2500 ШАҚЫРЫМҒА ЖУЫҚ ЕЛДІ МЕКЕН КӨШЕЛЕРІ ЖАҢАРДЫ

Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бүгінде жалпыұлттық сипат алып, алыстағы ағайынның ақ алғысына бөленіп отыр. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, демографиялық қуаты зор Түркістан облысында бұл жобаның нәтижелері көңіл қуантады. Төрт қабырғасы түзілген үй мен түзу жолы бар ауыл – мемлекетіміздің тұрақты дамуының негізі. Осы орайда, облыс көлемінде жеті жыл ішінде атқарылған ауқымды жұмыстар мен өңір экономикасына тиген шарапатын саралап көрген едік.

Түркістан облысында 2019 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 136,5 млрд теңге қаржы игеріліп, 1 570 жоба өмірге келді. Бұл жай ғана статистика емес, бұл – миллионнан астам халықтың өмір сүру сапасын түбегейлі өзгерткен шынайы жаңғыру. Инфрақұрылымдық нысандарға келер болсақ, атқарылған істің ауқымы таңғалдырады. Жеті жыл ішінде 2 421,3 шақырым ішкі көшелер орташа жөндеуден өтті. Демек бұрын лайсаңда жаяу жүрген ауыл баласы бүгінде тақтайдай тегіс асфальтпен мектебіне баруда. Бұған қоса, 38 елді мекенге табиғи газ келіп, 49 ауыл сапалы электр қуатымен және жаңартылған жылу жүйелерімен қамтылды. Таза ауыз су мен көгілдір отынның ауылға келуі – өркениеттің нақ өзі.
Жобаның басты басымдықтарының бірі – әлеуметтік нысандарды қатар дамыту. Облыс бойынша 166 әлеуметтік нысан бой көтеріп, пайдалануға берілді. Бұл тізімде руханият ошақтары мен денсаулық сақтау мекемелері көш бастап тұр. Тарқатсақ, 25 жаңа мәдениет үйі салынып, 16-сы күрделі жөндеуден өтті. Ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуі үшін 22 спорт кешені салынды. Стадиондар қайта жаңғыртылып, бұқаралық спортқа серпін берілді. 65 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, таршылық көрген 13 білім ұясына қосымша ғимараттар тұрғызылды. 13 жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт пен 8 күрделі жөндеуден өткен нысан ауыл тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттырды.
Жобаның тағы бір маңызды қыры — әлеуметтік тұрақтылық. Құрылыс және жаңғырту жұмыстары кезінде 11 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бұл — ауылдағы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, жергілікті тұрғындардың табысын арттыруға тікелей ықпал етті. Сарапшылардың пікірінше, инфрақұрылымның жақсаруы ауылдағы кәсіпкерліктің дамуына, салықтық түсімдердің молаюына және ең бастысы, жастардың қалаға ағылмай, туған жерінде қалып, еңбек етуіне негіз болды. Түркістан облысындағы 373 елді мекеннің бүгінгі бейнесі – «Ауыл – Ел бесігі» жобасының табыстылығының нақты айғағы.
Жеті жыл – тарих үшін қысқа мерзім, бірақ Түркістан облысының ауылдары үшін бұл дәуірлік өзгерістер кезеңі болды. 260 жаңа әлеуметтік нысан мен мыңдаған шақырым жол — халықтың билікке деген сенімін нығайтып, ауылдың еңсесін тіктеді.