ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ БІРҚАТАР МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ НҮКТЕСІН ҚОЙДЫ

ақпараттық саясат Сәрсен Құранбекке
ғана қажет пе?
Соңғы уақытта республикалық бұқаралық ақпарат құралдары беттерінен Шымкенттің аты түспей қойды. Әуелі «лайк баспаған қызметкерге қысым көрсетті» деген тақырыппен Жастар ресурстық орталығының басшысына қатысты сын жазылды. Бұл тақырып әлеуметтік желіде кеңінен таралды. Тіпті, ақпараттық сайттардың бірнеше күндік азығына айналды десек, артық айтпаған болар едік. Ақыр аяғында әкімнің суретін қойған материалдар қаптай кеткенде жауапты тұлғалардың ресми мәлімдемесі жарыққа шықты. Артынша қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық қоғамның жағасын ұстатты. Тағы да ресми мәлімет кешігіп жетті. Осы аралықта тақырыпты түрліше талқылай кеткендер табылып жатты. Әлеуметтік желіде тараған суреттерге қарап, адамның қақы мен құқының қайда қалғанын ұқпай біз қалдық.
Қош делік, айқын ақпар, нақты дерек болмаса, дүдамал долбардың тарайтыны анық. Мұны идеологияның, ішкі саясаттың құлағында отырған кадрлар жақсы білуі керек деп ойлаймыз. Сондықтан болар ақпардың артына қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың суреті ілінгенге дейін ресми дерек берілмейді дегенге көзіміз жеткен жоқ. Күттік. Артынша күдік пен екіұшты ойға құрылған постты ғана көзіміз шалды. Ал оқиғаның мән-жайы сәрсенбі күні Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбектің брифингінен кейін ғана белгілі болды. Әуелі Жастар ресурстық орталығының мәселесіне келейік. Бастапқыда жария болған мәліметтерге орай, әлеуметтік желідегі постқа лайк баспағандар қудалауға ұшыраған. Бір сөзбен айтқанда, миллионнан аса халқы бар қаланың бірнеше жүз мыңды құрайтын жасының мәселесін көтеріп, шешуге атсалысуы тиіс орталық мамандары желі күзетіп, лайк санауға мәжбүр болған. Бір қызығы, алдында ауқымды іс, желкесінде жауапкершілік тұрған орталықта лайк баспағандарды санап, санатқа бөлетін, тізіп, түгендейтін мамандар бар. Әйтпегенде аты-жөні кестеге бөлінген хабарлама шықпас еді. Бұдан жастардың қажыр-қайраты телефон тінтіп, пост аңдуға кетіп жатыр ма деген саналы ой келеді. Қош делік, желіде тарап, ақпараттық сайттар саралап болғаннан кейін Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Айгерім Жұмағұлова әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеме жасады. Бұл пост алып-қашпа әңгіменің аяғына нүкте қоюдың орнына, қоғамды ойландырып, екіұшты ойға жетеледі. Мұны бірқатар желі қолданушылары да жазды. Сауалын тастады. Әйткенмен «диалогқа дайынмын» деген басқарма басшысынан жауап болған жоқ.
Біріншіден, Айгерім Әбдіохапқызы «Бұл әрекеттердің жасалу мақсаты түсінікті. Бірақ біз арандатуға ермейміз» деп жазды. Дей тұра орталық басшысының шектен шыққанын мойындады. Мәселенің жөнсіз, жосықсық талаптан туып тұрғаны анық. Ендеше оның басында кім тұр? Логикалық байланысты біз ұқтық, сіз ше? Мұның басы ашық сауал екені айқын. Екіншіден, басқарма басшысы «Бұл – ішкі мәселе, сыртқа шығармай-ақ, сабырмен шешуге болар еді» дегенді де қоса кетті. Сөйте тұра брифинг барысында мұндай оқиғаның бұрын да болғанын, сол сәтте жариясыз-ақ шешілгенін, ал соңғы оқиғада алдына ешкім келмегенін айтты. Мұны есепке алсақ, Жастар орталығында келіспеушілік, ұжымның наразылығы бірінші рет болып тұрған жоқ. Тіпті, басқарма басшысы араласқан оқиғаның өзінде түйткіл толық тарқамаған. Ендеше мамандар белсенділерге шағымданбағанда қайтсін? Үшіншіден, Айгерім Әбдіохапқызы «егер дау маған бағынысты мекемеде, екі адамның арасында, болған болса, оған әкімнің суретінің қандай қатысы бар?» дегенді де алға тартады. Әйткенмен әкімнің суреті жарияланғанға дейін жария қылып, нақты мәліметті бермейді. Сыздықбековтың суреті желіні шарлап кеткеннен кейін ғана арнайы мәлімдеме жасап отыр. Бұл да – көңіл аударуымыз тиіс мәселе. Бір сөзбен айтқанда, оқырманның санасын тұмшалаған сансыз сауалға жауап беретін нақты деректі басқарма басшысы бере алған жоқ. Керісінше, «шоу», «арандату», «мақсаты белгілі» деген сөздермен көптің ойын күпті етті. Мақсатты топ болса, атын атап, түсін түстеуі тиіс еді. «Шоу» болса, ұйымдастырушылары хақында толыққанды мәлімет бергені жөн болар еді. Бірнеше күн бойы дүдамал ойға себепші болған кадрдың бұл әрекетіне Сәрсен Абайұлы былайша баға берді «Мемлекеттік қызметшінің этикасы деген норма бар. Соған орай, әр мемлекеттік қызметші өзінің міндетін білуі, жауапкершілігін сезінуі керек. Бұл мәселе бойынша мемлекеттік қызметшілермен жұмыс істеп жатырмыз. Мемлекеттік қызметші халықтың алдында өзін дұрыс ұстауы керек. Әлеуметтік желіге не жарияласа да, байқап жариялауы керек». Ал мәселеге келсек, ескерту маманның әлеуметтік желіде лайк баспағаны үшін емес, өзінің функционалдық міндеттерін атқармағаны үшін берілген. Мекемеде қазіргі уақытта мониторинг жұмыстары жүргізіліп, орталық қызметі сарапталып жатыр. Ал басшысы жалақысы сақталмайтын еңбек демалысына кеткен. Басқарма басшысы ол азаматтың намысшыл екенін айтып қалды. Әйткенмен ұжымды ұйыстыруға намыстың ғана жетпейтінін сөз етпеді. Бәлкім, сөз еткісі келмеді. Бір сөзбен айтқанда, әкімдіктің ресми өкілі шыққанына аптаға жуықтаған мәселенің нүктесін өзі қойды.
Жиында сөз болған тағы бір ауқымды тақырып – қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық. Бұл мәселе де көптің назарындағы тақырып болып кетті. Оқиғадан саяси астар іздеген, тұрмыстық жанжалға теліген, тіпті, белден төмен әңгімеге апарған азаматтар шығып жатты. Әлі де дәлелсіз, дәйексіз мәліметтер тарап жатыр. Мұнда да жұртшылық әкімдікті кінәлап, ақпар бермегені үшін айыпты етуде. Мемлекеттік қызметші болғандықтан, журналистердің әкімдікке сұрау салуы түсінікті жайт қой. Десе де заңның барын ұмытпағанымыз абзал. Сәрсен Абайұлы да осыны алға тартты. Сөзінше, қылмыс жасалған жерде әкімдіктің өкілеттігі жүрмейді. Сондықтан оқиғаның жай-жапсары турасында қалалық Полиция департаменті дерек беруі керек. Ал қала әкімі орынбасарының денсаулығына қатысты мәліметтерді тиісті сала басқармасы таратады. Бір ғана нәрсе айқын, оқиға болған күні әкім бастаған мемлекеттік қызметшілер ауруханада болып, жағдайды бақылауда ұстаған. Отадан кейін Руслан Арысбекұлының жағдайы турасында нақты мәлімет берілген. Ал өзге деректер — құқық қорғау органдарының еншісіндегі дүние. Әкімдік тергеу амалдарына араласпайды. Сол себепті оқиғаның мән-жайын жергілікті атқарушы биліктен сұраудың жөні жоқ.
Қош делік, бүгінгі заманда ақпараттық саясаттың маңызды рөл атқаратыны айқын. Сондықтан едел-жедел ресми дерек берудің маңызы зор. Бұл тұрғыдан келгенде, үшінші мегаполисте кемшін тұстар барын мойындауымыз керек. Ішкі саясатпен айналысуы тиіс басқарманың өзінің бір ғана мәселемен басы даудан арылмай қалды. Әкімдіктің атынан сөйлеуі тиіс кадрлар көптің ойын тығырыққа тіреп, сан түрлі ойға бастайтын мәлімдемемен жұртшылықтың санасын сенделтті. Аптаға таяу уақытта күллі қазақ даласына тараған ақпардың нүктесін Сәрсен Абайұлы қойып отыр. Осындайда, ақпараттық саясат дәл осы кадрға ғана қажет пе деген ой туады екен…
P.S.
Тарихты тінтір болсақ, әкімнің беделін сырттан сынмен сыбайтын жандар емес, іштегі қабілеті кемшін кадрлар да түсіруі мүмкін екеніне көзіміз жетеді. Сондықтан кадрлық саясатқа келгенде сақтық та керек!
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.