ЗИЯНКЕСТЕРМЕН КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫ КҮШ АЛЫП КЕЛЕДІ

Арыс қаласы мен оған қарасты ауылдық округтерде аса қауіпті марокко шегірткесінің таралуына жол бермеу мақсатында фитосанитарлық шаралар сәуір айының басынан бері үздіксіз жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстарды тиімді ұйымдастыру үшін қала аумағы 22 секторға бөлініп, әрқайсысына жауапты мамандар бекітілген. Жуырда қала әкімі Қайсар Маңқараев әр секторды аралап, үйірлі шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын бақылады. Сектор жауаптыларымен кездесіп, ұсыныстары мен мәселелерін тыңдады.

Өз сөзінде «Басты мақсат – зиянкестер қанаттанбай тұрып оларды залалсыздандыру. Сондықтан арнайы штаб құрылып, өңдеуге қажетті аумақтар нақтыланып, секторларға бөлінді. Қандай да бір қиындық туындаса, дереу штабқа хабарлаңыздар. Барлық қажетті техника мен құралдарды жеткізуге дайынбыз. Ең бастысы – уақытты жоғалтпай, үйлесімді жұмыс жасау» деді қала әкімі. Залалсыздандыру жұмыстарымен айналысып жатқан мамандар шегірткеге қарсы іс-шараларды тоқтаусыз жүргізіп келеді. Олар сәуір айының басынан бері далалық аймақтарда шатыр тігіп, күн-түн демей жұмыс істеп жүр. Себебі зиянкестер таңғы салқында белсенді болатындықтан, мамандар осы уақытта барынша мобильді түрде әрекет етуде.
Айта кетейік, өңдеу жұмыстарына 410 дана бүріккіш аппарат тартылған. Бұған қоса, қала аумағында 3 ұшақ, 100 бүркігіш техника, 21 су тасымалдаушы, жалпы саны 130-дан астам арнайы техника күн сайын дәрілеу жұмыстарына жұмылдырылуда. Аталған жұмыстарға жергілікті шаруа қожалықтары да белсенді түрде атсалысып жатыр. Олар дәрілеу жұмыстарына қажетті суды өз құдықтарынан беріп, техникаларды сумен қамтамасыз етуде үлкен қолдау көрсетуде. Сонымен қатар шегірткелердің таралу ошақтарын дер кезінде анықтау бағытында анықтаушы мамандармен бірлесіп, шұғыл ақпарат жеткізуде де белсенділік танытып отыр. Бұл жұмыстар қаладағы егін шаруашылығы мен жайылымдық жерлердің сақталуы үшін аса маңызды. Сондықтан да барлық тараптар жұмыла әрекет етіп, зиянкестердің таралуына тосқауыл қоюға күш салып отыр.