ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВТЫҢ ШЫМКЕНТ ТІЗГІНІН ҚОЛҒА АЛҒАНЫНА 1 ЖЫЛ БОЛДЫ
әкім берген уәдесін
орындап жатыр ма?
Шымкент қаласы — еліміздегі үш мегаполистің бірі. Халық саны миллионнан асатын шаһардың басшысы былтыр күзде ауысқан болатын. Міне, осылайша Ғабит Сыздықбеков Шымкенттің тізгінін қолға алды. Арада жылдан сәл ғана асатын уақыт өтті. Рас, қатпарлы тарих үшін бұл қас қағым сәт саналады. Тіпті, бүгінгі күннің көзқарасымен қарағанның өзінде үлкен жұмыстарды атқаруға жетілікті емес. Дегенмен үшінші мегаполисте іргелі өзгерістер орын алып келеді. Осы орайда, газетіміздің осы санында соңғы жыл ішінде жүзеге асқан жұмыстар жайын тарқата жазуды жөн санап отырмыз…
Ғабит Әбдімәжитұлы қалаға келгеннен кейін бірнеше басқармада басшы ауысты. Әкім орынбасарларының орнына да жаңа кадрлар келді. Бастапқыда бұл үрісті жұрт жиі сынайтын “командалық көшуге” балағанымыз рас. Әйткенмен уақыт өте келе қалаға кіл мықты мамандардың келгенін аңғардық. Мұны көрсеткіштер қуаттап отыр. Тарқатар болсақ, қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде өсім байқалып отыр. Биылдың 7 айының қорытындысы бойынша Шымкенттің экономикалық өсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,6 пайызды құрады. Жасыратыны жоқ, былтыр да қаламыз көрсеткіштер бойынша еліміздегі ең үздік 6 өңірдің қатарына кіргені бар. Биыл шаһар бұл көрсеткішті жақсартып, үздік үштікті түйіндеді. Бұл ғана емес, жергілікті бюджеттің түсімдері де артқан. Жалпы ағымдағы жылы бюджет шығыстарының көлемі 764 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 107 млрд теңгеге көбейді. Ал бюджет түсімдері 6 млрд теңгеге ұлғайып, 404 млрд теңгеден асып жығылды. Қазіргі уақытта 272 млрд теңге түсіп, жоспар 19,8 пайызға артығымен орындалып отыр. Қазіргі уақытта бюджет көлемінің артуына сай халықтың табысын көбейту тетіктері қаралып жатыр. Нәтижеге келсек, биыл жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын жалақысы төмен 15 мыңға жуық қызметкерге қосымша 50 мың теңге үстемеақы тағайындалып, ең төменгі жалақы 140 мың теңгеге көтерілді. Сонымен қатар биылдан бастап кәсіпкерлікті дамытуға, кеңейтуге, қаржы айналымын ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беру мақсатында бөлшек салық мөлшерін 4 пайыздан 2 пайызға төмендетілді. Осы тұста айта кетерлігі, салық мөлшерін төмендету бастамасын бұған дейін кәсіпкерлер бір емес бірнеше рет көтерген болатын. Өйткені жаһанды жайлаған пандемия кәсіп иелеріне ауқымды зардаптарын әкелді. Шығын көлемі артты. Табыс азайды. Осыны ескерген қазіргі қала басшысы арнайы жұмысшы топ құрып, мәселені терең зерттеп, тиісті шешім қабылдады. Мұның игілігін қазір нәпақасын шағын кәсіптен тауып отырған мыңдаған отбасы көріп отыр десек, артық айтпаған болар едік.
Ғабит Сыздықбеков келгелі шаһарда ірі жобалар қолға алына бастады. Әрине, ол үшін шетелдік әрі отандық бизнес саласының өкілдерімен келіссөздер өтуі тиіс. Инвестициялық жайлы орта қалыптастыру қажет. Бұл тұрғыдан келген, үшінші мегаполистің мүмкіндігі мол. Қазіргі таңда қала аумағындағы арнайы экономикалық аймақтар мен индустриалды аймақтарда көптеген жобалар жүзеге асып жатыр. Оның қатарында тың бастамалар да баршылық. Мәселен, түріктің «Alarko Holding» компаниясы алдағы уақытта қала аумағында 600 гектарды құрайтын жылыжай кешенін іске қосады. Бірінші кезең аяқталғанда 1700-ден астам адам дәл осы жылыжай арқылы жұмыспен қамтылса, жоба толық аяқталғаннан кейін жұмыс орны 5 мыңға дейін көбейеді. Инвестициялық жобаның құны — 650 млн АҚШ доллары. Бүгінде қала аумағындағы индустриалды аймақтарда Түркия, Өзбекстан, Оңтүстік Корея сынды елдерден келген инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 520 млн АҚШ долларына жуықтайтын жалпы 289 жоба жүзеге асып жатыр. Әрине, мұның баршасы болашақта жергілікті бюджеттің толуына ықпал етері анық. Қала берді, жаңа 8,5 мыңнан аса жұмыс орнының құрылуына да себеп болмақ.
Қазіргі қала басшысының тағы бір ауыз толтырып айтар жетістігі – жемқорлықпен күрес. Бұған дейін шаһар басшысы мемлекеттің мүлкіне, бұқараның мүддесіне қарама-қарсы жұмыс істейтін шенеуніктерді аямайтынын аңғартқан. Бүгінде жалғанды жалпағынан басып, қара бастың қамын күйттегендердің бірқатары темір торға тоғытылды. Бұл ғана емес, тәуелсіздік жылдары ішінде сан түрлі жолмен жекенің меншігіне айналған нысандардың тарихы жіті қарала бастады. Олардың қатарына «Қиял әлемі» технопаркі, «Кең баба» саябағы, Мұз сарайы, қаладағы су тарту мен бұру жұмыстарына жауапты кәсіпорынды жатқызуға болады. Бұдан бөлек, сұрықсыз қалпымен қаланың көркіне нұқсан келтірген Фосфоршылар сарайы мен балалар темір жолы да жаңа кейіпке еніп келеді. Қуантарлығы сол, бірқатар өзекті мәселелерді шешуде қала бюджетінен тиын да бөлінген жоқ. Ғабит Сыздықбековтың бастамасымен кәсіпкерлер атсалысып, қоғамның игілігіне қызмет етіп жатыр. Әрине, мұның өзі Ақорда сеніп артып, күнгейге жіберген кадрдың ұйымдастырушылық қабілетін айшықтайды.
Бір ерекшелігі, шаһар басшысы талай жылдан бері қанша әкім ауысса да, қызметі тұсында ауыз сала алмай келген ауқымды мәселелерді табан астында шешіп, көптің құрметіне ие болуда. Бүгінде қала әкімі бұқараның базынасын кабинеттегі жайлы орында отырып шешуге тырыспайды. Керісінше, шағынаудандар мен елді мекендерге арнайы ат басын бұрып, әлеуметтің ортасында жүріп, мәселені көзімен көреді. Тиісті тапсырмаларды да береді. Артынша талай жылдан бері толғағы келсе де, шешілмей жатқан түйіндер әп-сәтте шешіліп шыға келеді. Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіздік жылдары ішінде сең болып қатқан бюрократиялық жүйенің шеті сетінеп келеді. Әрине, мұның баршасы небәрі 1 жыл ішінде жүзеге асқан жұмыс екенін ұмытпауымыз керек. Ғабит Әбдімәжитұлы қала тізгінін қолға алған тұста журналистер қойған жемқорлық жайындағы сауалға «Жүйе болып кеткен ғой, жүйені бұзуға тырысамыз» деп жауап берген еді. Мұнысын уәде ретінде қабылдағанымыз анық. Арада жылдан аса уақыт өтті. Аңғарғанымыз, әкім — жел сөздің емес, нақты істің адамы. Мұны нәтижелер көрсетіп отыр…
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.