ҰЛТТЫҚ ҚОРДЫ ҰЛҒАЙТУ УАҚЫТ ӨТКЕН САЙЫН ҚИЫНДАП БАРАДЫ

2024 жылы Ұлттық қорға түсетін тікелей салықтар көлемі күрт төмендеп, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық туындатты. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата мәліметтеріне сүйене отырып, палата мүшесі Нұрлан Нұржанов Мәжіліс отырысында мәлімдеді.
Аудит қорытындысы бойынша, мұнай секторынан Ұлттық қорға тікелей салық аударатын ұйымдардың саны 8,5 есе қысқарған. Бұл – Ұлттық қорға түсетін негізгі кіріс көздерінің әлсірегенін көрсетеді. Мәселен, 2024 жылы тікелей салықтан түскен түсім 2023 жылмен салыстырғанда 16 пайызға азайған, яғни 166 млрд теңге көлеміндегі қаражат Ұлттық қорға түспей қалған. Нұржановтың айтуынша, Ұлттық қор активтері ЖІӨ-нің небәрі 20 пайызын құрап отыр, бұл — соңғы 15 жыл ішіндегі ең төменгі көрсеткіш. Сонымен қатар, қор қаражаты соңғы онжылдықта республикалық бюджеттің орта есеппен 30 пайызын қамтамасыз етіп келген, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 23 пайызға дейін төмендеді. Ел экономикасы үшін күрделі жағдайда Ұлттық қордан республикалық бюджетке аударылған трансферттер көлемі 5,6 трлн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш мемлекет шығындарының Ұлттық қорға тәуелділігін көрсетеді. Дегенмен, қор активтерін басқарудан түскен кіріс 5 трлн теңгені құрап, жағдайды біршама тұрақтандырған. Алайда бұл уақытша жетістік ретінде қарастырылып отыр, себебі кірістің тұрақтылығы мен болашағы жаһандық нарықтағы өзгерістерге тәуелді.
2030 жылға қарай Ұлттық қор активтерін 100 млрд АҚШ долларына жеткізу мақсаты бұлыңғыр күйге түсе бастағаны анық. Тікелей салық түсімдерінің азаюы, мұнай компанияларының қысқаруы және бюджет шығындарының артуы – бұл мақсаттың орындалуына елеулі қауіп төндіріп отыр. Мұндай жағдайда сарапшылар мен депутаттар мұнай-газ секторының ашықтығын арттырып, салық базасын кеңейту, сонымен қатар Ұлттық қор қаражатын тиімді әрі ұзақмерзімді басқару стратегиясын әзірлеу қажеттігін алға тартып отыр. Ұлттық қор – еліміздің қаржылық қауіпсіздігі мен болашақ ұрпақтың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды құрал. Сондықтан қазіргі қалыптасқан жағдай шұғыл әрі нақты реформаларды қажет етеді.