МАҚТААРАЛДА МАҚТА ЕГУ НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ

Оңтүстіктің диқандары үшін жауапты кезең басталды. Елдің мақта кластерінің негізгі нүктесі саналатын Мақтаарал ауданында көктемгі дала жұмыстары биыл ерекше қарқынмен жүруде. Мұнда дәстүрлі егіншілікпен қатар, өнім көлемін екі есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін озық агротехнологияларға басымдық беріле бастады. Соның ішінде қос жүйек әдісі биылғы науқанның басты жаңалығына айналып отыр.

Биылғы көктемнің жайма-шуақ күндерін тиімді пайдаланған мақтааралдықтар мақта егуді кезең-кезеңімен іске асыруда. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, бүгінде 1494 гектар аумаққа мақта шиті себіліп үлгерді. Жалпы аудандағы 60 мың гектардан астам егістік жердің дайындығы жоғары деңгейде. Қазірдің өзінде 20 мың гектарға жуық алқап тырмаланып, 14 мың гектары шыжылданған. Бұл көрсеткіштер дала жұмыстарының агротехникалық талаптарға сай жүріп жатқанын, диқандардың техника мен шикізаттан еш іркіліс көріп отырмағанын айғақтайды. Ауа райының қолайлылығына байланысты алдағы күндері егіс алқаптарындағы жұмыс бұдан да қыза түспек.
Бұл науқанның ең басты ерекшелігі — инновациялық тәсілдердің өндіріске енуі. А. Қалыбеков ауылдық округіндегі «Қалдан» шаруа қожалығы биыл 40 гектар жерге мақтаны қос жүйек технологиясымен егуді бастады. Бұл әдістің мәні неде? Шаруа қожалық басшысы Асылхан Қасымбековтің айтуынша, қос жүйектің арасы – 6 сантиметр, қатар аралығы – 90 сантиметр. Дәстүрлі әдісте гектарына 25 келі болса, жаңа тәсілде 40 келіге дейін артады. Мамандардың пікірінше, бұл технология тек шит санын көбейту емес, су мен тыңайтқышты ең тиімді деңгейде пайдалануға жол ашады. Ең бастысы, бұл тәсіл өнімділікті екі есеге дейін ұлғайтуға кепілдік береді. Жаңашыл шаруаның бұл тәжірибесіне қазір өңірдегі өзге де диқандар қызығушылық танытып, өзара тәжірибе алмасуда.
Мақтааралдықтар тек ақ алтынға ғана иек артып отырған жоқ. Өңірдегі егіс алқаптарын әртараптандыру саясаты да жүйелі жүзеге асуда. Статистикаға көз жүгіртсек, аудан диқандары мақтаны еге отырып, азық-түлік қауіпсіздігіне де үлес қосуда. Тарқатсақ, бақша дақылдары 4947 гектарға, дәнді-бұршақты дақылдар 640 гектарға, жүгері мен арпа 610 гектарға және қырыққабат – 571 гектарға егілген. Сонымен қатар маш, сүрлемдік жүгері секілді мал азығы мен экспорттық әлеуеті жоғары өнімдер де назардан тыс қалмаған.
Мақтааралдағы көктемгі дала жұмыстарының барысы ауданның аграрлық әлеуетінің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Тек шикізат өндірісімен шектелмей, ғылыми негізделген агротехнологияларды енгізу өнім сапасын арттырып, шаруалардың табысын еселеуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, мұндағы әрбір қадам жерді ұтымды пайдалану мен су үнемдеуге бағытталған. Демек биылғы күзде Мақтаарал диқандарының қырманы астыққа, қоймасы мақтаға толатынына сенім мол.