ЖАТ ҚЫЛЫҚТАН ЖИРЕНГЕН ЖӨН
оқушыларға құнды кеңестер айтылды
Бүгінде әлеуметтік желі мен интернеттің торына шырмалған жастар көп. Әсіресе, оқушылар бос уақытының көп бөлігін жоғарыда атап өткен платформаларда өткізеді. Сондықтан бұл мәселемен күресудің маңызы зор. Өйткені интернет пен әлеуметтік желіде соңғы уақытта санаға жат, құндылықтарға қайшы әрекеттер мен түрлі қылмысқа бастайтын істер насихатталып келеді.
Ал танымы толық қалыптаспаған оқушылар олардың шырмауына түсіп, болашағына балта шабуда. Жасыратыны жоқ, біраз жас қазіргі уақытта қоғамдық дертке айналған лудоманиямен дәл сол интернет арқылы танысты. Онлайн өмірге еліткендердің дені бүгінде өздерінің қауіпті ауруға шалдыққандарын білмейді де.
Иә, айтып отырғанымыз рас. Бүгінде жаһандық ғалымдар құмар ойынға деген тәуелділікті психологиялық аурулардың қатарына жатқызады. Сондықтан кеселді әрекеттен аулақ болуға барымызды салғанымыз жөн. Бұл тақырып турасында сөз қозғалғанда, Түркістан өңірінде атқарылып жатқан игі істерді айналып өте алмасымыз анық. Мәселен, жуырда Мақтаарал ауданының білім бөліміне қарасты «№15 Мақтажан жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 9-11 сынып оқушыларымен кездесу өтті. Онда полиция аға лейтенанты О.Айдаров және ДТІЖО М.Азмидинов құқықбұзушылық пен зорлық-зомбылық, көктемгі мезгілде суға шомылудың алдын алу мен қауіптілігі бойынша айтты. Сонымен бірге жол жүру ережелерін сақтау, интернеттегі қауіпсіздік, мектеп формасына қойылатын талаптар туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жиында тағы бір қозғалған өзекті тақырып – лудомания. Бастапқыда ойынқұмарлықпен басталатын түйткілдің соңы түрлі келеңсіз оқиғаларға ұрындыруы мүмкін. Бұл оқушылардың жан-жақты дамуына кері әсерін тигізіп қана қоймай, болашақта түрлі жат қылықтарға әуес болып, қылмысқа баруына да ықпал етуі мүмкін. Осы және өзге де тың ақпараттармен бөліскен спикерлер оқушылардың көкейіндегі сауалдарына жауап беріп, ойларын тыңдады.
Айта кету керек, Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, қазіргі таңда жасөспірімдер арасында лудомания дертімен емделіп жатқандар тіркелмеген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, лудомания бұл — аурудың түрі және онымен күресудің 2 профилактикалық деңгейі бар. Бірінші деңгей – жасөспірімдердің осы дертке ұшырамауының алдын алу, түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Екінші – осындай тәуелділікке барған балалармен психологиялық жұмыстарды жалғастыру. Білім жүйесі бүгінде бірінші деңгейдегі профилактиканы жоғары деңгейде жүзеге асырып отыр. Оны жоғарыдағы мысалдан айқын көруге болады.