экономика» принциптеріне толық сай келетін қадам. Зауыт іске қосылғанда крахмал мен сірнеден бастап, тағамдық глюкоза, мальтоза сиропы, жүгері майы мен глютенге дейін 20-дан астам өнім түрін шығарады. Тіпті, мал шаруашылығына қажетті құнарлы кебек пен түйіршіктелген құрамажем де осы жерде дайындалады. Ең бастысы, тұтынушының денсаулығы мен өнім қауіпсіздігіне баса назар аударылып, өндірісте тек генетикалық түрлендірілмеген (ГМО-сыз) таза жүгері пайдаланылатыны көңіл қуантады.
Биыл толық қуатына көшетін бұл өнеркәсіптік алып – жүгеріні терең өңдеу саласындағы Қазақстандағы ең ірі бастамалардың бірі. Жоба толық аяқталғанда кәсіпорын жылына 150 мың тонна өнім өңдеп, 26 түрлі өнім шығаруға қауқарлы болады. Бұл цифрлардың артында үлкен мақсат жатыр. Біз енді шикізатты сыртқа арзанға сатып, дайын өнімді қымбатқа алмаймыз. Керісінше, өз жерімізде өскен дәннен халықаралық стандартқа сай өнім дайындап, қосылған құнды еселейміз. Жалпы инвестиция көлемі 35 миллиард теңгені құрайтын жобаның өнімдері тек ішкі нарықтың қажеттілігін жауып қана қоймай, Азия мен Еуропа нарықтарында бәсекеге түспек. Осылайша, Шардараның топырағында өскен жүгері әлемнің әр түкпіріне қазақстандық маркамен жол тартпақ.
Түркістан облысының инвестиция тартуда республика бойынша көш бастап тұруы кездейсоқтық емес. Бұл – облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жіті бақылауымен жүзеге асып жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі. Өңірдегі индустриалды аймақтар мен «Turan» арнайы экономикалық аймағының әлеуеті инвесторлар үшін қолайлы мекенге айналды. «Казкрахмал» зауыты болашақта өндірістік қуаттылығын 300 мың тоннаға дейін жеткізіп, әлемнің 100-ден астам ірі серіктесімен жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Бұл дегеніңіз — Түркістанның Орталық Азиядағы жүгері өңдеу кластерінің орталығына айналатынын білдіреді.
Әрине, мұндай алпауыт кәсіпорынның жұмысын іркіліссіз қамтамасыз ету үшін мықты шикізат базасы қажет. Осы орайда облыста жүгері егіс алқаптарын ұлғайту бойынша ауқымды істер қолға алынды. Шардарамен қоса, көршілес Жетісай және Мақтаарал аудандарында жаңа алқаптар игеріліп, аграрлық секторды әртараптандыруға басымдық берілуде. Бұл шаруалар үшін де тиімді: олардың өнімін зауыт тікелей қабылдайды, яғни өткізу нарығына қатысты мәселе шешілді деген сөз. Зауыттың ішкі процестерінің 80 пайызы автоматтандырылған, бұл өнім сапасын тұрақты бақылап, шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Халықаралық деңгейдегі мамандардың тәжірибесі мен озық технологиялардың ұштасуы кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін арттыра түспек.
Түйіндей айтқанда, «Казкрахмал» зауыты – тек экономикалық жоба емес, бұл аймақтағы әлеуметтік тұрақтылықтың да кепілі. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы, жергілікті мамандардың жоғары технологиямен жұмыс істеуге машықтануы және ауыл шаруашылығының жаңа қарқын алуы – осының бәрі Түркістан облысының тұрақты дамуына серпін береді. Шардараның құнарлы топырағы мен заманауи өндіріс қуаты біріккенде, Қазақстанның экспорттық әлеуеті жаңа белеске көтерілетіні анық. Бұл – Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі тапсырмасының іс жүзіндегі жарқын көрінісі.