ӨТКЕН ЖЫЛЫ 59 МЛРД ТЕКШЕ МЕТР ГАЗ ӨНДІРІЛДІ

2024 жыл Қазақстанның энергетика саласы үшін табысты кезең болды. Энергетика министрлігінің мәліметінше, жыл қорытындысымен газ өндіру көлемі 59 миллиард текше метрге жетті. Енді 2025 жылға арналған өндіріс жоспары 62,8 миллиард текше метрді құрап отыр. Бұл өсім еліміздің газ секторының тұрақты дамып келе жатқанын және ірі кен орындарының әлеуеті толық іске асырылып жатқанын көрсетеді.

Жуырда Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында осы мәселеге айрықша назар аударылды. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, газ өндірудің негізгі өсімі Қарашығанақ, Теңіз және Қашаған сияқты стратегиялық маңызы бар кен орындарының есебінен жүзеге аспақ. 2024 жылы Қазақстанда тауарлық газ өндіру көлемі 28,7 миллиард текше метрге жетті. 2025 жылы бұл көрсеткіш 29,4 миллиард текше метр болады деп жоспарланып отыр. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 7,3 миллиард текше метр газ өндірілді, бұл — жылдық жоспардың айтарлықтай бөлігінің орындалғанын білдіреді.
Бүгінде ішкі нарық қажеттіліктерін қамтамасыз ету — басты басымдықтардың бірі. 2024 жылы 21,2 миллиард текше метр газ халық пен өндіріс орындарына жеткізілді. 2025 жылы бұл көлем 21,3 миллиард текше метрге жетеді деп болжанып отыр. Сұйытылған мұнай газы өндірісінде де айтарлықтай өсім байқалды. 2024 жылы бұл көрсеткіш 1,7 миллион тоннаны құрады. 2025 жылға арналған жоспар да осы деңгейде сақталып отыр. Үкімет отырысында газ саласын цифрландыру мәселесі қаралды. Бұл бағытта жаңа технологияларды енгізу, өндірістік процестерді оңтайландыру әрі тұтынушылармен кері байланысты күшейту жұмыстары атқарылмақ. Айта кетейік, Қазақстан газ секторы – тек ішкі нарықты ғана емес, сонымен бірге экспорттық әлеуетті де қамтамасыз ететін стратегиялық бағыт.

«Уақыт».