ҚҰМАР ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЗАРДАПТАРЫ ТУРАСЫНДА АЛҚАЛЫ ЖИЫН ӨТТІ

Лудомания адамзатты шыңырау құдыққа батырып бара жатқан ғаламдық мәселеге айналды. Оған қазақ қоғамын да қосуға болады. Әбден тығырыққа тірелген лудомандар суицидке жиі барады, құқық бұзып, қылмыс жасайды және отбасының шырқын бұзады. Сондықтан мұндай әлеуметтік мәселелердің алдын алудың маңызы зор. Осы орайда, бұл бағыттағы жұмыстардың Түркістан облысына қарасты аудандарда белсенді жүргізіліп келе жатқаны белгілі.

Мәселен, 29 сәуір күні Сауран ауданы білім бөліміне қарасты Мәншүк Мәметова атындағы жалпы білім беретін мектебінде жоғары сынып оқушыларымен арнайы жиын өтті. Оған Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы Құлымбетов Мұстафа Қалжанұлы, Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сауран аудандық филиалының маманы Оспанов Нұрсұлтан, Сауран ауданының Ақсақалдар мен билер алқасының мүшесі Ибрагимов Суннатулла, Сауран АПБ ЖПҚ ЮПТ УПИ , мектеп инспекторы Талғат Ахметұлы, мектеп директоры А.Алдиярова, ДТІЖО С.Юлдашева, педагог-психологтар Л.Маматкаримова, С.Кенжаева қатысты. Шарада қазіргі жастарды құрығына ілген құмар ойындары тақырыбы сөз болды.
Спикерлердің сөзінше, көбінесе ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін адамдар ақша тігу, материалдық затты ойнату арқылы тәуекел етіп, ақшалы болуға мән береді. Соның салдарынан адамда психологиялық бейімділік, психопатия, аддиктивті мінез-құлық қалыптасады. Құмар ойынның түрі көп. Мәселен, лотореяға бинго, джекпот жатса, гэмблингке ойын автоматы, беттингке спорт жарысына бәс тігу жатады. Карта ойындары – покер, блэкджэк, баккора, казино ойындары – рулетка, бинго, колесо, фортуна және тағы басқасына қызығатындар көп. Құмар ойынға орташа тәуелділік жасы – 17-38 жас. Дәл осы жастағы азаматтар елдің өсіп-өркендеуіне қосатын үлесі жоғары екенін ескерсек, бұл қоғам үшін қауіпті үдеріс екені анық. Ойынға тәуелділік кезінде тұлғаның даму процесінде физикалық, рухани, әлеуметтік тұрғыда құлдырап, өз ортасынан алшақтауы байқалады. Сондықтан да мұндай түсіндірме жұмыстарының маңызы айрықша.