АЛЛЕРГИЯ: АЛҒАШҚЫ КӨМЕКТІ ҚАЛАЙ КӨРСЕТУ КЕРЕК?

Аллергия – бұл ағзадағы тіндердің өзіндік зақымдалуымен жүретін иммунды реакция. Аллергия (грек тілінен аударғанда аllos — басқаша, ergon — іс, жұмыс) — организмнің өз тіндерінің бүліністерімен көрінетін бөтен текті заттарға өзгерген, бұрмаланған түрде жауап қайтаруы. Аллергия туындататын заттарды аллергендер дейді.
Көктем мезгілінде гүлдер мен ағаштардың бүршік ататын кезінде адамдарда маусымдық аллергия көптеп кездеседі. Маусымдық аллергияның белгілері — мұрын бітелуі, мұрынның ағуы, түшкіру, көздің және қабақтың қышуы, көздің қызаруы, тамақтың қышуы, тамақтың, құлақтың қышуы.
Аллергиялық реакцияның ауырлығына байланысты алғашқы көмек көрсету қажет.
1. Жеңіл аллергиялық реакция кезіндегі көмек:
— Аллергенмен байланысын тоқтату (мысалы, егер тағамдық аллергия болса, оны дереу қолдануды тоқтату);
— Тері бөртпесі немесе қышыну болса, суық компресс қолдану;
— Аллергиялық ринит кезінде мұрынды тұзды сумен жуу;
— Аллергияға қарсы дәрі-дәрмек беру қажет.
2. Орташа деңгейдегі аллергиялық реакция кезінде:
— Дем алудың қиындауы байқалса, науқасты таза ауаға шығару немесе терезені ашу;
— Жылы су беру және науқасқа ыңғайлы қалыпта жатуға көмектесу;
— Қан қысымының төмендеуін болдырмау үшін аяқты көтеріп жатқызу;
— Егер көздерде аллергиялық реакция болса, таза сумен жуу немесе арнайы көз тамшыларын қолдану.
3. Анафилактикалық шок кезіндегі шұғыл көмек:
— Бұл өмірге қауіпті жағдай, сондықтан дереу жедел жәрдем шақыру қажет;
— Науқасты арқасына жатқызып, аяғын жоғары көтеру қажет;
— Тыныс алу жолдарын тазарту қажет;
— Аллергияға қарсы дәрі-дәрмек беру қажет;
— Жедел жәрдем келгенге дейін науқастың жағдайын бақылау керек.
Ж.Баймағамбетова,
ҚР ТЖМ «Апаттар медицинасы орталығы» ММ-нің фельдшері.